Осы мәселе бойынша клуб өкілдері «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовқа өтініш білдірді. Олар балалар спорт орталығының жаттықтырушыларына осы көктемнен бері жалақы төлеу тоқтатылғанын, 22 қызметкердің бірнеше ай ақшасыз жұмыс істегенін айтқан болатын.
28 тамызда облыстық филиал төрағасының тапсырмасы бойынша орталық қызметкерлерінің берешек мәселесі бойынша партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Отырыс қорытындысында комиссия Павлодар облысының туризм және спортты дамыту бөліміне қарызды төлеуді тапсырды. Сонымен қатар жаңадан «Жұлдыз» футбол орталығын ашу жұмыстарын жүргізу және сол жерге «Ертіс» футбол орталығының жаттықтырушыларын жұмысқа қабылдау ұсынылды.
– Партиялық бақылау комиссиясының отырысынан кейін уәде етілген күні біздің жалақымыз төленді. Мен жаттықтырушыларға көңіл бөлгені үшін облыстық филиалдың төрағасы мен «Nur Otan» партиясына ризашылығымды білдіремін, – деді балалар спорт орталығының жаттықтырушысы Алексей Сорокин.
Қазіргі уақытта жаттықтырушылардың көпшілігі жаңа футбол орталығында жұмыс істеуге көшті, келісімшарттар жасалды. Келесі аптада алғашқы жаттығулар басталады деп жоспарланып отыр.