Жамбылдың жерінен – Нұр-Сұлтанның төріне
Жамбылдың жерінен – Нұр-Сұлтанның төріне
213
оқылды
Киелі Әулиеата топырағынан Нұр-Сұлтан қаласына керуен аттанды. Керуен құрамында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тауарлары тиелген он жүк көлігі бар. Олар 12-13 қыркүйек аралығында «Хан шатыр» сауда ойын - сауық орталығы жанындағы алаңда өтетін жәрмеңкеде тауарларын өткеретін болады.

Жамбылдықтар елорда тұрғындарына құны 320 миллион теңге болатын 282,6 тонна азық-түлік өнімдерін ұсынбақ. Тоңазытқыштармен жабдықталған автокөліктермен Нұр-Сұлтанға ет, балық, шұжық, сүт, кондитерлік және макарон өнімдері, өсімдік майы, бал, кептірілген жемістер мен көкөністер жеткізілуде. Олардың бәрі нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен бағада сатылатын болады. Өнімдерді Жамбыл облысының 10 ауданы мен Тараз қаласынан 90 ауылшаруашылық тауар өндірушілері ұсынуда.

Ал Т.Рысқұлов ауданынан елордаға «Подгорное» ЖК-нің құны 1,5 миллион теңгенің шұжық өнімдері жөнелтілген. – Бұл өз өнімдерімізді ешқандай делдалдарсыз өткеруге, бәсекелестік ортаны зерделей түсуге жақсы мүмкіндік. Егер елордалықтар біздің өнімдерімізге жоғары сұраныс танытып жатса, онда ол жаққа өз тауарымызды тұрақты түрде жөнелтіп тұратын боламыз, - дейді шұжық цехының басшысы Марина Ильиных. Нұр-Сұлтан Байзақ ауданының «Раушан» шаруа қожалығы Нұр-Сұлтанға қара өрік, алма, жылыжай қияры мен қызанақ, жүзім, ал Жамбыл ауданының «Аса – Даму» ЖШС-і бес мың дана жұмыртқа жіберген. Жәрмеңкеде таластық «Аянұр» және «Айнар» шаруа қожалықтары екі тонна сиыр етінің келісін 1700 теңгеден сатуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, барлық өнімдер санитарлық-ветеринарлық талаптарға сәйкес келеді және тауардың сапасы мен шығуы туралы сертификаттарға ие. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында өткізілуде. Жалпы жыл басынан бері жамбылдық ауылшаруашылық тауар өндірушілері 155 миллиард теңгенің өнімін өндірсе, оның 2,8 пайызы ет өнімдері, 1,9 пайызы сүт өнімдері және 1,7 пайызын жұмыртқа құрайды.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы