Пошта арқылы жеткізілген екі қап күдік тудырғандықтан, Нұр-Сұлтандағы Израиль елшілігі қоршауға алынды.
Оқиға орнына полиция департаментінің жедел тергеу тобы, кинологтар мен қалалық шұғыл қызметтер келді.
"Бүгін Израиль елшілігі пошта арқылы күдікті белгілері бар екі қап алынғанын "102" арнасына хабарлады. Тель-Авивтен Алматы арқылы жеткізілген сәлемдеме жоспардағыдан жеті килограмға ауыр болып шықты. Полиция қызметкерлері Израиль елшілігі орналасқан "Азия" бизнес орталығының аумағын қоршауға алды", - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция қызметтік иттердің көмегімен ғимарат пен оның маңын қарап шықты. Қаптардан қауіпті заттар табылмады, оларға жеке заттар салынғаны белгілі болды.