2011 жылы Асаубаевтарға қазақстандық алтын өндіруші компанияларды басқара отырып, активтерді оффшорлық компаниялар арқылы шетелге шығарды деген айып тағылған. Бірақ іс бейбіт жолмен шешілген-ді. Сарапшылардың пікірінше, Асаубаевтар бизнесінің БЖЗҚ алдындағы жалпы қарызы қазіргі уақытта шамамен 300 миллион долларға жеткен.
Яхтадағы жолаушылардың дені күні бойы құтқару базасында болып, содан кейін полиция бөлімінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беруге мәжбүр болған. Өрттің шығу себебін анықтау үшін құқық қорғаушылар оларды біраз қыспаққа алса керек. Өртенген яхтада болған қазақстандық жолаушылардың барлығы қазір Италияда. Шамасы, полиция тарапынан тергеуге байланысты олардың шекарадан шығуына шектеу қойылған.
50 метрлік Lady MM яхтасын 2003 жылы ISA Yachts компаниясы шығарған және соңғы рет 2013 жылы қайта жаңартылған екен. Интерьерін Джанет Леро, ал сыртқы дизайнын архитектор Вальтер Франкини әзірлеген. Lady MM яхтасының 5 түрлі каютасы (мастер-люкс, VIP-каюта және үш екі орындық каюта) бар және соған 10 қонақ пен экипаждың 9 мүшесі сыюы мүмкін.
Boat International порталының мәліметінше, ол 2017 жылы сатылған. Бұрынғы иесі бұл яхтаны алғашқыда 8,5 миллион евроға бағалаған.
А.ҚОНЫС