Министрлік vs Азия Авто: ақиқат қайда?
Министрлік vs Азия Авто: ақиқат қайда?
456
оқылды
Бірден айтайық, осы холдингтің өз дерегінше, «Азия Автода» небәрі 638 адам ғана жұмыс істейді. Бүкіл холдингті жұмылдырса, 5 мыңдай адам шығады. Мемлекет басшысына ашықхаттың ас­тына осынша адам қол қойса да жеткілікті болатын. Алайда алпауыт оны қомсын­ғанға ұқсайды. Содан 2020 жылғы 19-26 тамыз аралығында, бір апта бойы бүкіл қазақстандыққа жүгініп, жалпыұлттық деңгейде қол жинаған. Ақыры 45 мың 959 азаматты өз жағына шығара алыпты. Сонша адамды қалай иліктіргені жұмбақ. Айтқандай, министрлікпен алысқан алпауытты қолдаушылар қатарында белгілі тұлғалар да бар. «Президентке үндеу – мәжбүрлі шара. Холдинг 28 жылдық тарихында алғаш рет салалық министрлікпен қа­рым-қатынасына Мемлекет басшы­сының араласуын сұрап отыр. Жағдайды шешудің басқа барлық құралын қол­да­нып көрдік. Сот органдарында әділетті шешімге қол жеткізе алар емеспіз. Ми­нистр­ліктің әрекеті «Азия Авто» жұ­мысын бұғаттап тастады, бюрократиялық жасанды кедергі туғызды. Бұл зауытты тоқтауға мәжбүрлеуде», – дейді Вера Сухорукова. Ел оны Өскеменнің 1999-2003 жылдардағы әкімі, ІІІ шақыры­лым­дағы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде біледі. Қазіргі уақытта Вера Николаевна – «Азия Авто» АҚ басқарма төрағасының орынбасары. «Мұның қауіпті құбылыс екеніне на­зар аудартқым келеді. Егер әлдебір бейінді министрлік «мойнына алған мін­деттемесін орындамады» деп суб­сидиядан айырған барлық ірі зауыт-кәсіпорын халықты толқытып, мыңдап қол жинауға көшсе, артында қанша адамның тұрға­нын аңғартып, әлдебір сес көрсеткендей, Мемлекет басшысын мазалай берсе, тұ­рақтылықтан сау-там­тық қалмауы мүм­кін. Ендеше бизнес­мендер экономикалық мәселелерге саяси реңк беруден бойды аулақ ұстағаны жөн. Бәрін келіссөз арқы­лы шешуге болады. Тәуелсіздік жылда­рында бизнесмендердің, ірі кәсіпорын­дардың бәрі дерлік мемлекеттің, Елба­сының қолдауымен пайда болғаны рас. Сондықтан олардың мемлекеттік ор­ганға, яғни мемлекетке қарсы қол жи­науы түсініксіз», – дейді саясаттанушы Зейін Сабырқұлов. Осы орайда, Өскемен жақ – шекараға жақын, Ресей мен Қытай секілді алпауыт­тар көз тіккен өңір екенін де естен шы­ғар­маған жөн. Ол мекеннің тыныштығы маңызды.  

«Зауытты да, өңірді де қорғаймыз!»

«Біз зауытымыздың тағдыры үшін, біздің өңірдің болашағы үшін, отбасыларымыздың тағдыры үшін күресетін боламыз!» (Мы будем бороться за судьбу нашего завода, за будущее наших регионов, за судьбу наших семей!) деп биік күрескерлік рухын паш етеді кәсіпорын. Дәл осы ұрансөз «Азия Автоның» ресми сайтында орналастырылған. Зауыт­тың жайы белгілі. Ал бүкіл Шығыс Қазақстан өңірі үшін күресетіндей өңірге қандай зауал келгені бей­мәлім. Бұл «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобының еңбек ұжы­мының үндеуі» деп атал­ғаны­мен, өзгелерге ашық болды: «хол­динг қызметкері болмасам да, тө­мендегі үндеуді қолдаймын және қол қоя­мын» делінген онда. Соны­мен, петицияға қол қоюшылар нені көксейді? Петиция: «мүдделі тұлғалар то­бы ұзақ уақыт бойы Өскемен қа­ласындағы «Азия Авто» бірінші қазақстандық автомобиль зауытын толық тоқтатуға бағытталған жос­парлы, күйретуші, деструктивті қызметін жалғастырып» жатқанын мәлімдеуден басталады. Бірақ ол топқа кімдер жататыны айтыл­май­ды. Бір байқалғаны, петицияда нақтылық, деректер мен дәйек­темелер жоқ. Кімді айыптайтыны жасырын. Жалпы сөздерге құ­рылған. Байбаламы басым. «Біз және отбасыларымыз бір­неше айдан бері осы белгісіздік ауан-атмосферасында өмір сүруде­міз. Пандемия күрделендірген дағ­да­рыс ахуалында бізді жұмыссыз, тіршілікке қажетті табыссыз қал­дыр­ғысы келеді. Егер туындаған мәселелерді шешу үшін авто­өнер­кәсіп кәсіпорындарына бағыт­тал­ған мемқолдаудың орынды­лығын шынайы бағалау, сондай-ақ мем­ресурстардың бөліну тиімділігін тексеру қажет болса, Сізден, Пре­зидент мырза, саладағы барлық кәсіпорындарға жариялы, жаппай, объективті және айқын тексеру жүргізуге бастамашы болуыңызды өтінеміз» деп жазады петицияны құрастырушылар. Сонда олар неден үміттенеді? «Қазіргі кезде жүріп жатқан рейдерлік бассыздық тоқтатылады және жүргізілген талдау саладағы толық көріністі паш етуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Президент мыр­за, жағдайға Сіздің жеке арала­­суыңыздан және мәселенің әділ шешілуінен үміттіміз» делінген пе­ти­­цияда.  

Министрлік жұмыс тауып бере ме?

Өз кезегінде Индустрия және инфра­құрылымдық даму министр­лігі жұмада, 28 тамызда кезекті рет қазақстандықтарға қайырылып, «ақпа­раттық арандатуларға беріл­меу­ді» сұрады. –Қазіргі уақытта «Азия Авто» компаниялар тобы уәкілетті мемле­кеттік органға қысым көрсету мақса­тында негізсіз және шындыққа сәйкес келмейтін бірқатар деректі таратуда. Осыған байланысты мынаны хабарлаймыз: Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты да, сондай-ақ апелляциялық сот алқасы да бұрын жасалған келісімдер бойынша «Азия Авто» АҚ, «Азия Авто Қазақстан» АҚ өз міндет­темелерін бірнеше рет бұзғанын анықтады. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 2020 жылғы 24 тамыздағы шешіміне сәйкес, 2017 жылғы 7 сәуірдегі Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге 2019 жылғы 4 қарашада жасалған №1 қосымша келісім жарамсыз деп танылды. Ал 2017 жылғы 7 сәуірдегі бастапқы ке­лісімнің күші жойылды, – деді ИИДМ баспасөз қызметі. Ведомствоның түсіндіруінше, соттың бұл шешімдері автозауытты жаппайды. «Азия Автоға» ары қарай жұмысын жүргізіп, көлігін шығара беруіне болады. Бірақ сот үкімі оны мемлекеттік жеңілдіктерден айыр­ды. «Сот шешімі холдинг зауытта­рындағы өндіріс пен жұмыс проце­сін тоқтатпайды. Компания енді мемлекеттік преференцияларсыз-ақ өз жұмысын одан әрі жалғастыра алады. Оның үстіне, «Азия Авто» мен «Азия Авто Қазақстан» Өнер­кәсіптік құрастыру туралы келісім аясында өндірістік қуаттарды салу және пайдалануға беру бөлігіндегі міндеттемелерін толық орындаса, ондай жағдайда уәкілетті орган қайтадан мемлекеттік преферен­циялар беруді көздейтін жаңа ке­лісім жасау мәселесін қарайтын болады», – деді министрлік. Министрлік «Азия Авто» ұжы­мына қайырылды: «Холдинг кәсіпорындарының қызметкерлерін қосымша хабардар етеміз: егер сіздерді жаппай негізсіз жұмыстан босатуға барса, ол дерек­терді тексеруі үшін мемлекеттік ең­бек инспекциясына өтініш бе­руіңізді сұраймыз. Сондай-ақ біздің министрлік қолдау көрсетіп, маши­на жасау саласының маман­дарын еліміздің басқа кәсіпорын­дарына жұмысқа орналас­ты­ра­тынына кепілдік береді. Өйткені қазіргі уақытта осы салада мамандар тапшылығы байқалады», – деді ИИДМ.  

Бейбіт неге «соғыс» ашты?

Ұзын сөздің ырғасы сол, «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобы жеңілдік-преференциялардың жойылуы зауыттың тоқтауына әкеліп соқтырады дейді. Ал ми­нистрлік келісімді бұзбауға амал қалмағанын, себебі «Азия Авто» 10 жыл бұрынғы уәдесін де орын­дамағанын алға тартады. Қазақстанда екі ірі автозауыт бар екені белгілі: бұлар – Қостанайдағы «Сарыарқаавтоөнеркәсіп» және Өскемендегі «Азия Авто». Екеуі де шетелдік (Ресей, Қытай, Корея, Франция, Чехия) көліктерді ша­шылған күйде тасып, елде құрас­тырумен шұғылданады. Үкімет олардан жергілікті мазмұнды арт­тыруды, мысалы автомобильдің ша­­нақ-кузовын өз елімізде жа­сайтын және оны бояйтын цехын іске қосуды талап етіп келеді. Солай жасауға қос зауыт та сөз берген. Оны орындау үшін шикізат өз елімізде жетіп артылады. Тек ынта болса. Аты – қазақстандық, тегі – импорт «отандық көліктерге» Үкі­мет ұзақ уақыт жүйелі әрі жан-жақ­ты қолдау көрсетіп келеді. Тіпті, меморгандарға шетелден «темір тұлпар» алғызуына тыйым салынып, жергілікті қос зауыттың моно­полиясы енгізілді. Алайда шыдам­ның да шегі бар. Өскемендегі кәсіпорын биылғы 11 сәуірде Индустрия министр­лігінен өзара келісімнің бұзылатыны туралы хат алған. Айғай-шу сонда басталды. Компаниялар тобының басшысы алдымен Үкімет басшысы Асқар Маминге және Парламент депутаттарына бейнеүндеу жолдады. – Коронавирус пандемиясы және дағдарыс кезінде бізге қарсы жау пиғылды қарекеттердің қолға алынуы кездейсоқ емес. Әлдекім төтенше жағдайды пайдаланып, нарықты монополияландырғысы келеді, – деп тұспалдады «Азия Авто Қазақстан» АҚ бас директоры Ер­жан Мандиев. Мұны министрлік жоққа шы­ғарады. Оның дерегінше, «Азия Авто» 2010 жылғы 24 маусымда мемлекетпен келісімге отырып, 7 жыл ішінде, яғни 2017 жылдың 1 маусымында көлік шанағын дәне­керлейтін және бояйтын техно­логиялық құрылғыны іске қосуға міндеттелді. Берілген мерзім өтті, міндеттеме орындалмады. Ми­нистр­лік сонда жұмсақтық танытып, 2017 жылғы 7 сәуірде қосымша келісім жасасып, ескі міндеттемені орындау мерзімін 2019 жылғы 1 желтоқсанға дейін созды. Ол меже артта қалды. «Азия Авто» 2012 жылғы 19 желтоқ­санда өзіне қоса жаңа «Азия Авто Қазақстан» АҚ компаниясын құрады. Арада бір аптадай уақыт өткенде, 28 желтоқсанда жаңа кәсіпорны да министрлікпен мо­торлы көлік құралдарын өнер­кәсіптік құрастыру туралы келісімге отырады. Оған сәйкес, 2019 жылдың 1 желтоқсанына қарай ол көліктің шанағын дәнекерлеу және бояу цехын ашуы тиіс болды. Бұл уәде де босқа «сүрленіп» жата берді. 2020 жылғы сәуірде жылдық есеп түскенде тұтас құрлықтың атауын иеленген қос кәсіпорын мін­дет­темелерін ақыры орын­дама­ғаны расталды. Содан кейін Бейбіт Атам­құловтың ұжымы «бейбіт саясатын» тыйып, пәрменді шара­ларға, тегеу­рінді қимылға көшті, өз ісіне салғырт инвестор­ларды сотқа берді.  

Шегінерге жол жоқ, артымызда ЕАЭО

Негізі, «Азия Авто» тоқтап қалғанның өзінде нарық тоқырауға ұшырамайды. Ол негізінен кеңестік-ресейлік Lada мен УАЗ көліктерін шығаруға маманданған. Бұған қоса, корейдің KIA және чехтардың Skoda маркалы автомобильдерін құрас­тырады. Осы өнімдерін арзан, қолжетімді деу қиын: мысалы, жаңа Kia Sorento бағасы 15,1 миллионнан басталады. Ал Skoda Superb седаны 13,1 миллион теңгеге сатылуда. Мемлекет «Азия Авто» өнімін сатып алуды ынталандыру мақсатында зауыт клиенттеріне бюджеттен 4% жеңіл кредит ұсынып отыр. Осыдан кейін компанияның Үкіметке реніші орынсыз. Индустрия министрлігі елімізде көлік құрастыратын өзге кәсіп­орындардың ашылуына ықпал етуде. ИИДМ осыған ниет еткен 10 кәсіпорынмен 19 келісім бекіткен (арасында «Азия Авто» да болды). Меморганның сендіруінше, өзгелері міндеттемелерін кестеге сай орын­дауда. Қолдау ретінде олар қосылған құн салығынан, кедендік төлем­­­дерден босатылады. Утилизац­иялық алымы қайтарылады. Нәтижесінде 2019 жылы Қазақ­станда жалпы құны 359,5 млрд теңге тұратын 50 мыңнан астам көлік шығарылды. Өндіріс 62,5%-ға өсті. Соның ішінде «Сарыарқа­авто­өнеркәсіп» – 25 мың 802 (жеңіл, жүк автокөліктері, автобустар мен арнаулы техника), «Азия Авто» – 20 мың, «СемАЗ» кәсіпорны – 1 мың 851 (жүк көлігі, автобустар, ГАЗель), «КамАЗ-Инжиниринг» ЖШС зауыты – 994, Hyundai Trans Auto ЖШС – 496 (автобустар, жүк техникасы) және Daewoo Bus Kazakhstan зауыты – 496 (автобустар, ГАЗель Next) көлік құрастырды. Қалай болғанда, министрліктің жауапсыз компаниялармен мәмі­лесін үзбеске амалы жоқ. Мұны Еу­ра­зиялық одақ талап етіп отыр. Жоғарғы Еуразиялық экономика­лық кеңестің 2014 жылғы №72 шешіміне сәйкес, одаққа мүше елдер шетелдік көлік­терді жай «от­верткамен» құрас­тыра салумен шектелмеуі, оның көп бөлігін өзінде жасауы шарт. Әйтпесе, ол өнімі «отандық» деп танылмайды, тиісін­ше ЕАЭО аясында шетелдік өнім, реэкспорт мәртебесіне ие болып, жеңілдіктен айырылады. Бұл шек­теудің ақырғы мерзімі белгілі – 2020 жылғы 31 желтоқсан. Ми­нистрліктің шанақ пен бояу үшін шайқасып, жүз шайысып жатқаны да содан. Ол Қазақстанда құрасты­рылатын көлік­тегі жергілікті маз­мұнды 50%-ға ша­малы болса да жуықтатуға мүм­кіндік берер еді.  

Елдос СЕНБАЙ