Шешімін таппаған мәселе көп
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов те шағын және орта бизнеске коронадағдарыстың оңай тимегенін, мемлекет бизнеске қолдау көрсетуге қатысты ұсыныстардың бірқатарын қолдағанымен, әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екенін айтып отыр. «Биыл шілде айында «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізді. Зардап шеккен салаларда өз қызметін атқарып отырған 41 мыңнан астам бизнес субъектісіне жүргізілген сауалнамада кәсіпкерлердің 12 пайыз бизнесті жабу және қызметкерлерді қысқарту ықтималдығы жоғары екенін атап өтті. Қоғамдық тамақтану саласында жабылып қалу қаупі төнген субъектілер 25 пайыз болса, туризмде – 24 пайыз, ойын-сауық және демалыс саласында – 22 пайыз, білім беруде 17 пайыз екен. Әрбір төртінші кәсіпкер мүлде пайда түспегенін айтады. Ойын-сауық және демалыс, туризм, білім, қоғамдық тамақтану, халыққа қызмет көрсету салаларындағы бизнестің жағдайы барынша ауыр», – дейді ол. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі уәкілге әлі күнге дейін кәсіпкерлерден несие жүктемесіне қатысты салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін ұзарту туралы өтініштер түсіп жатыр екен. Жақын арада жыл соңына дейін мемлекеттік мүлік пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мүлкін жалға алушыларға жалдау төлемін төлемеуді ұзарту бойынша оң шешім қабылданады деген үміт бар көрінеді. Ал коммуналдық төлемдерді кейінге қалдыру, олардың құнын төмендету және айыппұл санкцияларынан босату мәселесі өзекті күйінде қалып отыр екен. Себебі өңірлерде бизнес-омбудсмен кеңсесінің қатысуымен өнім беруші – монополистің және Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық бөлімшесінің қатысуымен бизнес үшін коммуналдық төлемдерді төмендету (кейінге қалдыру, бөліп төлеу) мәселелері әлі қаралып жатыр. Президентке үндеу жолдаған ШОБ өкілдері 30 жыл ішінде түрлі нарық жағдайында өмір сүріп, өркендеуді үйренгенін, қандай дағдарыс келсе де, несие алып, жұмыс істеп, салығын да төлеп тұрғанын, бірақ қазіргі пандемия ауыр соққы болып тигенін айтады. «Карантин жағдайында сауда, тамақтану, туризм, білім беру, тұрмыстық қызмет көрсету салалары (сұлулық салоны, химиялық тазалау және т.б.) және ойын-сауық саласындағы бизнес жұмысын тоқтатты. Екінші карантиннен кейін ірі қалалардағы сауда орталықтарында бутиктердің 40 пайыздан астамы ашылған жоқ. Кәсіпкерлерде жалақы мен несиені жоғары пайызбен төлейтін жағдай қалмады. Шағын бизнес үшін қазіргі уақытта ең үлкен мәселе жоғары несиелік жүктеме болып отыр еді. Енді несиені кейінге қалдыру ай сайынғы төлемдердің өсуіне әкеліп жатыр» делінген үндеуде. Ал қолданыстағы жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы ШОБ-тың басым бөлігі үшін қолжетімді болмай шыққан.ШОБ-тың 1 пайызы ғана көмек алған
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы, соның ішінде «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасын қосқанда шағын және орта бизнес субъектілері ұсынған 16 мыңға жуық жоба қаржыландырылған. Ал кәсіпкерлер бұл еліміздегі ШОБ субъектілерінің 1 пайызын ғана құрайды деп отыр. Микро және шағын бизнес субъектілері үшін кепілдеме мен несие алудың күрделі процедураларын талап ететін банктердің шартын орындау қиын. Сондықтан кәсіпкерлердің көпшілігі жеке тұлға ретінде жылдық 20 пайыздан жоғары мөлшерлемемен тұтынушылық несие алады. Ал мұндай несиелік жүктеме пандемия кезінде оларға ауыр тиіп отыр. Кәсіпкерлер үшін кеңсе жалдау да проблемаға айналыпты. Мәселен, астаналық сауда орталықтарындағы сауда алаңын жалдау құны шаршы метрі үшін 40 мың теңгеден басталады. 70 шаршы метрлік дүңгіршек үшін кәсіпкер айына 2,8 млн теңге төлеуі керек. Ал егер алдағы уақытта салық көлемі өсетін болса, бұл жығылғанға жұдырық болып тиеді. Соның алдын алу үшін ШОБ субъектілері билікке бірқатар ұсыныс жасады. Мәселен, қолданыстағы несиелерді, оның ішінде тұтынушылық несиелерді қайта қаржыландыру, яғни жылдық мөлшерлемені 20 пайыздан 5-7 пайызға дейін төмендету. Кеңсені жалға берушілердің қолданыстағы несиелерін аренда ақысын көтермеу шартымен қайта қаржыландыру. Салық ауыртпалығын арттыруға 5 жылға мораторий жариялау. Коронадағдарыстың салдары жойылып, іскерлік белсенділік қалпына келгенге дейін салық көтеруге қатысты кез келген бастама мен талқылауды тоқтата тұру. 2021 жылдың соңына дейін салық демалысының мерзімін ұзарту және ШОБ субъектілері үшін тексерулердің күшін жою. «Құрметті Президент, сізден бүгінгідей өте қиын кезеңде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуіңізді сұраймыз! Біз өз бизнесімізді, жұмысымызды сақтаймыз, үнемі салық төлейміз немесе өз кәсібімізді жауып, өзімізге, қызметкерлерімізге, сондай-ақ отбасыларымызға әлеуметтік көмек сұрауға мәжбүр боламыз!» делінген үндеу соңында.Айналым қаражатын толықтыру бағдарламасы ұзартылады
ШОБ өкілдерінің үндеуі Президентке жетті ме, жетпеді ме белгісіз, бір анығы, олардың өтінішіне сай жауап кешегі Жолдауда айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнес үшін айналым қаражатын толықтыру бағдарламасы 2021 жылдың соңына дейін ұзартылатынын мәлімдеді. «Шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы ШОБ-қа жылдық 6 пайызбен мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз етуді тапсырамын. Төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен, яғни 12 наурыздан бастап 12 айды қамтиды», – деді Президент. Енді Ұлттық банк экономиканың барынша зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес үшін айналым қаражатын толықтыру жөніндегі арнаулы бағдарламаны іске асырады. Кешеге дейін бағдарлама осы жылы тоқтатылады деп болжанған еді. Бүгінгі дағдарыс жағдайында бағдарламаның әрекет ету мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзарту тапсырылды. Бастысы, бағдарламаның жалпы көлемін 800 млрд теңгеге жеткізе отырып, оған қосымша 200 млрд теңге қарастыру жүктелді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүліктер бойынша төлем есептеу осы жылдың соңына дейін тоқтатылмақ. Алдағы жылы шағын және орта бизнес қызметінің жаңа құқықтық базасы әзірленеді. Сонда кәсіпкерлік қызметке мемлекеттік құрылымның кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендер жұмысына кедергі келтіру жағдайы мемлекетке қарсы жасалған өте ауыр қылмыс ретінде қабылданады. Әрине, бұл шешім ШОБ субъектілеріне үлкен қолдау екені даусыз. Десе де, бизнестің қаншасы жабылып, қаншасы қалатыны көптеген факторға, соның ішінде бірінші кезекте сұраныс пен елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты екенін ескерген жөн сияқты...Халима БҰҚАРҚЫЗЫ