«Алтын Емел» бюджетке 10 есе көп кіріс әкеледі
«Алтын Емел» ұлттық паркін дамыту тұжырымдасының таныстырылымына қоғам өкілдері де қатысты. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, жобаны жүзеге асыру 2025 жылға қарай жергілікті халық үшін 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал жыл сайын келетін туристер 20 мыңнан 78 мыңға көбейеді. Бастысы, бюджетке түсетін қаржы 10 есе артады. «Алтын Емел» ұлттық паркін дамыту тұжырымдасы бойынша 3 маршрутты реттеп, түзеу жоспарланған. Мысалы, «Шыған» бақылау-өткізу пункті маңындағы аумақта автокөлік тұрағы дұрысталып, этноауыл салынады. Келушілер үшін келесі тоқтайтын жер – Мыңбұлақ. Туристердің тамақтануы үшін қозғалмалы асхана, яғни караванинг болады. Демалыс жайлы өтуі үшін глэмпингтер орналастырылады. Әрі қарай туристер маршрут бойынша тарихи-мәдени нысан – Шоқан Уәлиханов бұлағына бара алады. Бұл жерде де жылжымалы асхана жұмыс істейді, демалып отыратын жерлер де болады», – деді тұжырымдаманы таныстырған вице-министр. Бұдан бөлек, жабайы жануарларды тамашалау үшін көру алаңы салынбақ. Тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін инвестор тартылады. «Іле Алатау», «Шарын» ұлттық парктері мысалында «Алтын Емелде» жүріп жатқан жұмыстарды бақылап, тәуелсіз баға беретін қоғамдық кеңес құрылады. Айта кетейік, былтыр 2019-2025 жылдарға арналған туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын.«Шарынға» келушілер 190 мыңға жетеді
Ресми дерекке сүйенсек, былтыр «Шарын» шатқалына 20 мыңнан астам адам келген. Туристерге қызмет көрсеткені үшін парктің арнайы шотына 16,7 млн теңге түсіпті. Алайда «Шарындағы» инфрақұрылымның заман талабына сай келмеуінен экотуризм тиісті деңгейде дамымай отыр. Соған орай, сала министрлігі ұлттық паркті дамыту жобасын іске асыру арқылы келушілер санын 190 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Жалпы, ұлттық паркті дамыту жобасы қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен талқыланып, қабылданғаннан кейін ғана ашық байқау негізінде инвестор тартуға кезек келеді. Бөле-жара айтатын мәселе, ұлттық парк жерлері заң бойынша ешқандай жағдайда жекеменшікке берілмейді. Белгілі бір аумақтар ғана туризмді дамыту мақсатында уақытша пайдалануға берілуі мүмкін. Алайда инвестор өз міндетін орындамаған жағдайда мемлекет кез келген уақытта келісімшартты үзе алады. Қазақстан туризм қауымдастығының директоры әрі қоғамдық кеңес мүшесі Рашида Шайкенова ішкі туризмді дамыту халықтың табиғатқа деген аяушылығын оятып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға өз үлесін қосатынын айтады.Әлемдегі экотуризм
Экотуризмнің негізі табиғатқа деген жанашырлықта жатыр. Сондықтан бізге де табиғатта жаңа көзқараспен демалуды үйрену керек. Мысалы, жыл сайын миллиондаған турист баратын Андоррада далада от жағып, кәуәп пісіру деген түсінік атымен жоқ. Оның орнына табиғатта жаяу жүретін, тауға шығатын маршруттар дамып, шаңғы спорты жолға қойылған. Сансыз соқпақ жол елдің сұлу табиғатымен танысып, таза ауа жұтуға, жаяу жүру арқылы денсаулықты жақсартуға мүмкіндік береді. Ал бұл бүгінгі пандемия кезінде өте қажет. Ұлттық парктерде экотуризмді жандандырудың келешегі зор екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) болжауынша, алдағы екі онжылдықта экотуризм үлкен жылдамдықпен дамиды. Оған кететін шығын жалпы индустрияға жұмсалатын шығынға қарағанда жылдам өседі. Бүгінде ерекше қорғалатын аумақтарға жыл сайын 8 млрд адам келетін болса, оның 80 пайызы Еуропа мен Солтүстік Америкаға сәйкес келеді. Халықаралық экотуризм қауымдастығының мәліметіне сәйкес, бұл нарық жыл сайын 25 пайызға өсіп, 470 млрд доллар пайда әкеліп отырады. Ең арзан туризм – экотуризм. Мысалы, табиғатта демалу үшін бір сөмке асынып, жеткілікті тамағыңызды алып шықсаңыз – болғаны. Ұлттық саябаққа кіру үшін бюджетке түсетін 500-600 теңге ғана төлейсіз. Егер бір-екі күнге қонуға қалсаңыз, кэмпинг, глэмпинг немесе экоотельге төлейсіз. Бірақ ол да арзан. Болашақ экотуризмде деуіміздің сыры – осында.Айдана БЕГІМ