Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың есебін тыңдады, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаржы нарығының биылғы дамуы жөнінде есеп беріліп, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету, экономиканы несиелеу ісін ынталандыруға қатысты реттеу шараларын жүзеге асыру және тұтыну несиелерінің шектен тыс артуына жол бермеу туралы Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмаларының орындалуы жөнінде баяндалды.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында Агенттік Үкіметпен бірлесіп экономиканың зардап шеккен секторларына қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнес өкілдерінің алған қарыздарына жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен субсидия беріледі.
Агенттік басшысы Президентке сақтандыру және бағалы қағаздар нарықтарын жетілдіруге бағытталған заңнамалық бастамалардың дайындалып жатқанын айтты. Сақтандыру нарығын жетілдіру жөніндегі заң жобасы бойынша халықтың зейнетақы және инвестициялық сақтандыру қорларының жұмысына араласуы артады, сол арқылы азаматтардың жинағы еселене түседі. Сонымен қатар кәсіпкерлердің құнды қағаздар нарығында қор жинауына мүмкіндік беретін шаралар қабылданады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттіктің жұмысын оң бағалап, қаржы нарығын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.