Алматы қаласының Әуезов ауданынан ұсынылған праймериз қатысушысы Ерлік Қасабаевтың сенімді тұлғасы шағымданды. Кандидат Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті жанындағы «Денсаулық» бастауыш партия ұйымына партия мүшелерімен үгіт-насихат кездесуін өткізу туралы өтінішпен жүгінді. Ол БПҰ хатшысы Үміт Жұмаділлаева кездесуді ұйымдастырудан бас тартқанын жеткізді. Оның айтуынша, БПҰ мүшелерінің кімге дауыс беретіні алдын ала шешіліп қойыпты.
Сол күні Әуезов аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша «Денсаулық» БПҰ хатшысы Үміт Жұмаділлаеваға сөгіс жариялау, ал аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Найля Ордабаеваға ескерту жасау ұсынылды.
Тағы бір шағым партияның Орталық аппаратына көпбалалы ана, праймериз қатысушысы Гаухар Танашаевадан келіп түсті. Ол Республикалық қан орталығының «Бірлік» БПҰ партия мүшелерімен кездесу ұйымдастыру туралы өтінішін қабыл алмағанын айтты.
Аудандық партиялық бақылау комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша филиал төрағасы, Бостандық ауданының әкімі Алтай Рақымбетовке сөгіс беру ұсынылды.
«Nur Otan»-да партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың праймеризді «барлық қатысушылар үшін адал, ашық және тең жағдайда» ұйымдастыру туралы тапсырмасы тағы да еске салынды.
Бұған дейін партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те праймериздің ашық, айқын, сенім мен конструктивизм жағдайында өтуі тиіс екенін атап өткен болатын.
– Егер лауазымды тұлға немесе партияның кез келген басқа мүшесі заңсыз әрекеттерге баратын болса, онда біз ең қатаң шараларды қолданамыз. Біз сондай-ақ партия мүшелерінің 80 пайызы «бір дауыс, бір ЖСН, бір IP-мекенжай және бір мобильді нөмір» қағидаты бойынша онлайн дауыс беруін көздейміз. Мұның барлығы қандай да бір жаппай дауыс беруге мәжбүрлеуді болдырмау үшін жасалады. Егер сіздерді скриншотты түсіріп алуға мәжбүрлесе, сіздерді жинаса, кәсіпорын басшысы праймеризге қатысып, маған дауыс беріңіз десе, бізге жасырын түрде ақпарат жолдай аласыз, біз тексереміз, – деп атап өткен еді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.