Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Еріктілер лигасы» мүшелерінің қатысуымен өткен басқосуда еліміздегі волонтерлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын ерекше атап өтіп, жастардың елдік жолында еңбек етуге құлшынысы артқанын жеткізді.
Пандемия кезінде әр өңірдегі ерікті жастар дәрігерлер мен науқастарға көмек жеткізіп отырғанын білеміз. Сондықтан қысылтаяң шақта ақ халаттылардан кейін еңбегі сіңген жандар ретінде волонтерлерді атап өтсек болады. Осы орайда «Қазақстан волонтерлер лигасының» төрайымы Айсұлу Ерниязова еріктілер игі іс бағытында әрқашан жұдырықтай жұмыла береріне сенім білдірді.
– Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына кезекті жолдауын тыңдадық. Сонда бір аңғарғанымыз – жастардың бойында еңбек құндылығына деген қабілетті арттыруымыз тиіс екен. 2013 жылы «Еріктілер лигасын» құрудағы мақсатамыз да осы еді. Жастардың жобасына қолдау білдіру жайлы ой сол кезде туындады. Мысалы, EXPO-2017 Халықаралық көрмесінің кезінде волонтерлердің атқарған қызметі көп болды. Көрмеге қатысқан әрбір бесінші волонтер біздің «Еріктілер лигасының» мүшесі еді. Сондықтан қоғамдық қызмет көрсету, елдің дамуы бағытындағы жобаларға еріктілерді көптеп тартқанымыз жөн. Бұл тұрғыда Jas Otan Жастар қанатын үлгі етсек болады, – деді ол.
Бұдан кейін жиынға қатысушылар Biz Birgemiz акциясы мен мемлекет тарапынан жастарға қарастырылған жаңа мүмкіндіктер жайлы талқылады.