«Дәрігерлердің кеңесінсіз дәрі-дәрмек қабылдаған» – 943 адамда дәріге жағымсыз реакция тіркелді
«Дәрігерлердің кеңесінсіз дәрі-дәрмек қабылдаған» – 943 адамда дәріге жағымсыз реакция тіркелді
Фото ашық дереккөзден алынды
372
оқылды
Елімізде жыл басынан бері дәрілік препараттардың жанама әсері туралы 943 шағым тіркелген. Шағымдардың басым көпшілігі Алматы (14,2%), Ақтөбе (10%), Шымкент (9,1%) қалаларынан және Павлодар облысынан (13,7%) түсіпті. Бұл жөнінде Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығының баспасөз қызметі хабарлады. Хабарламаларды талдау нәтижесінде жағымсыз әсер негізінен антибактериялық препараттардан (42,1%) анықталған. Сонымен бірге вирусқа қарсы дәрілерден (13,7%) де жағымсыз әсер тіркелген. Бұдан кейінгі орында иммуномодуляциялаушы препараттар (4,6%), қанның ұюына әсер ететін, кедергі келтіретін дәрілер (4,6%) тұр. ДЗМБСҰО бас директорының дәрілік заттар жөніндегі орынбасары Баян Молдахметованың айтуынша, пандемия басталғанда азаматтар дәрігерлердің кеңесінсіз, бақылауынсыз өздері де, балалары да дәрі-дәрмек қабылдаған. «Бұл олардың дәріге деген сезімталдығының төмендеуіне әсер етуі мүмкін екенін біле бермейді. Биыл 8 айда жағымсыз реакциялар туралы келіп түскен шағымдардың саны өткен жылмен салыстырғанда аз, былтыр 1,5 мыңға жуық өтініш түсті. Бірақ бұл азаматтар дәрілерді аз қабылдай бастады деген сөз емес. Қатаң карантин енгізілген кезеңде емханаға баруға шектеу қойылғаны белгілі, соның есебінен ғана аз болып тұр. Әдетте науқастар дәріге жағымсыз әсер анықталса, емдеуші дәрігермен бірге Орталық сайтындағы «сары» картаны толтырады. Егер сізде қандай да бір препаратқа шағым болса, емханаңызға хабарласып, препаратқа деген жағымсыз реакция туралы хабарлауға кеңес береміз», – дейді Б.Молдахметова. Еске сала кетейік, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының www.ndda.kz сайтында дәрі-дәрмек қолданған соң жағымсыз реакция пайда болған азаматтар емдеуші дәрігермен бірге толтыратын карта-хабарлама орналастырылған. Картада дәрілік препараттың барлық жағымсыз әсерін, сондай-ақ медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілмеген әсерін, емдік әсерінің болмауын, дәрінің мөлшерден тыс берілуіне күдік туғанын көрсету қажет.

Тұмар МЫРЗА