Балық басынан шіриді
«Аққу көлге, шортан шөлге» дегендей, сала басшылары тізгінді босатпай, қадағалауды күшейткені дұрыс. Бұл біздің емес, ғылым саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Тағай Қансейітовтің сөзі. Академиктің айтуынша, жауаптылар қарамағындағыларға сөзін өткізіп, лайықты тексеру жұмыстарын жүргізгенде ғылымның күйі бұлай болмас еді. Ауылшаруашылық ғылымдарының профессоры Көпмағамбет Елемесов те биліктің ғылымға қырын қарап жүргенін айтты. Ғылым саласында өнімді еңбек етіп жүрген Сүндет Кәрімов те қағазбастылық көп екенін, практикаға мән бермеудің зардабын тартып жүргенімізді атап өтті. Кадр мәселесінің де күрмеуі қиын. Ғалымдардың сөзінше, жауаптылардың ғылымға кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанында шаруасы жоқ. Оларға есеп дайындалып, қағаз үстелінің үстінде тұрса жеткілікті. Содан ба, халық арасында «ел үшін емес, есеп үшін жұмыс істеу» термині қалыптасқан Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің айтуынша, Қазақстанда 22 мыңға жуық ғылыми қызметкер бар. Кейбір мәлі-метке сүйенсек, 2010 жылға дейін елімізде 36 Ғылыми-зерттеу институты жұмыс істесе, қазір саны шамамен 3 есеге қысқарған. «Қазір орталықтардың бәрін қоғамдық кейіпке енгізді. Ғылыми академиялардың өзі қоғамдық сипатқа ие. Қай ғылым болмасын мемлекеттің құзырында болуы керек. Ұлттық ғылым академиямыз бар еді. Оның да атқару жүйесі екіұдай. Қысқа қайырғанда, мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы дұрыс емес. Ғылымға сала бойынша қаржы құю керек. Қадағалау қажет», – дейді ҰҒА академигі Көпмағамбет Елемесұлы. Иә, ғалымдар елдегі ғылыми орталықтар мен зерттеу институтының халіне алаңдайды. Осындайда бірқатар университет зерттеу институты дәрежесін алды дерсіз. Жоғары оқу орындарында жаңа заманға сай құрал-жабдықтар болғанымен, соны кәдеге жаратар маман тапшы. Ал кейбір университеттерге керекті жабдық сатып алу жайы ыңғайға келмей тұр. Мәселен, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Көкетай БАҚ-қа жариялаған мақаласында қымбат қондырғылар орнатылған 15 ғылыми-зерттеу зертханасы толық жұмыс істемей тұрғанын жазған. Ал Бөкетов атындағы ҚарМУ ұжымы екі рет негіздеме жазып, ЯМР деген қондырғы сатып алуға сұраныс берген. Оқу орнында құралмен жұмыс істейтін профессорлар тобы барына қарамай, ұжымның сұранысы ескерілмей қалған. Профессор сол қондырғының басқа университетте экспонат ретінде тұрғанына күйінеді. Сондықтан жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргенін қалайды.Еліміздегі ғылым «қартайды»
Зер салсаңыз, еліміздегі белді әрі беделді ғалымдардың дені 80-нің сеңгіріне шықты. Мұны біз академик, профессорларға қоңырау шалғанда байқадық. Олар да осы жайтқа күйініш білдірді. Техника ғылымдарының докторы Сүндет Каримовтің айтуынша, еліміздегі ғалымдардың орташа жасы 60-тан асты. Бұл – төмен көрсеткіш. Әрі ғылымның дамуы мен өркендеуіне кері әсер ететін фактор. «Ғылымға жастарды тарту керек. Аспиранттар мен докторанттарды дайындау қажет. Ұлттық академия мүшелерінің дені қартайды. Ғылымды дамытуды қолға алмасақ, осылай жалғаса береді», – дейді мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Көпмағамбет Елемесұлы. Асылы, университеттерді Ғылыми-зерттеу институтына, академияларды қоғамдық орынға айналдырудың астарында жастарды жетелеу жатыр. Өйткені қоғамдық орынға кез келген адам барып, керегін ала алады. Бірақ сол мүмкіндікті кәдеге жаратып жатқандар шамалы. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, елімізде магистратура мен докторантурада оқып жүріп, біршама дүние жасаған жастар бар. Алайда жастардың дені магистратура мен докторантураны мансап баспалдағына пайдаланады. Мұны ғалым Сүндет Каримов қолдап отыр. «Магистратура мен PhD докторантураны атақ-даңқ үшін қорғайтындар көбейді. Саясат, бизнес саласында бой көрсету үшін баспалдақ ретінде қабылдайды. Академиялық дәреже мен ғылыми дәреженің аражігін ажырату керек. Елдегі ғылым жасын жасартуға келсек, ғылыми қызметкерлердің жалақысын көтерген жөн. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, кім ғылымға көп қаржы құяды, сол жемісін жейді», – дейді техника ғылымдарының докторы Сүндет Каримов. Иә, жастардың ғылыммен айналыспауына бірнеше себеп бар. Алдымен елдегі жалақы жайы. Елімізде магистр дәрежесі бар ғылыми қызметкер 80-100 мың теңгенің айналасында жалақы алатыны белгілі. Ал ғылым кандидаттары шамамен 225-230 мың теңге көлемінде айлық алады. Ғылым докторы дәрежесі бар қызметкердың айлық табысы 330 мыңға жетеқабыл. Осы тұста ауылшаруашылық ғылымдарының профессоры Көпмағамбет Елемесұлы 1995 жылға дейін академик атағын алып үлгергендерге ғана стипендия төленетінін айтқан-ды. Сонда 1996 жылдан кейінгі атағы бар ғалымдар «құрғақ қасық ауыз жыртадының» күнін кешіп жүрмегеніне кім кепіл?! Мән беріп қарасақ, елімізде ғылым-біліммен айналысатын адамдардың жағдайы мәз емес. Бақытжан Әлімбеков, Қаһарман Еменбетов, Нұртас Мәкімов сияқты бірқатар ғалымдардың шетел асып кеткеніне жалақы мен тұрмыс жағдайы себеп болды ма дерсіз.Асылы, университеттерді Ғылыми-зерттеу институтына, академияларды қоғамдық орынға айналдырудың астарында жастарды жетелеу жатыр. Өйткені қоғамдық орынға кез келген адам барып, керегін ала алады. Бірақ сол мүмкіндікті кәдеге жаратып жатқандар шамалы. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, елімізде магистратура мен докторантурада оқып жүріп, біршама дүние жасаған жастар бар.
Ғылымға бөлінетін қаржы дегенде ЖІӨ еске түседі. Өйткені кез келген елдің ғылымды игеруге құлшынысы ғылымды дамытуға бөлінетін ЖІӨ-нің пайыздың көрсеткішімен өлшенеді. Кейбір деректерге сүйенсек, елімізде ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімге шаққанда 0,01-0,02% шамасында. Ал дамыған елдерде ғылымға бөлінетін ЖІӨ көрсеткіші – 3-4%. Мәселен, ғылым дамуына Израиль – 4,6%, Швеция – 4%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия 2,5% қаржы бөледі. «Көп салым салсаң, өнім де жақсы болады» деген осы болса керек-ті. Оның үстіне Халықаралық академиялық кеңестің ұйғарымы бойынша, мемлекеттің ғылым саласына бөлетін қаржысы ЖІӨ-нің 1,5%-ынан асса ғана ғылым дамиды. Мұны физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Темірғали Көкетай растап отыр. Осыған орай, Президент те Жолдауында жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді тапсырған-ды. «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1 000 грант бөлуге шешім қабылдады.Есеп бар, нәтиже жоқ
Жағдай грант пен қаржы жайына келсе, тосылып қалатынымыз бар. Өйткені грантты ұтқан адамның ғылыми еңбегі іске асты ма, жоқ па, тексеріп жатқан бірі жоқ. Тек есебін берсе, саны толық болса жеткілікті. ҚарМУ-дың техникалық физика және экология мәселелері жөніндегі ҒЗИ директоры Темірғали Көкетай ғылым саласындағы конкурс пен «Ғалымдарды грантпен қаржыландыру» турасындағы былықтарды ашық жазған-ды. «Агроөндіріс комплексі түрлерінің дамуы және ауыл шаруашылығының қауіпсіздігі» бағыты бойынша конкурста Ұлттық ғылыми кеңес 16-19 балл алған жұмыстарды өткізіп, 30 балдан артық жинаған зерттеулерді өткізбеген. Жетекшісі ҰҒК мүшесі болған жұмыстың иесі 20 балл алса да, қаржыландыру тізіміне енген екен. Оған қоса, мемлекеттік сараптамадан жоғары балл алған жобалардың болашағы бұлыңғыр. «Ғалымдарды грантпен қаржыландыруға 800-ден астам жұмыс қатысады. Соның 50-ден астамы жеңіске жетіп, қаржыландыруға ие болады. Бірақ жоба иелері есеп беруден әрі аспайды. Нақты тексеріп жатқан ешкім жоқ», – дейді техника ғылымдарының докторы Сүндет Каримов. Елдегі ғылым жайы туралы пікір сұрағанымызда жауап беруден бас тартқан академиктер бар. Себебін мінберде отырғандарға тиіп кетпеуімен түсіндірді. Өзін Мемлекет басшысынан бастап бәрі танитынын атап өтті. Егер осындай беделді кісілер ғылымның дамуы кешеуілдегенін ашып айтпаса, басқаларына не жорық? Қош, ғылым саласындағы жемқорлыққа келсек, 2019 жылы ғылыми-зерттеулер мен еңбектерге 134,37 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 3,5%-ға көп. Аймақтарға бөліп қарастырғанда, Алматы қаласына – 64,4 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласына – 29,1 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысына – 10,56 млрд теңге, Атырау облысына – 10,4 млрд теңге, Маңғыстау облысына 10,34 млрд теңге үлестірілген. Ал осы аталған аумақтағылардың ғылымға қосқан үлесі қандай? Оған қоса, қаржының 89%-ы инженерия мен жаратылыстану ғылымдарына бөлінген. Осыған байланысты ғалымдар да қаражаттың нақты қайда жұмсалғанын рет-ретімен көрсетіп беруін сұрап отыр. Тарихшы Асылбек Бейсенбаев БАҚ-қа берген сұхбатында келтірген деректерде нақтылық жоғын айтқан. Мәселен, космосқа қатысты ғылыми-зерттеу мен еңбекке мынанша қаржы құйылғаны жазылып, нақты не екені (спутник, ракета, жұлдызды аспан картасы) көрсетілмеген. Ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Тағай Қансейітов те бөлінген қаражаттың игерілу жайына күмәнмен қарайды. М.Әуезов атындағы университетте аграрлық факультетте сабақ беретін ұстаз әлі күнге ауылшаруашылық саласына мардымды ғылыми жаңалық енбегенін айтады. «Қойды, табынды алыстан, бір тетік арқылы басқару туралы біраз жылдан бері айтылды. Бірақ нақты өндіріске енгізген жоқ. Әлі күнге шопандар қойдың соңында жүр. Одан бөлек шағылыстыру жұмысы туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Шетелден небір сиыр, бұқа түрлерін сатып аламыз. Алайда соның артықшылығын алу, будандастыру жайы атымен жоқ. Қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз», – дейді Тағай Қансейітов.Шетел тәжірибесі дейміз-ау...
Расымен, есеп бергенімізбен, нәтижесі көрінбейді. Қалай болса да Scopus-қа мақаласы шықса жететін сыңайлы. Аймағамбетовтің айтуынша, 2011 жылмен салыстырғанда аталған басылымға мақала жариялану көрсеткіші 34,5 есеге артқан. Соңғы 5 жылда елдегі әр бесінші ғалымның еңбегі әлемнің үздік 25 журналында басылған екен. Ал сол зерттеулердің ішінде өндіріске еніп, кәдеге жарағаны бірен-саран ғана. Жоғарыда елдің ғылым саласындағы басым бағытын айқындап, соны алға жылжытудың қамына кірісу қажет екені жазылған. Осыны ескерген Өзбекстан Орта Азиядағы жеңіл өнеркәсіп саласында Қытайға бәсекелес болып отыр. Өйткені оларда белгілі бір министрлік жеңіл өнеркәсіпке жауап береді. Мәселен, 2000 жылдан бері Греция, Испания, Португалия, Финляндия, Австрия, Ирландия мен Жаңа Зеландия ғылымды дамытуға күш салды. 2007 жылға қарай аталған елдерде экономикалық өсім байқалды. Мысалы, бір ғана Малайзияны алып қарасақ, елдегі түрлі экономикалық дағдарыстарға қарамастан, ел ғылымды дамытуға айрықша мән берді. Бұл елде электротехника құралдары саласы қарыштап дамып келеді. Ішкі саудада АҚШ, Сингапур, Жапония сияқты елдермен импорт пен экспортты бөлісіп отыр. Қызығы, ел тұрғындары Мексика, Түркия және Бразилиядан бай-қуатты тұрады. Бұл көрсеткішті Дүниежүзілік банк пен Академиялық зерттеу орталығы Малайзия билігі ішкі инновация мен ғылымды дамытуға күш салғаны деп бағалайды. Әйтпесе, Малайзия халқының күнкөрісі – ауыл шаруашылығы, минералды ресурстар мен жеңіл өнеркәсіп саласы. Осы тұста қайта Жолдау мәтіні еске түседі. Президент «Елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет. Оның басты міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ» деген-ді. Мемлекет басшысының нұсқағаны – Ғылыми-технологиялық даму стратегиясы (ҒТДС). Түсіне білгенге бұл – маңызды құжат. Өйткені құжат нобайын елдегі белгілі ғалымдар, технологтер, инженерлер, ғылыми мекемелер біріге отырып жасауы керек. Мұндай құжат дамыған елдердің біразында бар. АҚШ, Жапония, Қытай мен Еуропа елдері осы құжаттың арқасында ғылым көкжиегін кеңейтіп отыр. Аталған құжат елдегі ғылым саласына қатысты біраз проблеманың шешілуіне негіз болады. Мысалы, 2016 жылы ҒТДС қабылдаған Ресей экономикалық даму мен ғылыми-технологиялық дамудың арасындағы негізді жете түсінді. Әрине, Ғылыми-технологиялық даму стратегиясын қабылдар алдында өзге ел тәжірибесін жинақтап, керегін алғанымыз жөн. Белгілі математик Асқар Жұмаділдаев жаңа заманда елге технократтар керегін баса айтқан-ды. Себебі ғылымы мен техникасы дамыған елдің әлемдік рейтингте беделі биік тұрмақ. ЮНЕСКО-ның ғылым туралы 2030 жылға жоспарлаған баяндамасында да осыған қатты мән берілген. Кейбір рейтинг орталығы елдегі ғылымды Scopus сынды журналдарға шыққан мақаламен өлшейді дегенімізбен, іске асыру жағына көбірек мән беру қажеттігі айтпаса да түсінікті.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ