Нұрсұлтан Жамбылов қазір жер астынан алынған суды «Меркенское» брендімен бедерленген бөтелкеге құйып, тауарын өткеруде. Қытай елінен 25 миллион теңгеге сатып әкелінген құрылғысы арқылы шипалы суды 250 метрлік тереңдіктен шығаруда. Бұл судың басты ерекшелігі - құрамында барий, бор, марганец, никель, азот қышқылы, берилий, қорғасын, стронций, фтор, ционид сынды химиялық элементтердің бәрі бар.– Былтырғы Жастар жылына орай өңірде жас кәсіпкерлерге берілген бағдарламаға қатысуға үлгермедім. Дегенмен биыл аудан әкімі Мейірхан Өмірбековке бизнес жоспарымды көрсетіп едім, бірден қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде ауданда бірнеше жыл тұралап қалған минералды су өндірісіне жан бітірдім. Бұл кәсіп түріне келуім кездейсоқ емес. Олай дейтінім осы уақытқа дейін еліміздің әр өңірінде болып, табиғи суларын зерттедім. Дегенмен Меркінің суына жететінін кезіктірмедім. Сондықтан осындай артықшылықтарды ескере келе минералды су өндірісін қайта өндіруді бастап кеттім. Әрине бұл іске ағаларым да көмек көрсетіп, ұңғыманы алып берді. Осыны тиімді пайдалану мақсатында өзімнің 25 миллион теңгеме су өңдейтін құрылғы сатып алдым, – дейді Н.Жамбылов. Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, өткен ғасырдың 80-жылдары француз ғалымдары Меркі ұнғымасынан су сынамасын алып, грузиндердің «Borjomі», орыстардың «Ессентуки» минералды суларымен салыстырып көрген екен. Сол кезде Меркі суы бәрінен асып түсіпті. Бұл жайында кәсіпкер аудандағы «Спирт» зауытының мұрағатын ақтару кезінде білген. – Жалпы Меркі жерінің табиғаты ерекше ғой. Ауданның суынан бөлек, ауыл шаруашылығына қатысты кез келген сала өңір бойынша алдыңғы қатарда. Мұны табиғаттың керемет сыйы деп түсінсек те болады. Бүгінде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырсам, әзірге олардың жалақысы 40 мың теңгені құрайды. Жыл соңына қарай қуаттылығымызды 3-4 тоннаға дейін жеткізсек, жұмысшылардың айлығын 100 мың теңгеге жеткізу жоспарда тұр. Бұдан бөлек оларға түрлі әлеуметтік көмек көрсетудің жолдарын да қарастырып қойдық, – дейді Нұрсұлтан Русланұлы. Жеке кәсіпкер өндіріп жатқан судың тағы бір ерекшелігі – ол бауырдағы тастарды тазалап, асқазан ауруларын жазады. Сондай-ақ өт жолдары мен қуық дерттеріне де таптырмайтын дауа. Егер адам осы суды 40 күн тұтынатын болса, ішкі органдары толықтай тазаланып шығады екен. Әзірге 1 және 5 литрлік құтылар арқылы шығарылып жатқан өнім алдағы уақытта Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласына да жетуі мүмкін. Ол үшін қазір қажетті келліссөздер жүргізілуде. Бір анығы арабтардың Меркі суына аңсары ауып тұр.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы