Әсіресе, «болашағы жоқ» деген және халқы аз елді мекендерде күнкөріс қиындап кеткен. Солтүстік өңірде осы күнде «келешегі бұлыңғыр» деп саналатын жүзден астам ауыл бар.
Виктор Ясельскийдің Николаев ауылында тұрып жатқанынан 50 жылдан асты.
Суы нәрлі, шөбі шүйгін, топырағы шұрайлы елді мекен 50 жыл бұрын гүлдеп тұрған. Ауыл содан бері тоқыраудың бірнешеуін бастан өткерді. Мектебі жабылып, халқы жан-жаққа көшіп кеткен. Дегенмен ауылда тіршілік бар. 14 адам ғана қалған ауылда жұмыс күші жетпейді.
Ауыл тұрғыны Виктор Ясельский: «Мұндағы тұрғындардың дені – зейнеткерлер. Аздап мал ұстаймын. Азық-түлікпен қамдану үшін көрші ауылға барып отырамыз. Суды тасып ішеміз. Үлкен ауылға көшер едім. Бірақ ондағы үйлердің құны бір миллион теңгеден асады. Оған ақшам жетпейді. Сондықтан осында тұруға мәжбүрмін», – дейді.
Бұл Николаев ауылының ғана күй емес. Солтүстікте әр алтыншы ауыл осы халде. Бұл жағдайдан жергілікті билік хабардар.
СҚО Экономика басқармасы ауылдық аумақты дамыту бөлімінің жетекшісі Жанар Ахмиева: «Біздің облыста 635 ауыл бар. Оның ішіндегі 307 ауылдың әлеуеті зор деп саналса, 103 елді мекенде халық саны елу адамнан аз. Болашағы жоқ ауылдардан жұртты көшіре алмаймыз. Заң жоқ. Сондықтан біз сенаторларға хат жіберіп, бұл тұрғындарды Еңбек мемлекеттік бағдарламасына енгізуді ұсындық», – дейді.
Бірақ бұл ұсыныс тура бір жыл бұрын жасалған екен. Сенаторлар аталған маңызды мәселеге қатысты әлі күнге дейін жауап берген жоқ.