Бағдарлама бойынша несиені қайтару мерзімі әр клиенттің төлем қабілетіне байланысты әртүрлі. Тұтынушы 3 жылдан 25 жылға дейінгі аралықта төлем қабілетіне қарай есеп айырыса алады. Алғашқы жарна 10 пайызға тең. Осы бағдарлама үшін әкімдік 10 миллиард теңге, ал «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 3 миллиард теңге бөлген. Үміткерлер өз қалауы бойынша жаңа немесе екінші нарықтағы үйдегі пәтерлерге таңдау жасай алады. Бағдарламаға қатысудың негізгі бірнеше талабы бар. Олар: қатысушының жасы 35 жасқа дейін болуы керек, сондай-ақ өтініш беру кезінде отбасылы болса, жұбайының жасы маңызды емес. Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптылардың тек біреуі ғана қатыса алады; үміткерде және оның отбасы мүшелерінде меншік құқығында тұрғын үйдің, сондай-ақ ел аумағында соңғы 5 жылда тұрғын үй жағдайының әдейі нашарлауы фактілерінің болмауы, ел аумағында мемлекеттік бағдарламалар желісі бойынша алынған отбасының басқа мүшелерінің ортақ бірлескен меншігін құрайтын үлестік меншіктегі үлес немесе жалға берілетін тұрғын үй, бұған жекешелендіру немесе мұрагерлік құқығы нәтижесінде бағдарламаға қатысушы немесе кәмелетке толғанға дейін отбасы мүшелері алған жылжымайтын мүліктегі үлесті және жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлерді қоспағанда; қатысушының ресми жұмыс өтілі келесі санаттар бойынша Алматы қаласында кем дегенде соңғы 6 ай, міндетті зейнетақы мөлшерлемесімен болуы қажет. Бағдарламаның аудиториясы – бюджет саласындағы жас қызметкерлер. Олар: денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО және ҒЗИ, әлеуметтік сала қызметкерлері мен журналистер. Басты мақсат – бюджет саласындағы жас қызметкерлерге қолдау көрсету.
Талапкерлер almaty-zhastary.kz. сайты арқылы бағдарламаға қатысуға өтініш бере алады. Сайтқа тіркелу үшін ХҚО-дан алынатын электронды цифрлы қолтаңба қажет. Өтініш берушілердің тізімі балл жүйесімен санаттар бойынша есептеледі. Ұпай саны ең жоғары қатысушының пәтер алуға мүмкіндігі зор. Бағдарламаға қатысушы құжаттарын өткізген соң талапқа сай келгендерге almaty-zhastary.kz. сайтындағы жеке кабинетке жолдама беріледі. Жолдаманы алған өтініш берушілер 15 жұмыс күні ішінде төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның кез келген қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет.
Банк талабынан өткеннен кейін 60 жұмыс күні ішінде қатысушы сатып алатын тұрғын үйді таңдап, құжаттарды банкке ұсынуға міндетті. Таяуда бағдарламаға қатысты жағымды жаңалық болды. Жеңілдетілген несие бағдарламасымен тұрғын үй алуға ниетті жұмыс істейтін алматылық жастарға қалада тіркеуде болу талабы алынды. Осы себепке байланысты қабылданбаған өтініштер қайта қаралуда. Тіркеуде болу талабының алынып тасталғаны талай жастың үмітін оятты.
Қалада жұмыс істейтін жастарға 5 471 өтінім берілді. Нәтижесінде, 2 527 өтінім қайтарылып, білім саласының қызметкерлерінен 1 964 өтініш қаралып жатыр. Бағдарлама талаптарына сай келетіндердің қатарында денсаулық сақтау саласында – 587, мәдениет саласында – 1 212, спорт саласында – 23, ғылым мен ЖОО-ларда – 170, БАҚ саласында – 56, әлеуметтік салада 32 адам жұмыс істейтіні белгілі болды.
Қабылданбаған өтініштердің басым бөлігі жұмыс орындары немесе қызметтерінің бағдарлама талаптарына сай келмеуі салдарынан кері қайтарылды. Яғни, 36 өтініш берушінің жеке баспанасы бар екені, 46 адамның өз баспанасынан бас тартқаны анықталды, 152 адамда зейнеткерлік төлем болмаған, 77 адамның өтініші жоғарыда аталған себептерге қатысты кері қайтарылған, ал 23 адам алғашқы қабылдау кезіндегі несиелік өтінішін ұсынған.
Баспанаға зәру жастар тек Алматыда емес, еліміздің басқа өңірлерінде де жылдар бойы пәтер жалдап тұрып жатқандар жетерлік. Сол үшін кейінгі кезде Алматыда бастау алған бағдарламаны өзге өңірлерде де енгізу жайлы айтылып жүр. Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырманов «Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Алматы жастары 3.0» жаңа тұрғын үй бағдарламасына қолдау білдіріп, оны басқа қалалар мен облыстарда тарату мүмкіндігін қарастырған жөн», – деген болатын.
Елорда күні қарсаңында осы бағдарлама бойынша пәтер кілтін алған жастардың бірі – Ақмарал Мақтабаева. Ол бағдарламаны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ұсынылған баспана өте жайлы, барлық жағдай жоғары деңгейде жасалғанын айтады.
Қазір Алматыда 8,4 мың көппәтерлі тұрғын үй қоры бар. Бұл елдегі ең үлкен тұрғын үй қоры болып саналады. Әйтсе де, баспанаға сұраныс жыл сайын өсуде. Бүгінде 25 533 азамат баспана кезегінде тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 мың адамға көп. Былтыр 3 162 адам баспанамен қамтамасыз етілді. Олардың қатарында 520 көпбалалы отбасы мен 114 балалар үйінің түлегі бар. Сондай-ақ былтыр 1 050 жұмыс істейтін жастар жалдамалы пәтер кілтін алды. Биыл Алматыда 3 810 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Олардың ішінде 1 300-ден астам пәтер «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі арқылы сатылатын болады.