Аягүл Мантай: Жалғыздық – өзіңмен өзің арпалысу
Аягүл  Мантай: Жалғыздық –  өзіңмен өзің арпалысу
1,315
оқылды

Қазақта прозаик қыздар көп емес. Нарық заманында тіптен азайды. Соңғы жылдары әдебиет­ке қосылған санаулы қыздар бар еді. Оның өзі оқырманнан алыс­тап кетті. Әлде, оқырман олардан алыстап кетті ме? Мәдина Омар драматургияға бет бұрды. Лира Қоныс мұхит асып кетті. Сағадат Ордашеваны оқырман таппай қалды. Аягүл Мантай білім қуып, Мәскеуге кетті. Аягүлдің ойларын ара-тұра әлеуметтік желідегі парақ­шаларынан оқып қояты­нымыз бар. Жазушы қыздардың көбі неге елден алыс болғанды қалайды? Әлде, жүректерін мазалайтын өзге дүниелер бар ма? Аягүлге қойған әуелгі сауалы­мыз да осы болды.

– Аягүл, «Оралуды» әдебиет­ке оралу секілді қабыл алдық. Де­ген­­мен әдебиетте жүрген жазу­шы қыз­дардың көптен саяқ, алыс­тау жү­ретіні несі екен? Әлде оңа­ша­лық­ты жаны сүйе ме?

– Алғашқы прозалық кіта­бым 2009 жылы жарық көрді. Шы­ным­ды айтсам, «екінші кітабымды екі-үш жылдан соң шығарамын» деп жүргенмін. «Қаламгер» бас­­пасынан «Сіз оқылымды жазу­шы­сыз. Кітабыңызды біздің баспадан шы­ғарсаңыз» деген ұсыныс түсті. Араға он жыл салып, «Жүрекке ора­лу» атты екінші прозалық кіта­бым шықты.

...Рас, әдеби ортадан, көп­ші­лік­тен саяқ жүргенді ұнатамын. Адам­дардан қашып жүремін... Се­бебі шаршаймын... Бірақ қаш­қан сайын мені танығысы ке­летін, араласқысы келетін адам­дар бар. Тәкаппарлығым, көкі­ректігім емес, бар болмысым сол. Мені бір көрген адамдар «мі­­незің ашық екен» деп жата­ды. Бірақ   адамдармен тез ара­ла­сып, тез достасып кететін адам­­­­ның қатарына жатпаймын. Жал­­­ғыздықты, өзіммен өзім бол­ған­ды жақсы көремін. Себебі жал­­­­ғыздық – шығармашылық. Жал­­ғыздық – өзіңмен өзің ар­па­лы­­су, итжығыс түсу. Жалғыздық адам­ды Құдаймен, не шайтанмен «достастырады». Өзінің жалғыз­ды­­ғын сезінген адам көп нәрсені ке­шіре алады. Өзіне есеп беретін адам пендәуи әлемнен биік тұра­ды.

– Әдеби ортаны қалыптастыр­ған, кіл мықтыны тәрбиелеп шы­ғар­ған Мәскеу мектебінің бүгінгі жайы қалай? Әдебиеттің озық үлгі­сін қайдан іздеген дұрыс?

– Халық санына шаққанда (оқыр­ман саны десеңіз де болады) Мәскеуде мүшәйралар аз өтеді. Бай­қағаным, біздегі мүшәйралар се­кілді жүлденің ақшасы қомақ­ты емес. Оқырман санына шаққан­да бізде мүшәйра, жалпы әдеби бай­қау­лар, форумдар көп өтеді. Бірақ бұл әдебиеттің дамып жат­қа­нын, болмаса дамитынын көрсетпейді. Біздегі әдеби байқау­лар­дың қалай өтетіні белгілі ғой. Білесіз бе, қаншама та­лант әде­биеттегі кей­бір аға буын­ның ке­сірінен сы­нып кетті...

Кейде Мәскеу туралы ештеңе айт­қым келмейді. «Ойбай, мынау Мәскеуді, орысты мақтап жатыр» дей­ді шектеулі біреулер. Бірақ Мәскеуде, ондағы әдеби байқаулар біз­бен салыстырғанда, әлдеқайда әділ өтеді.

2015 жыл Ресейде «Әдебиет жылы» деп аталды. Бейберекет ақ­ша шашпай, әдебиет үшін нақты жұмыстар істелді деген пікірдемін. Ал әдебиеттің озық үлгісін әлемге Тол­с­тойды, Достоевскийді бер­ген орыс әдебиетінен, Золяны, Баль­зак­ты, Бодлерді берген фран­цуз әдебиетінен, болмаса Драйзерді, Джек Лондонды берген американ әдебиетінен, Шекспирді, Байрон­ды берген ағылшын әдебиетінен, болмаса Лорканы берген испан әдебиетінен іздеудің қажеті жоқ. әдебиеттің озық үлгісі әлемнің тұтас әдебиетінде бар.

–Көркем өнерді қабыл­да­май­тын, ғаламтор тәрбиелеп жатқан жаңа ұрпақ қалыптасты. Оларға Аягүл Мантайдың шығармалары өте ме?

– Өтеді деп ойлаймын. Егер өт­песе, баспа ұсыныс жасамас еді. Егер өтпесе, оқырман кіта­­­­бым­­ды алып, оқымас еді. Оқыр­­ман­­­дарымнан жиі хат ала­мын. Осының өзі дәлел деп ойлай­мын.

– Бүгінгі жас қаламгердің тауа­ры қандай? Қайтсек, наси­хат­ты күшей­те аламыз?

– Насихаты мықты, бірақ ортанқол ғана ақындар бар. Бірақ сұмдық өлермен, сұмдық пысық. Насихаты мықты болғаны сол: оқырман оларды мықты деп ойлайды. Шын таланттар өмір­ге бейім болмайды. Олар сол та­би­­ғатымен, сол болмысымен, сол ерекшелігімен ақын-жазу­шы. Оқырманның кітап оқу мә­де­ниеті қалыптаспаса қиын... Біз­­дің қоғамда мәдени-рухани құн­­дылыққа сұраныс аз. Шын та­лант­ты, харизмасы мықты, терең білімді жастарға стипендия берілуі керек. Олар әдебиетпен, таза шы­ғар­машылықпен айналысуы ке­рек.

– Әлеуметтік желіде тағдырлар ту­ралы жиі әңгіме қозғайсыз. Неге?

– Себебі өзім тағдырлы адам­мын... Бала кезімде екі ағам, бір інім көз жұмды. Былтыр әкем­нің қырқы өткесін жалғыз інім, отба­сымыздағы жалғыз ұл дүние сал­ды. Түркияның беделді Егей уни­верситетінің докторанты еді. Екі аптадан соң докторлық диссертациясын қорғауға тиіс еді. Бала кезімнен адамдардың жүзі­нен жазу оқып үйрендім...

– Оқырмандарыңмен жүз­дес­кен­де нені әңгіме қылар едіңіз?

– Университетке кездесуге көп ша­қырады. әртүрлі себеп­тер­мен бас тарттым. Сосын Мәс­кеу­­ден елге аз уақытқа келе­тін­мін. 20 қыркүйекте Алматыда оқыр­­мандарыммен жүздесемін. Кітап­хана қызметкері Ғазиза Құ­дай­берген ұсыныс жасағанда бас тарта алмадым. Себебі кәсібін жақсы көретін және өз саласына жанашыр адамдарды жақсы көре­мін. Оқырмандарыммен кез­дес­кен­де әдебиет және өмір туралы айта­тын шығармын.

 

Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС