Елорда әкімі Алтай Көлгінов астаналықтарға әлеуметтік пәтер кілтін табыстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жаңа тұрғын үй кешенінде 250 пәтер бар. Олар тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары мен кезекте тұрғандарға берілген.
Бүгін барлығымыз үшін маңызды күн. Ата Заңымыздың 25 жылдығы - Конституция күні қарсаңында өз пәтерлеріңіздің кілтін алып жатырсыздар. Құрылыс саласында қол жетімді тұрғын үй салу өте маңызды. Елбасы қабылдаған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жыл сайын мыңдаған отбасы көптен күткен баспаналарын алады", - деді қала әкімі.
Сондай-ақ, Алтай Көлгінов биыл қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі үш есе өсіп, 8 мың пәтер пайдалануға берілетінін атап өтті. Бұл үйлер де кезек бойынша беріледі.
"Әлеуметтік тұрғын үй әлеуметтік осал санатқа арналған. Бұл ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған аналар, жетім балалар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері, көпбалалы отбасылар және тағы басқа. Келесі аптаның соңында тағы мың әлеуметтік пәтерді табыстаймыз.
Сонымен қатар, біз "Қазақстандық ипотекалық компаниямен" бірге қол жетімді баспана алушылар санатын кеңейттік. Осы бағдарлама бойынша әлеуметтік қызметкерлер, медицина қызметкерлері, мұғалімдер, полицейлер, мәдениет және спорт қызметкерлері пәтер алуға өтініш бере алады. Аптап ыстыққа, жаңбыр мен аязға қарамай жұмыс жасайтын құрылысшыларымызға ерекше алғыс айтамыз. Әрқайсыңызға амандық, денсаулық және табыс тілеймін. Қоныс тойларыңыз құтты болсын!" - деді Алтай Көлгінов.