Ауылда кезекші сынып ашылған жоқ
Ауылда кезекші сынып ашылған жоқ
350
оқылды
Жаңа оқу жылында 2,6 млн оқушының 15%-ы  мектеп табалдырығын аттады. Министр мәлімдегендей, ата-аналардың өтінішімен мектептерде кезекші сы­ныптар жұмысын бастады. Бұдан бұрын айтылғандай, санитарлық талаптар сақ­талып, жаңаша сабақ кестесі құрылды. Әр қаладағы Білім басқармалары ахуалды қадағалап, кезекші сыныптардың жай-күйін бақылауды қолға алған. Елордадағы кезекші сыныптар жайлы қалалық Білім басқармасының баспасөз хатшысы баян­дап берді. «Нұр-Сұлтан қаласында бастауыш сыныпта 82 мың бала оқиды. Соның 41 мыңы кезекші сыныпта оқуға өтініш білдірді. Барлығы 3 002 кезекші сынып ашыл­ды.  Аталған сыныптарда санитарлық талаптарға сай дезинфекциялық тон­нельдер орнатылды. Балалар арақа­шықтықты сақтау үшін белгі орнаттық. Оның ішінде қажетті дезинфекциялық құралдардың бәрін сатып алдық. Қаладағы кезекші сыныптың барлығы 1 қыркүйекке дайын болды», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының баспасөз хатшысы Алтынай Зарлыққызы.  

Кезекші сыныптағы механизмді біле­сіз бе?

Басқарма өкілі мәлімдегендей, елор­дадағы бірнеше мектеп оқушыларды қа­былдап алуға сақадай сай болған. Соның бірі – қаладағы №67 мектеп гимназия. Бі­лім ордасының директоры Гүлжанат Асанқызы кезекші сыныптардың жұ­мыс істеу механизмімен таныстырды. Білуімізше, еліміздегі ата-аналардың біразы мектептегі санитарлық талап жағдайына байланысты баласын мектепке жібермеген деседі. Осыған байланысты директордан кезекші сыныптың күн тәртібі жайында сұрадық. «№ 67 гимназияда  39 кезекші сынып жұмыс істеп жатыр. 1 сыныпта – 20 топ, 2 сыныпта – 8 топ, 3 сыныпта 9 және 4 сыныпта 5 топ бар. Әрбір сынып мектепте жеке-жеке кабинетте оқиды. Түрлі блокқа орналастырдық. Кезекші сыныпқа сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімдерінен де келісімі бойынша кезекші сыныпқа қабылдадық. Қазір кезекші топ арнайы сабақ кестесі бойынша оқып жатыр», – дей­ді №67 мектеп гимназия директоры Гүлжанат Асанқызы. Күнделікті кезекші сыныпқа келген оқушыларды мұғалімдер күтіп алып, дене қызуын өлшейді. Оқушылар за­лал­сыздандыратын тоннель арқы­лы мектепке кіреді. Қолдарын сани­тайзермен залалсыздандырады. Ке­зек­ші сыныптардың блоктары бө­лек болғандықтан әр блокқа, оқу кабинеттеріне барады. Ескерер жайт, бір партада бір ғана оқушы отырады. Сы­ныптың ішінде санитайзерлер бар. Кварц та бар. Үзіліс уақытында сыныптың іші желдетіледі және кварцталады. Иә, кезекші сынып ашылатынын естігеннен бастап «баламды мектепке апарамын» дейтіндер көп болған-ды. Мәселен, елордалық журналист Еркін Шәкірұлы мен Талдықорған қаласының тұрғыны Анар Нұржанқызы балаларын кезекші сыныпқа бергеніне дән риза. Олардың айтуынша, мұғалімдер алдын ала сауалнама жүргізіп, кезекші сыныпта оқитын бала санын анықтаған. Ал Ақтөбе қаласының тұрғыны Ғалия Жарылқапқызының ұлы 4-сыныпта оқиды. Бірақ ол баласын кезекші сы­нып­та оқытудан бас тартқан. Себебін сұ­рағанымызда мектептегі санитарлық та­лапқа және елдегі эпдемиологиялық ах­уалға байланысты ұлын онлайн режимде оқытатынын айтты.  

Мұндай мүмкіндік бәрінде жоқ

Расымен, мектептегі санитарлық та­лаптар біразының көкейінде күмән туғызады. Оның үстіне, еліміздің кей аудандарында кезекші сынып ашылған жоқ. Себебі олардың мектеп алдында за­лалсыздандыратын тоннель орнатып, әр сыныпқа санитайзер қоятын жағдайы жоқ. Сондықтан кейбір ауылды жерлерде онлайн сауалнама, кезекші сынып дейтін тақырып «жабулы қазан жабулы» күйінде қалғаны белгілі. Ауыл мен аудан дейміз-ау, Алматы қаласының өзінде кезекші сыныптарды ашу әлі күнге жалғасып жатыр. Өйткені қалада бала саны көп әрі бастапқыда өзі­міз үйде оқытамыз деген ата-ана­лар бастауыш сынып баласына әлі жет­пей­тінін кейіннен түсінген. Алматы қа­ласындағы Білім басқармасынан қа­лада 97 мектепте 209 кезекші сынып ашылғанын білдік. Басқарманың баспасөз хатшысы қызметін атқарушы Қуандық Серікжанұлы шамамен  3 135 баланың ке­зекші сыныпта оқитынын айтты. Әр сыныпта 15-14 баладан жинақталған. Жоғарыда кезекші сынып ашу жайы әлі жалғасып жатқанын жаздық. Мәселен, қала тұрғыны Жадыра Сәбитқызы бас­тауыш сыныпта оқитын 2 баласының да онлайн режимде білім алатынын айт­ты. Себебі балалары оқитын мектепте ке­зекші сыныпта оқу жайы сөз болмаған. Оның айтуынша, қос ұлының онлайн сабағы бір уақытта басталады. «Сол тұста кімге бірінші көмектесерімді білмей қаламын» дейді ол. Оған қоса кейіпкеріміз мектепте санитарлық талаптың қатаң сақталарына күмәнмен қарайды. Бірақ кезекші сынып ашылар болса, ата-аналар балаларын мектепке жіберуге дайын. Өйт­кені балалардың сабағына бірдей үлгеріп, тапсырмасын қарауға уақыт тапшы. Сон­дықтан ата-аналар бірігіп, мектепке кезекші сынып ашу жайында өтініш жазу­ды қолға алған екен.  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ