Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Еріктілер лигасы» қоғамдық қоры жастар арасында волонтерлік брендін танымал ету үшін «Ашық жүрек» жобасын таныстырды. Бұл жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асады.
Бұдан былай волонтерлар өз жобасын ұсынып, соның арқасында 107 шағын гранттың бірін ұтып алуға мүмкіндік алады. Бұл туралы жиында «Еріктілер лигасының» үйлестіру кеңесінің мүшесі Азиз Оралбекұлы айтты.
– Шағын гранттар байқауы «АШЫҚ ЖҮРЕК» жобасы аясында өткізіледі. Барлығы 107 шағын гранттар. Қазақстан Республикасының барлық өңірлері бойынша бастамашыл топтар үшін 300 000 (үш жүз мың) теңгеден 56 шағын грант, 300 000 (үш жүз мың) теңгеден 42 шағын грант 14 облыстың волонтерлері мен волонтерлік ұйымдары үшін беріледі. 500 000 (бес жүз мың) теңгеден 9 грант Республикалық маңызы бар қалалардың волонтерлеріне арналған, – деді ол.
Шағын гранттар конкурсына қатысуға жеке тұлғалар, бастамашыл топтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдары да қатыса алады. Барлық үміткерлер liga.org.kz. платформасына тіркеліп, толығырақ ақпаратпен танысуына болады.