Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті хабарлады.
Нұр-Сұлтан қаласы аудандық полиция бөліміне Телқоңыр көшесінде массаж салоны бас санитар дәрігер қаулысының нормаларын бұзып, жұмыс істеп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Түнгі сағат 02:00-де бұл жерге полицейлер, эпидемиолог мамандар және аудандық әкімдік өкілдері келді.
«Тексеру кезінде екіқабатты коттедж ішінде боди массаж қызметін көрсеткен «KAIF SPA» салоны орналасқаны, сол кезде ішінде жеті ер адамға қызмет көрсетілгені анықталды. Тәртіп бұзушыларға қатысты түнгі уақытта тыныштықты бұзу, алкогольді сусындарды ішу, кальян шегу және басқа да заңбұзушылықтар үшін әкімшілік хаттама толтырылды» делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, тексеріс кезінде сол жерде орналасқан «Respublic» дәмханасы әкімшісінің карантин шектеулеріне қарамастан клиенттерді сағат 23:00-ден кейін қабылдап жатқаны белгілі болды. Сауран көшесінде орналасқан ретро-барға келушілер әлеуметтік қашықтықты сақтамаған. Барлық жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілген. Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті азаматтарды карантин шараларын бұзғандарға жауапкершілік бар екенін ескертіп, санитарлық нормаларды сақтауға шақырады.