«Мойынқұм ауылындағы азық-түлік дүкенінің жанында екі жас жігіттің арасында жанжал болып, соңы олардың біреуінің қайтыс болуымен аяқталды. Аталған ауыр қылмыстың себебі тергеліп жатыр. Атылған қарудың даусын естіген жақын маңдағы үйлердің тұрғындары бірден полицияға хабарласқан.
Оқиға орнына дереу жеткен жедел тергеу тобы ер адамның мәйітін тапты. Анықталғандай, ол Қылышбай ауылының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлімі (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысында полиция қызметкерлері Мойынқұм ауылының 27 жастағы тұрғынын ұстады, одан 20 калибрлі қару тәркіленді.
Қазіргі уақытта орын алған жанжалдың себептері анықталуда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – дейді департамент мамандары ресми ақпаратта.
Алайда жанжал неден туды? Күдіктінің көлігінде қару қайдан жүр? Адам өліміне апаратындай тараптар нені бөлісе алмады? Бұл сауалдарға жауап табу мақсатында мойынқұмдықтарға хабарласып, мән-жайды сұрадық. Білгеніміз, күдікті шын мәнінде аудандық «Өнер» мектебінде мұғалім екен. Қаза тапқан азаматпен Қылышбай ауылына барғанда ерегісіп қалыпты. Содан бері екі жігіт бір-бірін көріп қалса, соңы төбелеспен аяқталып жүрген көрінеді. Осылайша, шырқау шегіне жеткен кикілжіңнің соңғы нүктесі Мойынқұм ауылында қойылған.
Видеоға зер салып қарайтын болсақ, екі жігіттің көлікте отырған біреуді ұрып жатқанын байқау қиын емес. Жұдырықтан сытылып шыққан күдікті көлігімен біраз жерге жүріп барып, одан кейін мылтықты алып қайта түседі. Осы сәтте екі баланың бірі қашып үлгерсе, екіншісінің басынан оқ тиіп сұлап түскенін көруге болады. Күдіктінің ішкі кегі қаза тапқан жігітке әбден жиналған секілді. Себебі видеода ұсталған жігіт қаза болған адамды бір емес екі рет атып, тек екінші оғын тигізе алғандай көрінеді.
Мойынқұмдықтардың айтуынша, күдікті жігіт қылмыс жасағаннан кейін үйіне барып жуынып-шайынып, киімін ауыстырып, аудандық ішкі істер бөліміне өз еркімен барып берілген. Тағы бір бейресми ақпартқа сүйенсек, сол күні қаза болған жігіттің жақындары ішкі істер бөлімінің алдына жиналып, кек алмақ болған екен. Алайда тәртіп сақшылары жиналғандарды таратып, тәртіпсіздікті болдырмаған.
Қазір құзырлы органдар тергеу амалдарын жүргізіп жатқандықтан, көп нәрсе айтылмауда. Десе де, қарапайым жанжалдың соңы адам өлімімен аяқталып отырғаны жанға батады.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы