Карантин және көк көрпе...
Карантин және көк көрпе...
274
оқылды
Зерттеуші Мақсат Иман­досов Facebook парақ­ша­сын­­да: «Соңғы айлардағы өлім-жітімнің жоғары болуы, әри­не қайғылы жағдай. Бірақ жақсы жаңалықтар да жоқ емес. Өткен маусым айында Қазақстанда 40,4 мың бала дүниеге келді. Соңғы 30 жыл ішінде бізде айына жаңа туған нәрестелер саны мұн­дай жоғары көрсеткішке ие болған емес» деп жазды. Елі­­мізде туу көрсеткішінің артуы – қуанарлық жағдай.  

Әлем ғалымдары көзімен қарасақ...

Ортағасырлық ағылшын эко­но­мисі һәм демографы Томас Маль­­­­тус­тың еңбегінде стихиялық өсім­ді тежейтін үш фактор бар екені айтылады: соғыс, кедейлік және эпидемиялық аурулар. Өкі­нішке қарай, қазір адамзат эпиде­миялық ахуалмен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ахуал адамзат са­ны­ның көлемін шектеуге әкелері анық. Мәселен, демограф Илья Каш­ниц­кий Ита­лияны зерттеп-зерделеп, пан­де­мия­ның ықпалы туралы өзі­нің Facebook парақ­шасында жазды. Ол: «Зерттеу жұмыс­тарына Италиядағы мәліметтер алынды. Оның да себебі бар: вирус қарқын­ды тараған Еуро­падағы алғашқы мемлекеттің бірі – Италия. Наурыз айында бұл елде 2003 өлім тіркелді. Италиядағы өлім-жітім көр­сеткіші Еуропаның өзге өңірлерінде қай­та­лануы мүмкін деген болжам айтылуда. Жалпы, сырқаттанғандардың қатарын халық­тың үштен екісі құруы ықтимал. Сол секілді пан­де­миядан қайтыс болу тәуекелі жо­ға­ры адамдар да есепке алынды. Бі­рақ бір ес­керте кететін жайт, бұл – нақты болжам емес. Адам шығы­нына көп ұшыраған елдер қата­рын­да Италия, Германия және Ис­па­ния бар. Өйткені бұл елдерде егде жастағы тұрғындар көп. Назар аудартатын жайт, қазір сырқат­танғандар мен өлім деңгейі үлкен шаһарларда тіркеліп жатқанына қарамастан, індет сти­хиялық сипат алған жағ­дайда қарттары басым шалғай өңірлерге таралу қаупі бар. Бұл «кәрі құрлықтағы» карантин науқанын созудың маңызын тағы көрсетеді» деген еді. Ресейде де ғалымдар панде­мияның демо­гра­фияға ықпалы байқалғанын жиі айтып жатыр. «Бұл пандемияның бұрынғы эпи­де­миялардан бірқатар айырма­шылығы бар, сон­дықтан мұның салдары күрделі болуы мүмкін, бірақ мұны болжауға әлі ерте» деген пікір айтады ғалымдар. Олар пандемияның халық­тың көбею процесіне түбегейлі әсер етуі екі­талай екенін айтып отыр. Сондай-ақ жағ­дайы жақсыларға қарағанда кедей­лерде бала туу көрсеткіші жоғары екенін де айтып отыр. Өйткені олар «малға жарлы болса да, балаға бай» екенін көрсетіп жүр. Ақшасы бар, қалтасы қалың адамдар кіріс-шығынды бірінші есепке алады, сол үшін бала тууға жауап­керші­лікпен қарайтын көрінеді. Сол себепті ресейлік ғалымдар туу көр­сет­кіші коэф­фициентінің азаюын пандемияға емес, бала туу жа­сындағы әйелдер санының аздығымен бай­ланыстырады. Осы орайда, Рейват Деонан­дан­ның: «Қоғам неғұрлым бай болса, бала­лар со­ғұрлым дүниеге аз келеді. Бұл демографияның заңы» деген сөзі еске түсіп отыр.  

Елдегі ахуал қалай?

Зерттеуші Мақсат Имандо­совтың айтуынша, 2020 жылдың сәуір айында қайтыс болғандар саны өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда айтарлықтай азайған. «2020 жыл­дың 1 жарты­жыл­дығындағы көрсеткіш те 2019 жылдың 1 жарты­жылдығымен са­­лыс­тырғанда аз. Ал мамыр мен маусым айларында пандемияға байланысты қайтыс болғандар саны бірнеше есе өсті», – дейді зерттеуші. Ал әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова адам өлімі, халық денсаулығының нашарлауы демо­графияға тікелей ықпал еткенін ай­тып отыр. «Пандемияның елі­міз­ге де, әлемге де тигізген әсері зор. Себебі коронавирустан көз жұмған­дардың саны елімізде және әлемде өлім көр­сеткішінің артуына алып келді. Сондай-ақ пан­демия кезеңінде некеге тұру көр­сеткіші де азаяды деген бол­жам­дар бар. Дегенмен пандемия біт­кеннен кейін туылым саны уақытша көбейгенімен, бірақ одан кейін бала туу көрсеткіші азаюы мүм­кін» деген пікірді алға тартады. Ол әрі коронавирус халық денсау­лығының нашарлауына, иммуни­теттің төмен­деуіне тікелей әсер етті деп отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы он­жыл­дығында халық саны азайғаны рас. Мақсат Имандосовтың ай­туын­ша, халықтың ең азайған кезі – 1999-2000 жылдармен тұспа-тұс келеді. Ол жыл­дары Қазақ­станда шамамен 16,8 млн халық болды. Кейінгі жыл­дары бұл сан ептеп көбейе бастаған. Соңғы 30 жылда ең көп сәби 2016 жылы дүниеге келген екен. Одан кейін бұл рекордты биыл жаңарттық. 2016 жылы 406 мың сәби дүниеге келіпті. Ал көрші өзбек елін­де жы­лына 800 мыңнан астам бала дүниеге келеді екен. Бұл дегеніңіз – бізден екі есе көп деген сөз. Статистикаға сүйенсек, Қазақ­станда 2020 жылдың бірінші тоқсанында 92,7 мың бала дүниеге келген, бұл 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда 0,8 пайызға артық. 2019 жылы Қазақстанда 403,1 мың сәби дүниеге келгені белгілі. Жалпы, туу коэф­фициенті бойын­ша Қазақстан көршілес Ресейден алда келеді. Демографтар карантин кезіндегі оқшау­лануға байланысты керісінше жақын болашақта туу көрсеткіші өседі деген болжам айтып жатыр. Ал 1 мамырға дейінгі статистика бойынша Қазақстан халқының саны 18,71 млн-ға жетіп отыр. Бұл да болса, қуанарлық жайт. Өткен жыл­мен салыс­тыр­ғанда 1,3 пайызға өсіп отыр.  

Аяулым БЕКТҰР