Алайда жағдайды бақылап, дұрыс шешім қабылдау үшін кем дегенде бір аптадағы көрсеткіш тұрақты болуы қажет», – дейді Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин. – «Өткен аптада 100 мың адамға шаққанда ауру деңгейі 5 болды. Ауруды жұқтыру көрсеткіші 2 есе төмендеді. Ал күнделікті аурудың өсімі шілде айына қарағанда 35 есе төмендеді. Нәтижесінде жұқпалы аурулар ауруханасындағы төсек-орындардың 83 пайызы босады. Осындай көрсеткіш эпидемиялық жағдайдың тұрақталғанын көрсетеді. Вирус жұқтырудың төмендеуіне қалада жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстары септігін тигізді».
Бас санитар бәрі де қалыптасқан жағдайға байланысты екенін айтады. Сондай-ақ ол алғашқы локдоун алып тасталғаннан кейін екі апта өткенде ауру жұқтыру көрсеткіші бірден көтерілгеніне де тоқталды. Инкувациялық кезеңнен кейін екі-үш апта өткенде талаптар қаншалықты нәтиже бергені белгілі болады. Егер жағдай жақсы болса, шектеу шараларын тағы да жеңілдету қарастырылады. Жандарбек Бекшин карантин шараларының ел азаматтарының амандығы үшін жасалып жатқанын тағы да еске салып, тұрғындардың бұрынғыдай қалыпты өмір сүруіне өздері де ынталы екенін айтып өтті.
Біраз уақыттан бері Алматыда демалыс күндері қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылған болатын. Өткен сенбі және жексенбі күндері тұрғындардың өтініші бойынша автобус пен троллейбустармен қатар метроның да қозғалысына рұқсат етілді. Олар кестеге сай 06.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеді. Мұның алдындағы демалыста қоғамдық көліктердің жүрмеуі, такси бағасының көтеріліп кетуі қала тұрғындарын әбігерге салып, әлеуметтік желі арқылы тұрғындар біраз шу көтерген болатын.
Негізі, ведомствоаралық комиссияның шешімімен 31 тамыздан бастап қазақстандықтарға тауға шығуға және ұлттық саябақтарға баруға рұқсат етілгені белгілі. Сондай-ақ Алматыда да карантин шектеулерін жеңілдетудің үшінші кезеңі басталды. Қазір кітапханалар, музейлер мен діни орындар жұмыс істей бастады.
«Мектептерде кезекші топтардың жұмысына рұқсат берілген. Оған қоса, жұмыс күндері бассейндер ашық. 15 адамнан аспайтын топпен саябақтар мен өзге де табиғи аумаққа шығуға болады», – дейді Жандарбек Бекшин. Бас санитар қаладағы эпидемиялық жағдай тұрақталғанына қарамастан, Еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері шектеу шаралары енгізілетінін атап өтті.«Бұл нұсқаудың азық-түлік супермаркеті мен дәріханаларға қатысы жоқ. Қаладағы ойын-сауық орталықтары, азық-түлік емес сауда орындары, жабық базарлар, сұлулық салондары, спорт орталықтары, жаттығу залдары, ашық ауадағы аттракциондар жұмыс істемейді», – деді ол.
Алматыда эпидемиялық ахуал тұрақталып келе жатқанын шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев та жоққа шығармайды. «Инфекция жұқтыру өткен айдағы көрсеткіштермен салыстырғанда анағұрлым төмендегені анық. Эпидемияның қауырт сәттерінде күніне 250 адам тіркелген болатын. Қазір күніне шамамен 11 адам тіркеледі. Бұл жағынан да көрсеткіштер төмендеген», – деді Б.Сағынтаев. Қазіргі таңда қалада инфекциялық стационарларда 3 673 төсек-орын резервте тұр. Жаңа ауруханалардың құрылысы қазан айында аяқталарын ескерсек, бұл көрсеткіш 7 мыңға жетеді.
Қалалық бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, бүгінде барлық кәсіпкерлік нысандар ашылды. Тек кальян барлары, бильярд, банкет залдары жабық тұр. Арнайы базадан 180 мың кәсіпкерлік нысан тіркеуден өткен. Ресми мәлімет бойынша, Алматыда экономикалық белсенді азаматтар саны – 950 мың. Қазір 855 мың алматылық жұмысқа шықты. Карантин кезінде көптеген кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысы тоқтағаны шаһар экономикасына айтарлықтай салқынын тигізгені рас. Дегенмен жыл соңына дейінгі 4 айда осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.