Шаңыраққа шаттық сыйлады

Шаңыраққа шаттық сыйлады

Бұрнағы жылдары әрқайсысы маусымын жеке-жеке ашатын Жетісудағы мәдениет ұйымдары биылғы жұмыс маусымдарын жаңалықпен бастады. Мәдениет пен өнерге қатысы барлардың барлығы мәдениет басқармасының ұйыт­­қы болуымен бас біріктіріп, маусымды бір күнде ашып, оған «Мәдениет маусымы» деген атау берді. Салтанатты ша­ра басталмас бұрын өткен жылы пайдалануға берілген Бикен Ри­мова атындағы драма театрда журналистерді жинаған Же­тісу мәдениетінің жетекшілері өздерінің қазіргі жағдайлары, мем­лекет пен облыс тарапынан жасалып отырған қолдау, жаңалықтары мен тың ізденістері туралы жан-жақты айтып, қойыл­ған сауалдарға тиянақты жауап қайтарды.

Іле-шала драма театр алдын­дағы салтанатты алаңға жиналған өнерсүйер жұртшылық алдына Мұ­қан Төлебаев атындағы ха­лық аспаптар оркестрі және «Саз­ген», «Адырна» фольклорлы-эт­­­­ног­рафиялық ансамбльдері шы­ғып, өнерлерін паш етті. Бірінің орын­­даған туындысын, екіншісі іліп әкетіп, көрерменді та­ма­ша әсерге бөледі. Бикен Ри­мо­ва атындағы театр ұжымы сал­танатты сәтті «Біржан-Сара» опе­расынан, «Керей-Жәнібек» спектаклінен үзінділер көрсетумен жа­лғастырды. Туған жерге тағ­зым­ етуде үндейтін керемет би ком­по­зициясы аясында қазақы дәстүрге сай шашу шашылды.

Мәдениет саласының қыз­мет­керлерін жаңа маусымның ашы­луымен құттықтаған Алматы об­лысының әкімі Амандық Баталов:

– Сіздердің сан қырлы шығар­ма­шылық еңбектеріңіз бен іргелі із­деністеріңіздің арқасында Же­­­тісу жерінің мәдениетінің мәр­те­бесі асып, алдағы жылдарда да жемісті еңбек етудің негізі қа­лануда. Руханият пен әдебиетті, мә­дениетті бір-бірінен ажырата қа­рауға болмайды. Аталған саланың дамуы халықтар мен ұр­п­ақтар арасындағы сенімді бай­ланысты одан ары нығайтып, жал­ғастықты қамтамасыз етеді. Жеке тұлғалардың рухани тұрғы­да қалыптасуына оң ықпал жа­сап, жас ұрпақты туған ел мен жер­ге деген сүйіспеншілікке тәр­биелейді. Ұлттың өзіндік ерек­ше­лігі мен құндылығының сақ­талуына мәдениетті жан-жақты қолдау арқылы ғана қол жеткізуге болады. Қазіргі кезде осынау жетекші салада үш мыңнан астам дарынды адам қызмет етеді. Олардың күнделікті еңбегі мен ынтасы арқасында біздің өлкенің мәдениеті мен өнері жалпақ жұрт мойындайтын жағдайға жетті.

Еліміздің мәдени мұрасы мен құндылығы сақталып қа­на қоймай, алға жылжыған жыл­дармен бірге өркен жайып, өріс­теп келеді. Мәдениет пен әде­биеттің, өнердің ел мойындаған белгілі тұлғаларының аманатын абы­роймен орындаудасыздар. Біз сіздермен мақтанамыз, жаңа маусым жаңалықтар мен же­тіс­тік­тер әкелсін, – деп мәдениет са­ласының сардарлары мен сар­баздарына сәттілік тіледі.

Жетісу жерінде бүгінде 500-ден астам мәдениет мекемесі ха­лыққа қызмет көрсетеді. Саланың бюджеті де жылдармен бірге артып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Батыр бабалар» ме­мо­риалдық кешені, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы сынды жо­балар жүзеге асырылған. Тал­дықорғандағы драма театрға арналып жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілгенін жоғарыда айттық. Жаркент өңірінде Орбұлақ мемориалды кешені тұрғызылды. Облыс орталығындағы Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өтті. Талғар ауданындағы Жаңалық ауы­лында саяси қуғын-сүргін құр­бандарының музейі ашылды. Бұ­дан басқа да жүзеге асырылған игі істер баршылық.

Мәдениет маусымының ашы­­луындағы басты жаңалық – ме­реке иелерінің облыстағы төрт бірдей көпбалалы отбасыға тұр­ғын үй тарту етуі болды. Жетісу же­рінің мәдениет саласының қыз­меткерлері, ақындары мен жазушылары, жергілікті бұ­қар­алық ақпарат құралдары ұжымдары, сазгерлер мен аса­ба­лар өздері жинаған қаражатқа үй­сіз-күйсіз жүрген төрт шаңырақты қуантты. Кербұлақ ауда­нын­дағы бес баланың анасы Жұл­дыз Сұлтанбаева, төрт бала өсі­ріп отырған қараталдық Ай­нұр Исаева, Ақсу ауданынан кел­ген көпбалалы ана Толқын Жат­қанбаева және текелілік алты ба­ланың анасы Қалиман Мақай сол жерде үйдің кілтін алып, мерейі тасыды. Облыс басшысы бас­па­на­лы болғандарға тарту жа­­­сады. Шарапатты істермен өр­­­нектелген шара облыстағы мә­де­­ниет ұжымдарының қойған кон­­цертіне жалғасты.

 

Болат АБАҒАН, Алматы облысы