Анда барам – жоқ, мында барам – жоқ...
Қапшағай қаласының тұрғыны Ержан Күдеринов көп жылдан бері өз баспанасын қорғау үшін алысып келеді. Ол көмек сұрап Әділет министрі Марат Бекетаевқа жүгініпті. Қайран болмаған. «Біздің қалалық халыққа қызмет көрсету орталығы үнемі пәтеріме маған таныс емес әлдебір адамдарды тіркеп қоя береді. Заңгерлердің түсіндіруінше, заң бойынша менің келісімімсіз ешкім де олай жасай алмауы тиіс көрінеді. Өткен жылы ғана жүгіріп жүріп, біраз адамды шығартып тастағанмын. Жақында тексерсем, тағы бір топ адамды тіркеп қойыпты. Мұның артында сыбайлас жемқорлық тұр ма, әлде өз ісіне немқұрайды қараған маман жаңылыса бере ме, білмедім. Билік осы салаға мұқият тексеріс жүргізсе артық болмас еді», – дейді ол. Елорда тұрғыны Л.Шаймарданова да осы проблемаға маңдай соқты. «Мен eGov.kz порталындағы жеке кабинетімді тексерсем, өз пәтерімде жат адамның тұрақты тіркеуде тұрғанын анықтадым. Порталды жиі қарап отырамын. Осының алдында 2020 жылғы 22 маусымда кіргенмін, сонда баспанамда отбасымның мүшелері ғана тіркеуде болды. Ал 14 шілдеде тіпті аты-жөнін бұрын естімеген әлдебір Шевцов дегенді тіркеп қойыпты. Мән-жайын білу үшін ХҚКО-ға бардым, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясына, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ына түсініктеме сұрап жүгіндім. ҰАТ-тағылар заңсыз тіркеу не Әділет министрлігі, не ІІМ-нің Көші-қон қызметі комитеті тарапынан жүргізілгенін хабарлады. ҰАТ мамандары ұқсас оқиғаларға бұған дейін де кезіккенін, шағым айтып келгендер болғанын мәлім етті», – дейді Лилия Шаймарданова. Ол атауында «әділет» деген ұлы ұғым ұлықталған министрлік қалайша мұндай әділетсіздік пен қиянатқа жол беретініне таңғалады. Баспанаға бөтен адамның тіркелуі тіпті ойыншық емес. Оған бір күліп қоя салуға болмайды. Біріншіден, әкімдік пен коммуналдық кәсіпорындар осы деректер базасына кіріп, үйде тіркелген адам санына қарай коммуналдық қызмет ақысын есептейді. Яғни, ұқыпсыз не жемқор шенеунік кесірінен зардап шегуші отбасы негізсіз шығын шегеді. Екіншіден, кейін ол адам лаңкес, ірі қылмыскер болып шықса, бұл жайттан бейхабар үй иесінің басы бәлеге қалады. Үшіншіден, егер онысы педофил болса, әлгі үй арнайы картада балаларға жәбір көрсететін қаскүнем тұратын мекенжай ретінде көрсетілуі ықтимал. Үйі бар қазақстандықтардың үрейленіп, дабыл көтеретіні де осыдан. Әділет министрі Марат Бекетаев мұндай шағымдардың бәріне стандартты, көшірме жауап жолдаумен жүр: «Өкінішке қарай, бұл мәселе Әділет министрлігінің құзырына жатпайды», – дейді ол. Шынында, «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қоры ақпараттық жүйесін кезінде дәл осы меморган әзірлеп, жүргізгені мәлім. М.Бекетаев өзгелерге сілтейді: «Қазақстанның ішкі істер органдары туралы» заңына сәйкес, азаматтарды есепке алуды, оларды тұрғылықты жері бойынша тіркеуді және тіркеуден шығаруды, республика шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету құжаттарын рәсімдеуді жүзеге асыруға ІІМ жауапты екенін жеткізді. Сондықтан осы тәрізді түйткілді шешу үшін Е. Тұрғымбаев басқаратын ведомствоға жүгінуге кеңес береді. Алайда бұл ұсынымы табанды емес. «2019 жылғы 12 шілдеде Үкіметтің №501 қаулысымен бекітілген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ереженің 1-тармағы бойынша дәл осы министрлік «электронды үкімет» саласына және мемқызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың дамуына басшылық ететін меморган болып есептеледі. Осыған байланысты аталған мәселені шешу үшін Цифрлық даму министрлігіне жүгінуді ұсынамыз», – дейді Әділет министрі. Мұндай тірлік адам басын доп қылып, әрі-бері тепкілеген «шенеуніктер футболына» көбірек ұқсайды. «Сергелдеңге салмаса, шендінің асы сіңбей ме?» деп бұқара осыдан кейін қапаланады.Аппаратта ақау бар
Елорданың Есіл өзенінің сол жағалауындағы жаңа орталығында тұратын Нұржау Көшербай да жуырда жекеменшігіндегі пәтеріне өзінің келісімінсіз бөгде адамның тіркеліп алғанын байқапты. «Валиев деген адам заңсыз тіркеуде тұр. Мен оны танымаймын. Ол кісіні тіркеуге өтініш берген жоқпын. Байламымша, ішкі істер органдары сыртымнан заңсыз түрде тіркеген. Сол себепті ІІМ-нен Валиевті пәтеріме тіркеуден шығаруды, осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізуді сұраймын», – дейді Н.Көшербай. Өз кезегінде, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ресми блогында «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінде азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы барлық мекенжай деректерін «мекенжай тіркеу коды» (МТК) негізінде бірыңғай қалыпқа келтіру шаралары қолға алынғанын хабарлады. Оның мәліметінше, Ішкі істер министрлігі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясымен бірлесіп, тұрғылықты жері бойынша тіркеудің бизнес-процесін автоматтандыру, сондай-ақ «электронды тұрғын үй кітабын» жүргізу мақсатында 2018 жылдан бастап МТК коды бойынша мекенжай мәліметінің бірыңғай форматына автоматты түрде ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министр Көші-қон қызметі комитеті Н.Көшербай шағымы бойынша тексеріс жүргізгенін айтты. Нәтижесінде, «электронды үкімет» порталында аталған мекенжайда шынында Валиев деген адамның тіркелгені белгілі болды. – Бұған халықты құжаттандыру жүйесінің серверінде дәлме-дәлдікті бақылау функциясының бұзылуына байланысты болған аппараттағы ақау себеп. Салдарынан оның тіркелуі туралы мәлімет «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қорына қате МТК кодымен берілген және оны жүйе дұрыс деп таныған. Сонымен қатар ІІМ деректер қорының мәліметіне сәйкес, Валиев Нұр-Сұлтан қаласында басқа мекенжайда да тіркелген. Яғни, оны басқа мекенжайға тіркеу рәсімдерін көші-қон қызметінің қызметкерлері жүргізген жоқ. Ол ақаудың салдары, – деді Ішкі істер министрі. Қазіргі уақытта бұл азаматтың мекенжай мәліметтері өзектендіріліп, түзетілген. Дегенмен үй иесі әр жаққа шағымданып шабылмағанда олқылық одан әрі қала беруі мүмкін еді. Жалпы, мұндай оқиғалар аз кездеспейтінге ұқсайды. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Сымбат Жанбалтина керісінше өзінің өзге мекенжайға қате тіркелгенін біліп, оны түзеуге тырысуда. «Бала кезден елорданың оң жағалауында, «Алматы» ауданындағы оңтүстік-шығыс шағынауданында өмір сүріп келемін. Тиісінше, осында тіркелгенмін. Ешқайда көшкен емеспін. Әйтсе де, неге екені белгісіз, eGov.kz порталындағы салық төлеушінің жеке кабинетінде мені Нұр-Сұлтан қаласының «Сарыарқа» ауданы «Колос» гараж кооперативі көшесіндегі 77-үйге тіркеп қойыпты. Ол мекенжайға менің еш қатысым жоқ. Дерегімді түзету үшін ХҚКО-ға, «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясына, салық саласына жауапты Мемкірістер комитетіне жүгіндім, оның аяғы «футболмен» аяқталды. Барлығы да жүйедегі әлдебір ақауға сілтейді. Бірақ жөндемейді. Бұл неғылған жүйелі ақау?! Оны шеше алатын меморган не бір адам болмағаны ма?», – дейді С.Жанбалтина. Халықтың осы кесір құбылыстарға күйінуі, шенеуніктер тірлігіне көңілінің толмауы негізді. Қолжетімді баспана алу, жұмысқа тұру, баланы балабақшаға не мектепке орналастыру – бәрі-бәрі үшін елді мекенде тұрақты тіркелу талап етіледі. Азаматтар заңға бағынып, тіркелейін десе таудай проблеманың астында қалады. Енді Үкіметтің саланы бір үйлесімге келтіргені маңызды. «Футболдың» билікке абырой әпермейтіні түсінікті болды.Елдос СЕНБАЙ