«Nur Otan» жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Динара Закиева Қазақстан Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында қамтылған партиялықтардың ұсынысы туралы айтты.
Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі кеңесінің отырысында Бас прокуратураға отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты істер бойынша тексеру жүргізу туралы ұсыныс айтылды.
Динара Закиева «Nur Otan» партиясы жанынан өңірлердегі 2 324 жедел әрекет ету топтарымен бірлесе отырып, «Шұғыл қызмет 111» байланыс орталығы жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ кеңес Мәжілістің жұмыс топтарына талқыланып жатқан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша да ұсыныстар енгізді.
Өз кезегінде «Nur Otan» жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы әлі де енгізуді қажет ететін практикалық шаралардың бар екенін жеткізді.
– Бірінші, өңірлерде қажетті инфрақұрылым құру. Біз экономика министрлігіне және барлық облыстың басшыларына бюджеттерді қайта қарау және отбасы мен балалар үшін инфрақұрылым құруға қаражатты қайта бөлу, отбасылармен кешенді және жүйелі жұмыс енгізу, жергілікті жерлерде отбасы істері жөніндегі басқармаларды, отбасыларды қолдау қызметтерін және шалғай аудандарда дағдарыс орталықтарын ашу туралы өтінішпен жүгіндік. Екінші, жазаның бұлтартпастығы қағидатын енгізу және сақтау. Профилактикалық, идеологиялық және алдын алу шаралары сияқты бұл да маңызды. Біз Жоғарғы сотқа балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты істерді қарау кезінде соттардың заңдылықты сақтауын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, бас прокуратурадан қабылданған іс жүргізу шешімдерінің заңдылығына тексеру мен талдау жүргізуді, соңғы жылдары отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларға қатысты қатыгездік фактілеріне байланысты барлық іс бойынша прокурорлық қадағалаудың тиімділігіне талдау жасау туралы ұсынысымызды білдірдік, – деп атап өтті Динара Закиева.