Қазіргі кезде 32 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 23 мектеп, 1 спорт залына жапсарлас қосалқы нысан салу, 3 балабақшаны қайта жаңарту, колледж студеттеріне арналған 4 жатақхана және 1 өнер мектебі бар. Егер ойға алғандар түгелімен орындалса, облыста үш ауысымды мектептер саны азайып, апатты жағдайдағы білім ошағы дегенді ұмытатын боламыз.
Өңірдің бас ұстазы Майгүл Омарованың айтуынша, қазіргі кеде 17 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен бірге жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 11 мектеп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы бойынша 6 мектептің құрылысы салынуда. Алдағы кезде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 1 500 орындық тағы 6 мектеп пен 1 200 орындық 1 мектеп салу көзделген.
Қарасай ауданының Әйтей ауылындағы Б.Қосынов атындағы орта мектеп апатты жағдайда болатын. Осыдан екі жыл бұрын жаңа мектеп салу үшін 3,5 гектар жер телімі бөлініп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 1 200 орындық білім ордасының құрылысы қолға алынған еді. Биыл сол білім ошағының құрылысы аяқталды. Ендігі жерде әйтейлік балалар жаңа оқу жылында су жаңа мектепте білім алатын болды.
Білім беру ісіндегі жағымды жаңалықтарды одан ары жалғастыруға болады. Кеген, Жамбыл, Ескелді, Кербұлақ аудандарында жыл соңына дейін бірнеше мектеп қолданысқа беріледі. Сонымен бірге биыл 23,9 млрд теңгеге 55 білім беру ошағы күрделі жөндеуден өтуде.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы