Атырауда Әли Оқаповққа қыз ұзатқан отбасыға айыппұл салынды, деп хабарлайды облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде танымал эстрада әншісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаеваның ұлы Әли Оқаповтың атыраулық аруға үйленген сәтінен фотолар жарияланған еді. Әншінің ұлы «Асыл» тобының мүшесі Ақерке Бүркітбаймен шаңырақ көтерді.
«Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің той, отбасылық жиындар өткізуге шектеу салғанына қарамастан, биылғы 19 тамызда Атырау қаласының «Самал» ықшамауданындағы жеке үйде отбасылық қыз ұзату шарасы өткен. Үй иесі оған тума-туыстарын жинағаны анықталды. Карантиндік шектеу шараларының талабын бұзған отбасыға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 425-бабы, 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (41 мыңнан астам теңге) айыппұл салынды» -делінген хабарламада.