Праймериздің ұзақмерзімдік ықпалы бар
Праймериздің ұзақмерзімдік ықпалы бар
242
оқылды
Бұл тұрғыдан келгенде мем­лекет тәуелсіздік алған сәттен бергі уақытта жасалған тиісті рефор­малар мен құқықтық нормаларға енгізілген түзетулер жоғарыдан төменге қарай бағытталғанын байқаймыз. «Nur Otan» партиясы да саяси әдебиетте біріктіруші партия ретінде сипат­талады. Яғни, мемлекет тәуелсіздік алған жылдар мен өтпелі кезеңдерде саяси про­цестің берік іргетасы рөлін атқару міндеті жүктелген ұйым болатын. Алайда тәуелсіздік алғаннан бергі 29 жыл ішінде Қазақстан бас­қару жүйесі мен құрылымдарын толық қалыптастырып, қоғамның бір­тұтастығын қамтамасыз етіп болды. Енді саяси реформалардың сипаты өзгеретін кез келді. Прай­мериз осындай қадам деп білемін. «Nur Otan» партиясының жер­гілікті мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіне партиялық тізім ар­қылы ұсынылатын үміткерлерді пар­тияі­шілік сайлау арқылы ірік­теуді қолға алуы Қазақстандағы саяси рефор­маларға «төменнен-жоғарыға қарай» ұстанымы дендеп ене бастағанын көрсетеді. Бәлкім, бұл бастаманың маңызына қазір баға беру қиын болатын шығар, алайда жылдар өте бұл саяси қадамның әсері сезілетін болады. Праймериз арқылы белсенді азаматтарды іріктеудің екі түрлі әсері бар. Біріншіден, заң шығару және мемлекет басқаруда қабыл­данатын түрлі шешімдерге көп­ші­ліктің өздері праймериз арқылы ірік­теген аза­маттар ықпал ету мүм­кіндігі артады. Екіншіден, саясатқа жастар көптеп араласатын болады. Бірақ осы тұста жергілікті жерлерде астыртын түрде праймериз нәтиже­леріне ықпал етуге, жастар мен әйелдердің саясат­қа араласуына кедергі келтіруге тырысатын топ­тар пайда болуы мүмкін екенін естен шығармау қажет. Өз басым «Nur Otan» партиясы туындауы мүмкін кез келген кедергіні жоюға әзір деп ойлаймын. Ал прай­мериз Қазақстанның саяси тарихын­дағы бетбұрыс кезеңінің басы деп білемін.  

Куршад ЗОРЛУ, профессор, саясаттанушы