1956 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын бітіргеннен бастап, Әбдікәрім Қадыров Павлодар облысының денсаулық сақтау саласында табан аудармай 54 жыл еңбек кетті. Еңбегі еленіп, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, Еңбек Қызыл Ту орденінің кавалері, КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі марапаттарына ие болады. Сондай-ақ, ол кеңестік, республикалық және жергілікті билік органдарының медальдарымен, мақтау және алғыс хаттарымен марапатталған.
Қай қызметте болсын Ә.Қадыров өзін жоғары білікті маман, жақсы ұйымдастырушы, өз елінің нағыз патриоты ретінде көрсете білді. Ол – бірнеше жас дәрігерлер буынының тәлімгері.
Зайыбы Рүстемова Күлзиямен екеуі шынайы отбасылық құндылықтарды қастерлеп, тату-тәтті отбасында 4 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олар 8 немересінен тараған 19 шөберенің тәрбиесіне де атсалысуда.
Еліміздің бас заңы – Конституцияның 25 жылдығы қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында тұратын еңбек ардагері Әбдікәрім Қадыровпен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетов жүздесті.
Қалалық ардагерлер кеңесінің, Қалалық қоғамдық кеңес, Павлодар облыстық туберкулезге қарсы диспансері еңбек ұжымының қолдаухаттары бойынша Павлодар қаласының мәслихаты Әбдікәрім Қадырұлына «Павлодар қаласының Құрметті азаматы» атағын берген.
Мәжіліс депутаты Н.Әшімбетов Павлодар қаласындағы өз әріптестерінің атынан ардагерді мереке күнімен құттықтап, Павлодар қаласының Құрметті азаматы төсбелгісі мен куәлігін тапсырды. Ардагерге зор денсаулық, отбасының амандығын тіледі. Ол ел басшылығы, «Nur Otan» партиясы денсаулық сақтау саласының мәселелеріне, медицина кадрларын қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Өз кезегінде Әбдікәрім Қадырұлы да Павлодар қаласы мен облыс басшылығының ардагерлерге көрсеткен ықыластарына алғысын білдіріп, қазақстандықтарға толағай табыс тіледі.