Таразда 34 сотталған 10 сыныпқа қабылданды
Таразда 34 сотталған 10 сыныпқа қабылданды
240
оқылды
Бүгінде түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің тағдыры әрқилы. Бірі өмірлік қателіктен жаза басып жатса, енді екіншілері ауыр қылмыс арқалап темір торға түсуде. Олардың қатарында 9 жылдық білімнен кейін мектеп табалдырығын аттамағандар көп. Осыған орай Тараз қаласындағы ЖД-158/7 мекемесі білімі толық емес сотталушыларға арнап алғашқы қоңырау мерекесін өткізді. 2020-2021 жылғы жаңа оқу жылында 10-сыныпқа 34 сотталған қабылданса, 8 жазасын өтеуші 11-сыныпқа көшірілді. Оларға карантин жағдайы ескеріле отырып, оқу күндері Тараз қалалық білім бөлімінің ұстаздары қашықтықтан сабақ беретін болады. Алғашқы қоңырау күні сыныпқа жиылғандарды мекеме басшылығы Білім күнімен құттықтап, оқу жылын жақсы бітіріп шығуларына тілектестік білдірді. Айта кетейік, түзеу мекемесіндегі оқу сыныптары қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Алғашқы қоңырау шарасы күні сотталушыларға тәрбие сағаты ұйымдастырылып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жаңа Жолдауы жан-жақты таныстырылды.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы