Бурабай тауына шығып, төмен түсе алмай қалған әйелді құтқаушылар құтқарып алды, деп хабарлайды Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға 6 қыркүйек күні болған. Күндізгі сағат 15:50-де құтқарушылардың пультіне телефон хабарламасы түскен. «Бурабай» шипажайынан шыққан 7 турист орман арасындағы сүрлеу жолдармен жүріп, шамамен 100 метр биіктікке көтерілген сәтте 55 жастағы әйел сол жақ аяғын жарақаттап таудан төмен түсе алмай қалған.
«Дереу оқиға орнына Щучинск және Бурабай кентінің 4 қызметкері мен 1 техника бірлігі бар кезекші ауысымдағы құтқарушылар жасағы жөнелді. Олар бірден құтқару жұмыстарын бастап, әйелді зембілмен көтеріп төмен түсірді. Сол жақ аяғын жарақаттап алған әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем қызметкерлеріне табыс етілді», - деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов.
Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс қонақтары мен тұрғындарына тауға шығар алдында барлық жүрер жолды зерттеп барып шығу қажеттігін ескертеді.
«Туристерге тауға бармас бұрын, ыңғайлы жылы сырт киім мен аяқ киім киіп, қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береміз. Егер топпен шықсаңыздар, бір-біріңізден қалмауға тырысқандарыңыз жөн. Тауға серуенге шыққан кезде әрқашан қарапайым қауіпсіздік қағидаларын естен шығармау қажет», - деп толықтырды Алексей Советов.