Академияда нарыққа бейімделген жастар өсіп келеді
Академияда нарыққа бейімделген жастар өсіп келеді
292
оқылды
– Ақан Жылқышыбайұлы, әлем­ді жайлаған қатерлі індеттің сал­дарынан қазір дүниежүзі қиын жағ­дайды басынан өткізуде. Елі­міздегі өнер адамдарын даярлай­тын іргелі оқу орнына пандемия қалай әсер етті? Күтпеген жерден қашықтан оқыту жүйесіне көшіп, тіпті қабылдау емти­хандарын онлайн алуға тура келді. Студенттерді қалыпты оқу жүйе­­­сімен оқытып келген сіздер үшін бұл жағдай қиындық тудырған жоқ па? – Пандемия салдары алпауыт мемлекеттердің өзіне кері әсерін тигізді. Бұл індет Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Түрлі қиын жағдайлар орын алып, біз де бас­тап­қыда біраз абдырап қалдық. Бұрын академияда қашықтан оқыту деген мәселе болмаған. Себебі бұл жерде сабақтың басым бөлігі тіке­лей байланыста, практикалық тұр­ғы­да өтетін. Мәселен, актер өзіне беріл­ген рөлін сахнада дұрыс көрсе­те алмаса, ұстаз, режиссер оның жа­нында тұрып көрсету керек. Тек арт-менеджмент және продюсерлік, медиажурналистика және өнертану факультетінің студенттерін қашық­тан оқыту мүмкін еді. Жасыратын несі бар, біз карантиннің алғашқы екі аптасында өте қиналдық. Содан кейін компьютерлік технология кафедрасы, ақпараттық технология бөлімдері қосылып, мұғалімдерге семинар сабақ ұйымдастырды. Moodle платформасымен жұмысты бастап кеттік. Қиындықтарды сез­дік, кемшіліктер болды. Ақпа­рат­тық технологиялық құралдармен толыққанды жұмыс істей алмай­тынымызды білдік. Қызмет­кер­лердің 50 пайызы осы жағынан әлсіз екені аңғарылды. Дегенмен айналасы бір айдың ішінде компью­терді меңгеріп, жұмысты әрі қарай алып кетті. Қиын кезде жаңа техно­логияны меңгеруге құлшына кіріс­кен, барлық профес­сорлық-педаго­гикалық құрамға ризамын. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шыға­рып, күні-түні жұмыс істегендері үшін рақмет айтамын. Оқу аяқталатын кезде Zoom платформасын пайдаланып өткіз­ген кездесуде студенттерден сұрақ көп болды. Біз оларға барынша түсіністікпен қарайтынымызға, қиын кезде ешкім оқудан шығып қалмайтынына, бәрі бұрынғыдай шәкіртақысын алатынына сендір­дік. Студенттер онлайн сабаққа алға­­шында жүрдім-бардым қараға­ны рас, бірақ уақыт өте келе сабаққа дұрыс қатыспаса өздері зардап шегетінін түсінді. Пандемия бізді жауапкершілікке үйретті. Адамдар қиындықтарды жеңуге бейімделді. Нәтижесінде, білім сапасының көрсеткішінен де алдыңғы сессияға қарағанда ілгерілеу байқалды. Талапкерлерді оқуға қабылдау кезінде де «Бұл қалай болады?» де­ген үлкен сұрақ тұрды. Оқуға қа­был­да­натын болашақ актерлердің бүкіл дене-бітіміне, қимыл-қоз­ғалы­сына, сөзіне баға беріледі. Олар түрлі этюд көрсетеді. «Бұл онлайн жағдайында болуы мүмкін емес» деп Академиялық кеңес шешім қабылдады. «Мүмкіндігінше ми­нистр­ліктен рұқсат алайық» деген ұсыныс болды. Арт-менеджмент кафедрасы, медиажурналистика және өнертану факультеті талап­керлерді оқуға қашықтан қабылдап, сурет өнері, хореография, музыка­лық өнер, театр өнері факультетіне академияда дәстүрлі түрде қабыл­дауға ұсыныс енгізілді. Мәдениет және спорт министрлігі біздің ұсынысымызды қабыл алды. Білім және ғылым министрлігі шығар­машылық оқу орындары санитар­лық талаптарды ескере отырып, талапкерлерді дәстүрлі қабылдауға келісім берді. 8-11 шілде аралығында емтихан қабылдауымыз керек болатын. Дәл сол кезде инфекция өршіп, 5 шіл­деден бастап карантин шаралары енгізілді. Талапкерлер мен ата-аналардың, қабылдау емтиханын алатын ұстаздардың қауіпсіздігі үшін өзге әріптестерімізбен, Мәде­ниет және спорт, Білім және ғылым министрліктерімен ақыл­даса оты­рып, талапкерлерді қашық­тан қа­былдауды ұйғардық. Биыл 1 000-ға тарта талапкер шығармашылық емтиханға қаты­суға өтініш білдірді. Емтихан екі деңгейде өтті. Zoom, Moodle плат­фор­масын пайдалана отырып, емтихан қабылданды. Емтихан дұ­рыс әрі әділ болуы үшін прокто­ринг жүйесі, антиплагиат бағдар­ла­масы іске қосылды. Бар­лығы тас­паға жа­зылды. Қабылдау емти­хандарын барынша әділ өткізуге жағдай жа­садық. Бұл сын­нан да өз дең­гейінде өттік деуге болады. – Тосыннан келген індет адам­затқа етек-жеңін жинап, кеңірек ауқымда ойланып жұмыс істеуді ес­керт­кен тәрізді. Сондай-ақ бұл ахуал әлі қанша уақытқа дейін созыла­ты­нын ешкім тап басып айта ал­май­ды. Осындай жағдайда академия нені ескеріп, неге баса мән беру керек еке­нін саралай ал­дыңыз­дар ма? – Каникул кезінде студенттерге онлайн сабақ жүргізуде қандай кемшіліктер бар екені әбден сара­ланды. Біз қашықтан білім беру бөлімін аштық. Бөлім бакалавр, магистратура мен докторантураның бар­лық шығармашылық емтихан­дарын қабылдап жатыр. Қазір ше­тел­дермен осындай байланыста жұ­мыс істеуді жалғастырамыз. Erasmus+, Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша да шетелдік студенттер біздің оқу орнына, ал біздің студенттер шетелдерге барып оқуға мүмкіндік жасалмақ. Қос­дипломдықты да осы жол арқылы іске асыру жоспарымызда бар. Екін­ші, бізде техникалық мүмкін­діктер төмен. Компьютер, ноутбук жет­кіліксіз. Қазір мемлекеттік бюд­жет есебінен және ақылы оқу бөлі­мінен түскен қаражатты үнемдей отырып, 150-ге жуық ноутбук, компью­тер сатып алынуда. Интер­нет желісін күшейттік. Үшінші мә­селе – сту­денттердің қолында кітабы жоқ. Сол үшін электронды кітапха­на­мызды іске қостық. Екі айдың ішінде 5 000-ға жуық кітапты элек­тронды нұсқаға енгізуді жос­парлап отырмыз. Ішкі құжат айна­лымын электронды жүйеге енгізу де іске асы­­рылуда. – Өнерлілерді тәрбиелеп отырған шеберхана болғаннан кейін, жас­тарды шыңдай түсетін іс-шаралар, түрлі концерттік бағдарламалар ака­демияда жиі болып тұратын. Ка­рантин режиміне байланысты қазіргі жағдай қалай болып жатыр? Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жалпыұлттық жоба» деп бағасын бер­ген «Карантиндегі жұлдыз» жоба­сына тоқтала кетсеңіз. – «Карантиндегі жұлдыз» жоба­сы шынайы өнердің шыңына шығу деңгейін көрсетті. Себебі 1,5 сағат бойы жанды дауыста концерт беру бұған дейін ілуде бір болатын. Оған Мемлекет басшысы «Жалпы­ұлт­тық жоба» деп жоғары баға берді. Бұл – Мәдениет және спорт ми­нистр­­лігінің «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп жасаған үлкен жоба. Сондай-ақ министрлік бастама­сымен #AlgaKazakhstan, #Bizbirgemiz, #ӨнерОнлайн жобасы аясында академия аккаунт­тарының тікелей эфирінде дәрістер жүр­гізілді. Профессор-оқытушы­лар­дың дәріс­терінде салалық білім­ге ден қойы­лып, өнер маман­дық­тарының бар­лық саласы қамтылды. Онлайн дәрістер, сұх­баттар, көр­мелер, кон­церттер көпшіліктің көңілінен шық­ты. Жасыратыны жоқ, карантин ке­зінде елдің еңсесін көтеріп, рухани қолдады. Онлайн­ның мүмкіндігі шексіз екенін сту­денттер де қалт жібермеді. Абай­дың 175 жылдығына қаншама та­маша онлайн көрмелер, Ұлы ха­кімнің әндеріне бейне­роликтер жасалды. Колледж сту­денттері ара­сында қа­шықтан III халық­аралық «Жас-Art 2020» театр фестивалін өткіз­генбіз. Оған алты оқу орнынан екі но­минация бойынша 101 студент қа­тысты. Қатысушылар Абай Құ­нан­бай­ұлының шығар­маларын оқып, сахналық қойылым көрсетті. Ал­дағы уақытта халық­аралық бай­қауға, фестивальге қаты­су жос­парда бар. Онлайн байқаулар ұйымдастыру үшін жұмыс жүргі­зіліп жатыр. Әйтсе де, сах­на­ның жөні бөлек. Шығар­машылық ізде­ністер тоқтамайды. Карантинге байланысты өткізе алмай қалған Кенен Әзірбаев атын­дағы кон­курсты күзде онлайн ре­жимде өткі­зуді жоспарлап отыр­мыз. Жақында эстрада бөлімінің 4-курс студенті Бексұлтан Кенеш­калиев «Славян базары» халық­ара­лық өнер фести­валінен ІІІ орын алды. Бұл – үлкен қуаныш. – Өнер адамдары қаншалықты нарық заманына бейімделді? Сту­денттерді қазіргі заманға қарай бейім­­деп, дайындау жағы қалай? – Академияда шетелдіктердің оқығысы келетінін байқадық. Бі­рақ бізде ағылшын тілін меңгерген мамандар аз. Сол үшін акаде­мия­ның ішкі қаражаты есебінен үш деңгейлі курс ашып, 60-қа жуық мұғалімге сабақ бердік. Акаде­мия­лық ұтқырлық бағдарламасы бойын­­­­­­ша шет мемлекеттерде білім алғысы келетін студенттер бар. Де­генмен олар өнерді бірінші орын­ға қояды да, ағылшын тілін жетік меңгермеген. Сол себепті студент­терге курс аштық. IELTS деңгейіне жетуді мақсат етіп қой­дық. Осы бағдарламаның арқа­сында 29 сту­дент академиялық ұтқырлық бағ­дарламасы бойынша шетелге ба­рып оқуы керек болатын, бірақ пан­демияның салдарынан бара алмай қалды. Дегенмен олар дайын отыр. Медиажурналистика, кино-телевидение, музыка факультеті, дизайнерлерге компьютерлік оқу керек. Қазір олар бұрынғыдай қолмен сурет салып отырмайды. Барлық бағдарлама компьютерде бар. Сту­денттерді сол бағытқа бейім­деп жа­тырмыз. Олар заман көшінен қалмауы керек. Медиа­журналистер тікелей жұмыс істей­тін сайт аштық. Шебер­лері­мізге «Жасаған жұмыс­тарыңды көр­меге қойып, сайтта жария­лаңдар. Сатып алушылар болса, пайдасын көрің­дер» деп отырмыз. Биыл 4-5 сту­дент­тің жұмы­сын академия сатып алып, сый-сияпат ретінде пайда­ландық. Ди­зайнерлер де өз дизайн­дарын сайт арқылы неге сатпасқа?! Сайт та өзін-өзі ақтайтындай дең­гейге жетуі керек. Бүкіл студентті соған жұ­мылдырамыз. Әншілер мен ак­терлер шоу-бизнес бағы­тында ақша табады. Басқа студент­терге де мүмкіндіктер жа­сауымыз қажет. Олар өзі жасаған бұйым­­дарын нарыққа шығара алады. Қазір сұраныс бар. Жаңадан ашыл­ған аурухананың алдына қойылған мүсіндердің авторы – біздің сту­дент­тер. Қалада қойылған Шәмші Қал­даяқов, Шәкен Аймановтың мүсін­дерін жасауда да шәкірт­те­ріміздің үлесі бар. Олар Латвияда Абай мүсінін жасап сыйға тартты. Қазір қолыңнан жасаған дүниені кәдеге асырып үйрену керек. Жас­тарымыз жан-жақты, олардың бола­шаққа дайын­дықтары, бета­лысы өте жақсы. «Арыстандай ай­батты, жол­барыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жас­тарға сенемін!» деп Мағжан Жұ­мабаев айтқандай, нарық­қа бейім­делген жастар өсіп келеді. – Сіз ең алдымен дәстүрлі әнші­сіз, жыршысыз. Қазір жыр айта­тын­дар азайып кетті ме, әлде олар­дың насихаты кемшін бе? Акаде­мияда дәстүрлі музыкалық өнер ие­лерін дайындайды. Түлек­теріңізге қоғамда сұраныс қалай? – Биылғы түлектердің 90 пайыз­дан астамы жұмысқа орна­лас­­ты. Бұл тексерілген нақты ақ­парат. Жоғары оқу орнына ар­нал­ған Аккредиттеу және рей­тинг тәуелсіз агенттігінің сараптауы бойын­ша көптеген бағыт­та бірінші орын алдық. Сұраныс өте жоғары деген ЖОО қатарын­дамыз. Біз сан­ға емес, сапаға жұмыс істеуге тиіс­піз. Елімізде санаулы театр, фи­лар­мония, концерттік ұйымдар бар. Сол мекемелерге сапалы ма­ман дайын­­дап беруге тырысып жатыр­мыз. Дәстүрлі өнер – халықтық өнер. Тұңғиыққа батып, «бұл ешкімге керек емес» деген сенімнен аулақ болуы керек. Бұл өнер небір қилы заманды қазақпен бірге бастан өткізді. «Домбыра, қобыз ойнал­масын, жыр-дастан, терме-толғау, дәстүрлі ән айтылмасын» деген небір шектеулерден сүрінбей өтті. Енді тәуелсіздік алған кезде ұлттық өнеріміз құрдымға кетеді деген жаң­сақ пікір. Жастарымыз қазір арсыл-гүрсіл, тарсыл-тұрсылға кө­бірек еліктейтін болар, бірақ адам жасы өсе келе, ақыл тоқтат­қаннан кейін өз сабасына түсіп, бәрібір дәстүрлі өнерімізге қарай бет бұра­ды. Сол себепті ұлттық өнеріміз жа­­сай бе­реді. Бірақ жасы­ратын несі бар, насихаты төмен. Қазір Мәде­ниет және спорт ми­нистр­лігі мек­теп жасынан бала­ларды театр, ки­но, дәстүрлі өнер, кескіндеме, ше­берлікке баулу үшін «Ұлағатты ұр­пақ» бағдарламасын бастады. Ал­дағы уақытта оның да жемісін кө­ре­тін боламыз. Бұрын­ғыдай на­си­хат жоқ деп қарап оты­ру­ға бол­майды. Қазір интернет, әлеу­меттік желі мүм­кіндігін пайда­лану керек. Ми­нистр­ліктің YouTube арналары ар­қылы да дәстүрлі өнері насихат­талып жатыр. Сондықтан дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген жандар, оның ішінде жыр­шылар азайып кетті деуге келмейді. Ортаға кеңінен таныла алмай жатса, за­ман­ның талғамына өзгеріс ене бас­тағаннан болар. Ән өнерінің өзіне көптеген жаңалықтар, жанр­лар еніп жатыр. Уақыт өте келе сүт бетіне қай­мағы бәрібір қалқып шығады деп үміт­тенеміз. Қаны­мызға сіңген, нағыз болмысымызға сай келетін, таби­ғатымызға жақын өнер ол – ұлттық бояуымызға, қазақы­лықтың иісіне қанық ән-күй. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ