Конституциямыздың 10-бабының 3-тармағына және «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңның 3-бабына сәйкес басқа мемлекеттің азаматы біздің елдің азаматтығын ала алмайды. Бірақ қазақстандықтар арасында шет мемлекеттің азаматтығын Қазақстан азаматтығынан шықпай тұрып алатын жағдайлар кездеседі екен. Олар осы әрекеті арқылы заңсыз қос азаматтыққа ие болады. Екінші азаматтықты алудың негізгі себебі еркін қозғалу ғана емес, белгілі бір материалдық пайдаға қол жеткізуде жатыр. Мысалы, зейнетақылық есеп айырысу, бала туғаны үшін берілетін жәрдемақы болуы мүмкін. Заң бойынша олар өзге мемлекеттің азаматтығын қабылдамас бұрын қазақстандық азаматтықтан шығуы керек.
Қос азаматтықтың экономикалық себебі
Рас, әлемнің жекелеген елдерінде бипатризмге, яғни қос азаматтыққа рұқсат беріледі. Мұның экономикалық себебі бар. Аргентина, Канада, Австралия, Барбадос, Кипр, Уругвай, Мексика, Ямайка, Колумбия, Пәкістан, Латвия сияқты елдер бипатризмнің зиянынан пайдасын көбірек ойлайтын сыңайлы. Бұл елдердің бірқатары инвесторларға азаматтықты байлығы үшін береді, сөйтіп оның ақшасын ел экономикасына жаратады. Ол үшін өзге елдің азаматтығынан шығу талап етілмейді. Ал қос азаматтыққа рұқсат берген кедей елдер өз елінің азаматтарын жұмыс күші ретінде шетелге жөнелтуді мақсат тұтады. Шетелге шыққан азаматы өз елінде қалған туыстарына қаржы аудару арқылы әлеуметтік ахуалды жақсартады деп ойлайды. Қос азаматтыққа рұқсат берген елдер мемлекеттік қызметкерлерге, құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдеріне, жұмысы мемлекеттік құпияға байланысты қызметкерлер мен әскери қызметкерлерге қос азаматтық алуға тыйым салған. Ал Қазақстанда қос азаматтыққа түбегейлі рұқсат жоқ. Бірақ кісі қулығына құрық бойлаған ба? Қазақстан азаматтығынан бас тартып, шетел азаматтығын алған қазақстандықтар Қазақстанда ыхтиярхатпен шетел азаматы ретінде тұрып жатқандар да бар екен. Қазақстандықтар арасында Мальтада тұрақты тұру құқын алу бағдарламасы кең тараған. Бұл мәртебе қазақстандық инвестор мен оның отбасына өмір бойы Еуроодақ көлемінде еркін саяхаттауға «қосалқы қону аймағын» иеленуге мүмкіндік береді. Бірақ біздің айтпағымыз басқа. Қос азаматтықты анықтайтын Ішкі істер министрлігі жұмысының нәтижесімен бөлісуге аса құлықты емес. Себебі ашық деректерде қос азаматтықты анықтағаны туралы мәліметі 2018 жылдан бері жаңармай отыр. Сол жылы Ішкі істер министрлігі басқа елдің паспортын жасырған 15 мың Қазақстан азаматын құрықтағаны туралы ақпарат таратқан еді. Олардың көпшілігі Ресей азаматы екені айтылған. Бірақ олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер мен квазимемлекеттік ұйымдар басшыларының бар-жоғы белгісіз күйінде қалды. Бүгінге дейін мемлекеттік қызметкерлер арасында екі елдің азаматтығын иеленгендер бар ма деген сұрақтың жауабы жоқ. Қайбір жылы еліміздегі шенеуніктер мен депутаттардың арасында өзге мемлекеттің паспортын алғандар туралы еміс-еміс естіліп қалушы еді, кейін бұл туралы ақпарат алу қиындап кетті.Квазимемлекеттік компанияны басқаратын шетелдіктерді қайтеміз?
Айтқандай, Президенттің Жолдауында квазимемлекеттік кәсіпорын басшыларының арасында қос азаматтығы бар адамдардың да жұмыстан босатылатыны айтылды. Ал біздің елде квазимемлекеттік секторда басшылық ететін шетел азаматтары баршылық. Мәселен, ұлттық экономикамыздың басым бөлігін бауырына басқан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Директорлар кеңесінің төрағасы Джон Дудас Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның Біріккен корольдігінің азаматы. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамын Германия азаматы Питер Штурм басқарады, оның алдында бұл лауазымды басқа неміс маманы басқарған болатын. Аталған компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы Кун Кристиан да Германия азаматы екен. Бұл біз келтірген санаулы ғана тізім. Ұлттық компаниялардың ресми сайттарында мұндай лауазымдағы шетелдік менеджерлерді көп кездестіруге болады. Иә, олардың қос азаматтығы жоқ, бірақ шетел азаматы. Бұлардың қос азаматтығы барлардан қандай айырмашылығы бар? Анкара дағдарыс және саясат зерттеу орталығының Еуразия бөлімінің басшысы, саясаттанушы Дінмұхамед Әметбек ұлттық компанияларды басқаратын шетелдік азаматтардан қауіп жоқ деп санайды. «Квазимемлекеттік компанияларды шетелдіктердің басқаруынан қандай да бір қауіп көріп тұрғаным жоқ. Мұны тәжірибе алмасу, шетелдің тиімді тәжірибесін Қазақтанға әкелу деп түсінуіміз керек. Оның үстіне, шетелдіктер басқарған компанияларда сыбайлас жемқорлық жоқтың қасы, осы тұрғыдан қарағанда да тиімді дер едім. Дегенмен квазимемлекеттік компаниялардың мемлекет үшін қаншалықты стратегиялық маңызы бар екенін де назардан шығармау қажет. Егер стратегиялық маңызы жоғары компания болса, оны Қазақстан азаматы басқарғаны дұрыс деп ойлаймын», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, Қазақстан қоғамында квазимемлекеттік компаниялар жұмысына қатысты сын жиі айтылады. Себебі ол компаниялардағы қарапайым көлік жүргізушінің жалақысы да жоғары. Жалпы, шет мемлекеттен топ-менеджерлерді тарту тоқсаныншы жылдар басында кең қанат жайды. Бір ғана мысал, біздің елде Ұлыбританияның экс-президенті Тони Блэр де жұмыс істеген, аттай 5 жыл бойы сол кездегі Президенттің кеңесшісі болды. Ол Қазақстан Үкіметіне саяси-әлеуметтік реформалар жүргізу жөнінде кеңес беріп келді. Өзі құнды деп санаған кеңесі үшін қазынамыздан қомақты жалақы алып тұрған Блэр мырза Қазақстан азаматтығын алған-алмағаны белгісіз, бірақ бес жыл бойы қомақты табыс тапқаны анық. ... 2014 жылы Еуразия экономикалық одағы туралы келісім жасау кезінде Ресей тарапы Қазақстан мен Беларуське одақ шеңберінде қос азаматтыққа рұқсат беруді ұсынады. Абырой болғанда, қазақстандық тарап бірден бас тартыпты деген әңгіме бар. Ұсыныс жасаушылар бірыңғай одақ құрып жатсақ, үш елдің азаматтары үш елдің арасында еркін қозғалып, жұмысқа да ешбір кедергісіз орналаса алуы керек деген уәж айтқан. Мұндай уәжді 2014 жылы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заң жобасының түсіндірмесінен де кездестіруге болады. Егер сол кезде біздің тарап табандылық танытып, қарсылық білдірмегенінде, Президенттің кешегі Жолдауында біз атаған мәселе көрініс таппауы да мүмкін еді...Халима БҰҚАРҚЫЗЫ