Белгілі болғанындай, елімізде әскери билеттердің қағаз нұсқасынан бас тарту, оларды тек соғыс жағдайында ғана беру қарастырылып жатыр. Қалған уақытта әскери билет жергілікті әскери комиссариатта сақталады. Ал әскери міндеттілігі туралы хабарлама «электронды Үкімет» порталындағы азаматтардың жеке кабинетіне жіберіледі.
– Ұсыныс жүзеге асырылған жағдайда азаматтардан бұдан былай әскери билеттің түпнұсқасы талап етілмейді. Бұл қадам бюджеттік шығындарды 100% үнемдеуге мүмкіндік береді. Қажетті деректердің бәрін eGov.kz порталы арқылы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесінен алуға болады. Сондай-ақ азаматтар тұрғылықты жерін ауыстырған кезде оларды әскери есепке автоматты түрде қоюды ұсынамыз. Тіркеу кезінде ақпарат бірден біздің дерекқорымызға түседі де, біз сол мезетте әскери есепке аламыз. Ол үшін енді азаматтарға әскери комиссариатқа барудың да қажеті жоқ! Жалпы, 16 мемлекеттік қызмет түрін автоматтандырмақпыз, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.
Сонымен қатар бірқатар мемқызметті композиттік тәсілмен, яғни «бір өтініш – мемлекеттік қызметтер кешені» қағидаты бойынша көрсету көзделуде. Осылайша, азамат өзін әскери есепке қоюды өтінген кезінде оған автоматты түрде «запастағы офицерлерге, сержанттарға, сарбаздарға әскери билет немесе олардың телнұсқасын (әскери билеттің орнына уақытша куәлік) беру» мемлекеттік қызметін көрсету туралы хабарлама жолданады.
Сондай-ақ отырыс барысында автокөлік құралдарын тіркеу, кепілді тіркеу және жүргізуші куәлігін беру саласындағы мемқызметтерді автоматтандыруға қатысты мәселелер талқыланды. Бүгінде бұл қызметтер порталда қолжетімді. Бұған қоса, аталған қызметтің түрлерін көбейту, сол арқылы оларды алу тәртібін жеңілдету ұсынылды.
– Бұл мәселе біз үшін өзекті. Мемлекет басшысы алдымызға мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы отырыста қаралған ұсыныстар Президент тапсырмасын іске асырудың шарасына айналады. Техникалық тұрғыдан біз бұған дайынбыз! Біздің ендігі ортақ міндетіміз – барлық бизнес-процестерді бірлесіп пысықтау және осы бағытта жұмысты бастау, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин.