Бұл «жаңалықты» құптағандар, қуана қабылдағандар, «шіркін!» деп тамсанғандар, тіпті Қазақстанда мұның жоғына жабырқап, аһ ұрғандар көп болды. Соған қарап, екінші әйелін «заңдастыра» алмай жүргендер көп пе деген ой туады.
Бірақ осы жаңалық шындық па? Өзбекстанда шынымен көп әйел алу туралы құжат қабылданды ма?
Өзбекстан үкіметі бұл хабарды жоққа шығарды. Оңтүстік көршіде нәзік болмыс иелерінің бірден бірнешеуінің басын айналдырып, құшағына алған ер кіндікті 3 жылға дейін сотталып кетуі ықтимал.
«Өзбекстанда көп әйел алуға рұқсат етілгені туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Егер азамат бұрын некесін тіркесе, онда оны бұзбай, қайтадан некеге отыруына қатаң тыйым салынады. Бұған қоса, екі немесе одан көп әйелмен төсектес болып, бірге тұру («сожительство») заңмен қудалауға жатады: ондай адамдарға 50-ден 100-ге дейінгі аралықта базалық есептік шама (БЕШ) көлемінде айыппұл салынады немесе 3 жылға дейін еңбекпен түзеу жұмыстары тағайындалады. Сондай-ақ 1-ден 3 жылға дейін бостандығы шектелуі немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деп түсініктеме берді Өзбекстанның Әділет министрлігі жанындағы Мемлекеттік қызметтер агенттігі.
2020 жылдың тамызынан бастап 1 БЕШ 223 мың сумға немесе 21 АҚШ долларына тең. Басқаша айтқанда, Өзбекстанда «қос кеменің басын ұстаған» отағасы 22,3 миллион сумға дейін айыппұл төлейді немесе 3 жылға түрмеге қамалады.
Жалпы, Өзбекстанның Қылмыстық кодексінде «көп әйел алу» деген бап бар. Тиісінше, осы қылмысқа барғандар 126-бап бойынша жазаланады. Өзбекстанның UPL порталының дерегінше, жақында Самарқанд облысында екі әйелі бар ер адам ұсталыпты. Оны сот бір жыл тегін қоғамдық жұмыстар істеуге міндеттеп, үкім шығарды. Екінші әйелімен қарым-қатынасын үзуге мәжбүрленді.
Сарапшылар керісінше, Қазақстанда бұл саладағы заң әлдеқайда жұмсақ екенін алға тартады. Көптеген ауқатты адамдар, белгілі тұлғалар осы олқылықты пайдаланып та жүр. Мысалы, еліміздің Қылмыстық кодексінде «көп әйел алу» деген бап жоқ, сәйкесінше, қылмыстық қудалау да қарастырылмаған. Ондай жаза 1998 жылы алып тасталды.
2001 жылы көп әйел алушылықты заңдастыру туралы бастаманы Мәжілістің сол кездегі депутаты Амангелді Айталы көтерген болатын. 2007 жылдан кейін осы бағытта бірнеше рет талап жасалды. Мәселен, 2008 жылы неке және отбасы кодексі қабылданғанда депутаттар кезекті рет бұл мәселені талқыға салған. Бірақ өтпеді. Қазіргі кезде де мемлекет ондай ұсыныстарды табанды түрде қабылдамай келеді. Себебі Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылуға бет алды. Кілең демократиялық елдерден тұратын ол санаттағы мемлекеттердің бірде-бірі көп әйел алуды құптамайды. Бұл бір еркектің бірнеше әйелді қатар кемсітуінің көрінісі саналады.