Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция күнімен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев  Конституция күнімен құттықтады
фото: ашық дереккөз
397
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциясы күніне орай құттықтау жолдады, деп хабарлайды Ақорда. Құрметті отандастар! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын! Осыдан 25 жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қазіргі Ата заңымыз қабылданды. Бұл қадам тереңнен тамыр тартатын мемлекеттігімізді тың өріске бастап, Қазақстан Республикасының күрделі геосаяси жағдайдағы дамуының даңғыл жолын айқындады. Конституциямызда белгіленген адам құқығы мен бостандығы, саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылым қағидаттары әділетті қоғам мен қуатты мемлекеттің айнымас тұғырына айналды. Халық билігі, теңдік, бірлік, заң үстемдігі сияқты қастерлі ұстанымдар мызғымас ұстын ретінде қалыптасып, Қазақстанның келешектегі жан-жақты даму бағдарының мазмұнын айшықтай түсті. Ата заңымыз уақыт рухына және азаматтарымыздың талап-тілегіне сай келеді. Сондай-ақ, оның жасампаздық әлеуеті саяси жүйе мен әлеуметтік-экономикалық қатынастарды одан әрі жетілдіруге бағытталған. Біз мемлекеттің берік конституциялық негізіне сүйене отырып, елдегі келісім мен саяси тұрақтылықты сақтаймыз және азаматтық қоғаммен сындарлы байланысты жалғастыра береміз. Қазіргі қиындықтарды бірге еңсеріп, көздеген мақсатымызға жететінімізге сенімім мол. Елімізге амандық, жұртымызға ынтымақ пен бақ-береке тілеймін!