Ал «Қара сөздері» болса, өмірдің ақ пен қарасын, жақсысы мен жаманын айқындап береді. Әлем елдері білім мен ғылымға бағыт алып бара жатқанда, өз халқым алаңсыз жүріп, игіліктерден құр қалып қоймаса екен деп уайымдайды. Халықтың кемшілігін сынайды, болашаққа жол сілтейді. Адам бойындағы кертартпа мінез-құлықтардан арылып, мың батпан кеселдерден құтылып, елінің ертеңі жарқын болуын тілейді. Ұрпаққа сындарлы ойларын, қанатты сөздерін қалдырған. Абай мұраларына үңілсек, осындай ой маржандарын көреміз.
1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның қолдауымен дүниежүзілік деңгейде аталып өткені белгілі. Ұлы ақынға арналған салтанатты жиында баяндама жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келелі ойларды ортаға салған еді. Ол: «Егер Абай болмаса, осы ғасырдың басында-ақ азаматтық кемелдікке, суреткерлік салиқалыққа, стильдік әралуандыққа, заманмен бірге аттап, замандаспен мұңдас бола алатындай әлеуметтік пайымға ие болған жазба әдебиет мектебі: шын мәніндегі Абай мектебі қалыптаспас еді», – дей келіп: «Абай Құнанбайұлының әлемдік санадан өз орнын алатындай елеулі кұбылыс болуы тек оның әдеби ізденістерімен шектелмейді. Әдебиет – Абайдың күллі дүниелік болмысқа, адами, ұлттық, кісілік, тарихи, заманалық болмыстарға бойлайтын кәусар дариясы...» – деп тұшымды пікірін алға тосты.
2019 жылғы 30 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығы шықты. Онда Үкіметке мемлекеттік комиссия құру, жалпыреспубликалық жоспарды бекіту жөнінде тапсырмалар берілді. Сондай-ақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғырту міндеті жүктелді. Ұлы ойшылдың еңбектерін әлемге кең таралған ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз сынды шетелдің он тіліне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық деңгейде тарату жұмыстарын жүзеге асыру көзделді.
Мемлекет басшысының Жарлығы әрбір қазақстандықтың келешекке деген сенімін нығайтты. Ал шетелде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың мәртебесін бір көтеріп тастады.
Биылғы 9 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты кешенді мақаласы жарық көрді. Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігіне тоқталып, ақын шығармаларынан халқымыз мол тағылым алуы тиіс екенін баса айтты. Мемлекет басшысы: «Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады» деген тұжырым жасаған. Өзі көтерген бастамасына сәйкес, «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастырудың маңызына тоқталды. Билік пен халық арасында берік байланыс орнығуы тиіс. Осы мақсатта барлық көкейкесті мәселелерді бірге талқылап, шешімін табу үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.«Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», – дейді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар ақынның өмір жолы, мұрасы туралы бірнеше деректі фильм мен телесериалдар түсірілетіні жоспарланды.
Ақын мерейтойы қарсаңында Үкімет қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып белгіленуі халықтық қуанышқа айналып отыр. Бұл да ұлы ойшылдың өмірі мен шығармаларының кең таралуына жол ашады деп ойлаймын.
Мыңдаған адам қатысатын үлкен іс-шаралар өтпегенімен, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіле береді, насихаттау ісі тоқтап қалмайды. Газет-журналдарға мақалалар жариялануда.
Биыл өткелі тұрған бірқатар мәдени игілікті іс-шаралар жаһандық індетке байланысты кейінге қалдырылды. Дегенмен Абайдың мерейтойы бір жылмен шектеліп қалмайтыны анық.
Қазір өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бүкіл әлемде індетке қарсы күрес жүріп жатыр. Халқымыз қазіргі сынақтан аман-есен өтіп, табыстарға жете беруін тілеймін.
Ал енді Абайдың халықаралық деңгейдегі танымалдығы мен беделі туралы тоқтала кетейін. Өйткені еліңді танытуға келгенде қашанда тарихи тұлғалардың орны бөлек. Әлем жұртшылығы қазақ дегенде алдымен Абайды біледі. Шетелге бара қалсаңыз, «Қайдан келдіңіз?» деп сұрайды. Қазақстаннан келгенімізді білген соң, олар біздің ел туралы білетін мәліметтерін алға тартады. Сонда көп жағдайда ұлы ақынның есімі аталады.
Жаһандық ақпаратқа көз жүгіртсек, әлем елдерінің көбінде Абай ескерткіштері бар, басты қалаларындағы үлкен көшелердің біріне ұлы ақынның есімі берілген. Атап айтқанда, Ресей астанасы Мәскеуде, Венгрия орталығы Будапештте және Францияның Ренн қаласында Абай ескерткіші бой көтерген, Иран астанасы Тегеран қаласында Абай мүсіні орнатылған.
Мысыр, Үндістан астаналары Каирде, Нью-Делиде, Германия орталығы Берлинде, Әзербайжан, Қырғыз бен Тәжікстан астаналары Баку, Бішкек және Душанбеде, Украинаның Киев пен Краматорск, Днепропетровск қалаларында Абай Құнанбайұлының атында көрікті көшелер бар. Лондон қаласында қаламгер Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылғаны белгілі.
Мысалы, парламенттік іссапармен Өзбекстанға барғанымда Ташкент қаласындағы Абайдың ескерткіші мен көшесін көріп, таңғалдым. «Мен осы ұлы ойшыл, дана Абайдың елінен келіп тұрмын!» деген сөз көкейіме келіп, бойымды қуаныш пен мақтаныш сезімі биледі. Бүкіл тұлғасымен бейнеленген биік ескерткіш екі елдің басшыларының қатысуымен 2013 жылы ашылған еді. Өзбекстан мектептерінде тұрақты түрде Абайтану сабақтары өтеді. Бірқатар мектептерге ұлы ақынның есімі берілген. Өзбек халқы ақынның шығармаларын сүйіп оқиды десем, артық болмас.
Жаңалықтар таспасынан Абайдың әні алғаш рет жапон тілінде шырқалғанын оқып, көңіліміз көкке көтерілді. Польшада ұлы ақын бейнеленген пошта маркасы шығарылды. Басқа да алыс шетелдерде ғұлама ақынға көрсетілген құрметтің аз емес екенін жақсы білеміз.
Сондай-ақ Еуропа елдерінде, Жапония мен Оңтүстік Кореяда Абайдың шығармаларына құмартатындар өте көп деп естимін. Тіпті, аударма емес, қазақ тілінде, яғни ақынның өзі жазған мұрасын оқығысы келетіндердің қатары артып келеді. Оған дәлел бірқатар шетелдік танымал азаматтардың Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін қазақ тілінде мәнерлеп оқып, елге насихаттап жүргенін интернет арқылы көріп-біліп отырмыз. Осы орайда, өткен жылы басталған ақынның шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы сәтті бастамалардың бірі болғанын атап өткеніміз жөн.
Сонымен бірге Абайды тек біздің ғалымдар ғана емес, шетелдің білікті ғалымдары да зерттеу үстінде. Олар да Абайтану ғылымына өлшеусіз үлес қосуда. Абайтану ғылымының өзге елдерде кең қанат жая бастауы – өте қуантарлық жайт.
Абай мұраларын жас ұрпақтың санасына сіңірудің маңызы өте зор. Осы орайда, мектептердің оқу процесіне арнайы «Абайтану» пәнінің енгізілгелі жатқаны – қуанарлық жайт.
Ел ішінде және шетелде Абай мұрасын насихаттауда зиялы қауым өкілдерінің атқаратын жұмыстары өте көп деп ойлаймын. Бұл іске барлық адам атсалысқаны абзал.
Абай – сарқылмас қазына. Абайдың өмірі мен шығармашылығы әлі де зерттеле береді деген сенімдемін. Халқымызды қуантатын тың деректер табылуы ықтимал. Өйткені ұлы ақын соңына өлеңдері мен қарасөздерін және көптеген әнін қалдырды. Жалпы, Абайдың мәңгі өшпейтін мұраларын зерттеу, туындыларын насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.
Өзі жазғандай, «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ұлы ойшылға деген халықтың құрметі арта бермек. Оның мерейі мен мәртебесі елмен бірге асқақтай береді.
Фахриддин ҚАРАТАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты