Жеті қағидат жетістікке жетелейді
Жеті қағидат жетістікке жетелейді
482
оқылды
Әлем жұртшылығын әбігерге салған пандемия Қазақ елін де айналып өткен жоқ.  Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен дер кезінде төтенше жағдай жарияланып, сақтық шаралары қолға алынды. Дегенмен, экономикалық әлеуетіміздің біршама әлсірегені жасырын емес. Бүгін Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жария еткен Мемлекет басшысы еліміздің жаңа жағдайдағы іс-қимылын айқындап берді. Бұл тұрғыда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық даму, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауылшаруашылығы саласын, көлік-логистика кешенін, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын, өңірлік даму және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын арттыру секілді бастамалардың берері мол.  Жолдауда Президент тоқталған жеті қағидаттың да  жөні бөлек.
-Еліміздің жаңа экономикалық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек. Олар: игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі; жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі; әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу; өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру; адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту; «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау; мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу, – деді Мемлекет басшысы.
Баршаға белгілі,  Елбасы - «Nur Otan» партиясының Төрағасы  Н.Ә.Назарбаевтың көрегенділігінің арқасында еліміз азаттықтың алғашқы жылдарынан «Әуелі экономика, сонан соң саясат» қағидасына басымдық беріп  келеді. Жаңа  Жолдаудағы қағидаттар да   еліміздің ұзақмерзімді стратегиясымен тығыз сабақтасып жатыр. Бұл тұрғыда біз ортақ  мақсат төңірегіне тығыз топтасып, Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға жұдырықтай жұмылуымыз қажет.

Балабек Нарбаев,

 «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары