Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында коронавирусты жеңу үшін кем дегенде 2 жыл қажет екенін айтты.
"Пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналды. Олар індетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткеруде. Бір жерде ахуал тұрақтанса, екіншісінде вирустың жаңа ошақтары пайда болуда. Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді. Ең бастысы – біз азаматтардан ешнәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жарияладық. Қаншалықты ащы болса да, шындықты айтып отырмыз. Бұл – кейбір мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы. Алайда, ахуалдың жақсаруы босаңсуға себеп болмауға тиіс. Күрес әлі жалғасуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша пандемияны жеңу үшін кем дегенде 2 жыл қажет", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Үкімет нақты шектеулер мен бейімді карантин әдісін енгізуде. Пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірленеді.