Әулиеата әкімдерінен маза қашты
Әулиеата әкімдерінен маза қашты
© коллаж: Елдар Қаба
273
оқылды
 

Жаңа оқу жылына он күн қалғанда...

Жалпы, осыдан екі жеті бұ­рын аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы жаңа оқу жылына да­йындық барысын пысықтап, қызметіне атүсті қарағандарды  қа­таң сынға алған болатын. – Жаңа оқу жылына дайындық шараларына байланысты көптеген тапсырма берілген болатын. Нә­тижелер көрсетіп отырғандай, ол тапсырмалар орындалмаған. Өңірде мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілуде. Бұл жұмыстарға жет­кілікті қаржы бөлінген. Жоспарға сәйкес көптеген нысандағы құ-рылыстар 25 тамызға дейін аяқ­талуы  керек. Алайда менің бай­қауымша, нысандардың құрылысы күзде, оқушылар мектепке ба­руға мәжбүр болған кезде ғана аяқ­талмақ. Көбісі оқу қашықтан өтеді деп үміттенуде. Сондықтан олар аса асықпайды. Осы орайда, білім беру саласындағы жұмыстардың өте нашар жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Бұл оқулықтармен және компьютерлермен қамта­масыз етуге де қатысты, – деді об­­лыс басшысы. Сонымен қатар ол мердігер­лердердің асықпай жүргенін, аудан әкімдері, құрылысқа жауапты бөлім басшыларының мәселеге назар аудармай отырғанын айтқан еді. Облыс басшысы сырттағы мек­теп дәретханаларына қатыс­ты да сын айттты. Облыс әк­імінің тапсырмасы бойынша, олардың бәрі 1 қыркүйекке дейін мектеп ғимараттарына енгізілуі керек болатын. Бұл үшін 1,1 мил­лиард теңге бө­лінген. Белгілі бол­ғандай, осы уақытқа дейін 285 дә­ретхананың тең жартысы ғана көшірілген. Бұл орайда, Байзақ, Қордай, Меркі, Шу аудандары айтарлықтай артта қалып отыр. – Мен аудан әкімдерінің қа­лай тыныш ұйықтайтынын тү­сінбеймін. Олар­дың орнында бол­сам желтоқсан айында ба­ла­лардың күн сайын көше дәрет­ханаларына қалай баратындарын ойланатын едім. Бұл – балалардың алдында ұят, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы жауапты мамандарға олқылықтардың ор­­нын толтыруға он күн беріп, осы мерзімде сыннан сабақ шы­ғармағандар қатаң жаза­ланатынын ескерткен.  

Сыннан сабақ шықпады...

Облыс әкімі берген он күндік сынақтан  кейін де көп нәрсе оңала қоймады. Оны кезекті жиын­да аймақ басшысы Бердібек Сапар­баевтың өзі ашып айтты. – Өкінішке қарай, кейбір мек­теп әлі де жаңа оқу жылына толық дайын емес. Бұл дұрыс жос­парламаудан, бақылау және да­йындық шараларының әлсіздігінен болып отыр. Бірқатар мектеп дәс­түрлі режимде жұмыс істей ала­ды. Алайда  кейбір директор бастарын қатырып, мәселелерді шешуге құлықсыз.  Олар үшін барлығын карантинге жауып, бала­ларды қашықтан оқытуға жіберу әлдеқайда оңайырақ, – деді Бер­дібек Машбекұлы. Өз кезегінде облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелерін тілге тиек етіп, ҰБТ қорытындысының орташа көрсеткіші өткен жыл­мен салыстырғанда 20,2 балға төмендегенін, ол барлық параметр­ге кері әсер еткенін жеткізді. – 100 балдан жоғары алған ҰБТ-ға қатысушылардың саны 24,9 пайыздан 12,1 пайызға дейін төмендеді. Егер өткен жылы ҰБТ-ға қатысқан түлектердің 12 пайызы шекті деңгейден өте алмаса, биыл бұл көрсеткіш 24,8 пайызды құраған. Әсіресе, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов ауданындағы түлектер  төмен нәтиже көрсеткен. 21 оқу ор­дасында ҰБТ-ның орташа балы 50 балдан аспаған. Бұл мектеп басшылары мен пән мұғалімдерінің өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарамауынан, түлектердің оқуға деген ынтасының төмендігінен болған. 382 «Алтын белгі» ие­герінің ішінен 171 түлек қана өз білімін дәлелдеп, ҰБТ-да 100-ден жо­ғары балл жинай алды, – деді бас­қарма басшысы. Мұндай ақпарды естіген Берді­бек Сапарбаев көптеген мектеп директоры өздерін білім беру ме­ке­мелерінің қожайынымын деп санайтынын, олар ҰБТ нәти­желері, оқушылардың білім сапасы мен мұғалімдердің біліктілігін арт­тыру мәселесі үшін бас қатыр­ғылары келмейтінін қатаң сынға алды. Басқосуға онлайн режимде қатысқан облыстық Полиция де­партаментінің бастығы Жанат Сүлей­менов болса,  мектеп ди­ректорлары өздері басқарып отыр­­­ған  оқу орнының  рейтингін тө­мендетпеу үшін бұзақы оқу­шылар туралы нақты ақпарат бере бермейтінін ашып айтты. Ал  жа­за­сыз қалған тентек оқушылар тәртіп бұзуын жалғастыра береді.  

Әкім ешкімді аямады

Міне, осылайша жаңа оқу жылына дейін екі мәрте кеңес өткізіп, кемшіліктерді өзі тізіп шыққан Бердібек Машбекұлының шыдамы таусылды ма, Білім бас­қармасының басшысы мен аудан әкімдеріне бір-бір жазаны арқалатып жіберді. Жалпы, биыл облыста 95 ме­к­тепте күрделі жөн­деу жұмыстары жүріп жатыр. Ал 285 білім беру мекемесі жылы дәретханалармен қамтамасыз етіл­уі тиіс. Алайда 42 мектепте ішкі дәретхана орнату жұмыстары аяқталмаған.  Кесте бойынша көптеген нысан жаңа оқу жылы­ның басында тапсырылуы керек болғанымен, сылбыр жұ­мыс­тың салдарынан құрылыс жұ­мыстары кешіктірілуде. – Ешкім тығырықтан шығатын жол іздемейді. Барлығы қашықтан оқытуға ұмтылады. Дәстүрлі оқы­ту түріне қайта көшуге қанша мек­тептің мүмкіндігі бар екені туралы әлі күнге нақты ақпарат жоқ. Бізде ондай мектеп аз емес. Айталық, екі мыңнан астам бала оқитын Та­раз қаласындағы №12 мектеп-гимназиясында кезекші топтарда бар-жоғы 60 бала оқиды, – деді облыс әкімі. Ал аудан әкімдері бар кінәні  мердігерлерге сілтеп, ақталуға ты­рыс­ты. – Бір компания  бірден 22 ны­санда жұмыс істейді. Құ­рылысшылары аз, сондықтан үлгермей жатады. Біз жұмысшылар тауып беруге кө­мектестік, бірақ әлі де кестеден қа­лып келеміз, – деді  Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ерге­беков. Алайда бұл жауап аймақ бас­шы­сын қанағаттандыра қоймады. – Жұмыс барысын басынан бастап қадағалау керек еді. Мұны кеш түсініп, енді кінәлілерді іздей бастадыңыздар. Судан құрғақ шық­қыларыңыз келеді, – деген Бердібек Сапарбаев дәл осындай ескертулерімен Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековті де сыбап алды. Бұл ауданда  21 мектепте жылы дәретханамен жа­­бдықтау мәселелері шешіл­меген. Ал дәстүрлі түрде оқитын оқушылардың үлесі тек  7 пайызды құрайды. – Меркі ауданындағы №44 орта мектепте жұмыс 57 пайыз­ға ғана орындалған. Кейбір мек­тептегі жағдай одан да төмен. №11 орта мектепте атқарылған жұмыс көлемі 60 пайыздан аспайды. Шу ауданындағы бір мектептің жөндеу жұмыстары тек 44 пайыз­ға ғана аяқталған. Сіздердің ой­ларыңызша, бұл қаншалықты дұ­рыс?! – деді облыс әкімі. Бұдан бөлек, өңір басшысы Қор­дай ауданы мен Тараз қа­ла­сындағы жағдай да көңіл көншіт­пейтінін баса айтты. Осындай олқылықтарды көз­ге шұқып тұрып көрсеткен Бердібек Сапарбаев жиын соңында бұған дейінгі ескерту мен сыннан са­бақ шығармағандардың «сы­бағасын» үлестіріп берді. Атап айтсақ,   Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков пен Меркі ау­данының әкімі Мейірхан Өмір­бековке қызметіне толық сәй­кес еместігі туралы ескерту бер­­­­се, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов пен Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергеноваға сөгіс жарияланды. Ал Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев пен Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулетке ескерту түріндегі жаза та­ғайындады.   P.S.

Жайшылықта жұмысы сынға алынғанда оны ақылға емес, мақұлға салатын басшылар бұл жолы қыз­метте қалқып жүрсе, ешкім басынан сипамайтынын түсінгендей. Ал Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков пен Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековтің бұл карантин кезіндегі екінші ескертуі екенін ескерсек, қос әкімнің басына қара бұлт төніп тұрғандай. Сондай-ақ Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергеноваға да жұ­мысын ширатпаса болмайды. Өйт­кені ол басшылық қызметке кел­геннен бері жұмысына облыс әкімі тарапынан да, қара халықтан да көп сын айтылуда.

 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы