Герман Николаевичтің айтуынша, киелі Ескелді жерінде Нам әулетінің төртінші ұрпағы еңбек етіп келеді. Қазір көкөністер өсіп жатқан егістіктерде кезінде оның аталары мен әке-шешесі еңбек етсе, қазір оның балалары мен немерелері жұмыс істейді. «Ауыл шаруашылығы саласында қалтқысыз еңбек ету тағдырымызға жазылған», – дейді шаруақор азамат.
Герман Нам 1964 жылы Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ кентінде дүниеге келген. Красноярск ауылшаруашылық институтын «агроном» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін туған жерге оралып, колхозда еңбек жолын бастайды. Кеңес Одағының күйреу кезеңі, посткеңестік кезең, тәуелсіз Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің қалыптасуы мен алға басуы сияқты ауыл шаруашылығы саласының барлық даму кезеңдерін елмен бірге басынан өткерді. Жан-жақты мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерлердің күш-жігерінің арқасында Жетісу жерінің аграрлық аймақ ретінде жанданғанының басы-қасында жүрді. Жеке шаруа қожалығын 2002 жылы құрды. Қазір фермердің бірнеше жүздеген гектар егістік алқабы бар. Алайда алғашқы жылы дақылдар 37 гектарға ғана себілген еді.
«Алғашқы жылы біз қант қызылшасын, картоп пен пиязды сеуіп көрдік. Ол уақыттағы жағдай мәз емес еді. Бізде жерден басқа ештеңе болған жоқ. Қазіргідей жоғары сапалы тұқымдар, гербицидтер мен тыңайтқыштар табылмайтын. Техниканың бәрі ескі. Тракторлар, комбайндар сатып алу керек болды. Осылайша, техниканы тірнектеп жинадық», – дейді фермер.
Бес жыл бұрын бірнеше шаруа қожалығымен «Қарабұлақ» сервистік-дайындау орталығына (СДО) бірікті. СДО «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы қаржы лизингі бойынша заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Мемлекет көмегімен берілген «ақылды» техника фермерлердің жұмысын едәуір жеңілдеткен. Мәселен, 12 қатарлы Optima Tandem сепкіші қызылша, соя және жүгері егуге арналған. Тұқымдарды жерге оңтайлы қондырып, кез келген ауа райы мен жағдайда жұмыс істейді. Ал егістікті пестицидтермен өңдеу барысында шаруа германиялық SCHMOTZER кәсіпорнынан шыққан «Комби-4» қатараралық өңдеу қопсытқышын қолданады. Культиватор бір уақытта төрт қатарға өңдеу жүргізеді. Тәтті түбір RL 200 SF қызылша тазалағыш-тиегіші арқылы жиналады. Ауыл шаруашылығы саласында бұл техниканы Германиядан шыққан ең жылдам «тышқан» деп атайды екен. Оның себебі санаулы минуттарда оған 25 тонна қызылша тиеледі. Ал бір сағат ішінде 350 тонна өнім жинауға қауқарлы. Қызылшамен бірге түскен бөгде заттар, топырақ, қиыршық тастар автоматты реверсивті құрылғының көмегімен оңай және тез тазаланады. Соның арқасында шаруалардың шығындары бірнеше есеге азайып, дақылдардың өнімділігі артқан.
«О баста қант қызылшасын өсіруді шамамен 5-10 гектардан бастадық. Сол тұста әр гектардан 300-400 центнерден алынды. Егістік көлемі ұлғайтылды. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы өнімділігі жоғары тұқым алып, соның арқасында өнімділік гектарына 500-700 центнерге дейін өсті. Жекелеген учаскелерде қант қызылшасының өнімділігі гектарына 900 центнерге жетті», – дейді Герман Нам.
Қазір «Қарабұлақ» СДО қызылша алқаптарында «Жетісу» ӘКК арқылы алынған жоғары өнімді тұқымдарды пайдаланады. Биыл құрғақшылыққа қарамастан, фермерлер жақсы өнім алуға үміттеніп отыр.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы