Ақмола облысында үш адамды қағып кеткен жасөспірімнің үстінен қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды облыстық ПД қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, 7 қыркүйекте Целиноград аудандық ПБ кезекшілік бөліміне 25 жастағы жігіт хабарласып, Қараөткел ауылындағы «Перизат» дүкенінің тұсында жаяу адамдарды көлік қағып кеткенін айтқан.
«Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары 16 жастағы жергілікті тұрғынның «Hyundai Sonata» көлігімен жолдан өтіп бара жатқан отбасылық жұпты қағып кеткенін анықтады. Зардап шеккендердің жанында кішкентай екі баласы да болған. Олар түрлі дене жарақатымен Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жатқызылды», - дейді ведомстводан.
Қазіргі сәтте кәмелеттік жасқа толмаған жасөсіпірімнің үстінен Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ол ата-анасына кепілгерлігімен үйіне жіберілді.