Қордайлықтардың мәселесін «кризистік орталық» шешеді
Түсіндіру тобын ең әуелі облыс әкімдігі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков Қордай ауданына бастап барды. «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу» тобының мүшелері бірнеше елді мекенді аралап, халықпен жүздесті. Бұл топтың басты мақсаты - азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін анықтап, түйінін тарқату. Аудан әкімдігінде өткен жиында Жорабек Баубеков көпшілікті топтың құрамымен және жұмыс жоспарымен таныстырып, сапардың мақсатын тілге тиек етті. – Біздің міндетіміз халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын зерттеп, тұрғындардың проблемаларына құлақ түріп, көмек беру. Әрине, кез келген әлеуметтік мәселе бірінші кезекте жұмыссыздықтан басталады. Содан кейін тұрғындардың тиісті біліммен қамтылуы, денсаулығы сияқты мәселелер бар. Қордай ауданында біз бірнеше елді мекенді аралап, аз қамтылған, көпбалалы және көмекке мұқтаж азаматтармен кездесеміз және бірнеше іс-шара өткіземіз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын насихаттау бағытында да жоспарлы жұмыстар жүргізіледі, – деді Ж.Баубеков. Жиыннан кейін аталған топ мүшелері Әлжан ана мен Степной ауылдарында қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл кездесулерде топ жетекшісі Президент Жолдауын кеңінен насихаттап, жақында ауданда «кризистік орталық» ашылатынын атап өтті. Бұл орталықта тұрғындардың тұрмыстық мәселелерін шешуге арнайы мамандар көмек көрсететін болады. Қоғамдық қабылдау барысында бұқарада топ мүшелеріне көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар ала алды.Кәсіпкерлікке – кең өріс
Ақпараттық топ Жамбыл ауданында ауылдағы бизнесті дамыту бағытында жұмыстар жүргізді. Олардың бағыты Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы «Өнер мектебінде» ауылдық округ әкімдерінің, бөлім басшыларының қатысуымен өткізілген жиыннан бастау алып, Ащыбұлақ ауылында жалғасты. Ауылдық клубта өткен кездесуге шаруалар мен кәсіпкерлер де қатысты. Басқосуды топ жетекшісі, облыс әкімдігі Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Еркін Атымтай ашып, ақпараттық топ жұмысын жіті түсіндірді. – Ауыл – асыраушы сала. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласына айрықша көңіл бөлінуде. Ауылды жерлерде кәсіппен айналысу, кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Талапты орындау – бәрімізге ортақ іс. Бұл бағытта облысымызда бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Бейбітшілік пен келісім» жобасының бір бағыты кәсіпкерлер мен шаруаларға арналған. Біз осы мақсатпен сіздерге келіп отырмыз, – деген Еркін Садуақасұлы шаруалардың кәсіп ашу, оны кеңейту үшін несие алу бойынша қойған сұрақтарына нақты жауап берді. Кездесуден кейін жұмысшы топ аудан аумағындағы өндіріс орындарын аралап, нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты.Мәселе назардан тыс қалмайды
Шырайлы Шу өңірінің де әлеуеті үлкен, мүмкіндігі мол. Аталған ауданға ақпараттық түсіндіру тобын облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов бастап барды. Ең әуелі аудан активімен жиын өткізген ақпараттық топ мүшелері жобаның маңыздылығы мен мақсатына тоқталды. Бұдан кейін аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қорағаты ауылдық округіндегі Мойынқұм орта мектебінде тұрғындармен кездесу өтті. Басқосу барысында облыстың Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Медет Атен ауылдықтарға QazOnline мобильдік қосымшасын таныстырды. Айта кету керек, қазақ тілін үйренуге арналған мобильдік қосымша Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша құрастырылыпты. 16 сабақтан тұратын қосымша жаңа сөздер, оқылым, грамматика, жазылым, тыңдалым және өзін-өзі тексеру бөлімдері мен оларды бекітуге арналған. Қосымшаны кез келген ауыл тұрғыны Play Market және App Store қосымшалары арқылы ұялы телефонына жүктеп ала алады. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да аталған қосымшаға қызығушылық танытып, оның мемлекеттік тілді дамыту ісінде таптырмас құралға айналатынын жеткізді. Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа аудан жастарымен кездесіп, ауылды жердегі жастардың мәселелеріне құлақ түрді. Жастар өз кезегінде ауылдағы мектептің тозығы жеткенін және ұялы байланыстың тым нашарлығын өзекті етіп көтерді. Топ мүшелері аталған мәселелерді назардан тыс қалмай, жұмыс жоспарына енгізетінін жеткізді. Дәл осы күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов, облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Маржан Қожаева, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Рано Убайдуллаева аудандағы этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен жүздесті. Басқосуда ауылды жердегі ұлтаралық татулық мәселесі сөз болып, этномәдени бірлестіктердің жұмысы сараланып, оларды алаңдатқан мәселелер жан-жақты талқыланды. P.S. Міне, осылайша аудандарға ат басын бұрған ақпараттық топ мүшелері алғашқы жұмыстарын бастап кетті. Бес бағытқа бөлінген жұмысшы тобы 7-23 қыркүйек аралығында бес ауданды кезең-кезеңімен аралап өтпек. Жарқын жобаның қорытындысы содан кейін шығарылады. Десе де, «Бейбітшілік пен келісім» жобасы қазірдің өзінде ұлттар мен ұлыстардың ұйытқысына айналып отырғаны даусыз.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы