Коронавирус пандемиясы партия ішіндегі сайлауды өткізуге өзгеріс әкелді. Осыған орай үгіт-насихат пен дауыс беруге мүмкіндік туғызатын «Праймериз» ақпараттық жүйесі әзірленіп, енгізілгені мәлім.
Жүйе көмегінің арқасында нұротандықтар партия базасында мәліметтері бар ЖСН және телефон нөмірлері арқылы тіркеле алады. Дауыс беруге тек «Nur Otan» мүшелері ғана қатысады. Онлайн дауыс беру 1-3 қазан аралығында өтеді. Дауыс беру күні жүйеге тіркелген партиялықтар электрондық бюллетеньге кіру мүмкіндігіне ие болып, дауыс береді.
Телефон нөмірі мәліметтер базасында дұрыс көрсетілмеген немесе қызмет көрсетпей жататын жағдайлар да кездеседі. Мұндай кезде, жүйеге тіркелуге әрекет жасалғанда смс-код басқа нөмірге кетіп қалады. «Nur Otan» партиясы Ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Қайрат Нұртаев осындай қиындықтар туындап жатса, базадағы мәліметтерді жаңарту үшін партияның жергілікті филиалдарымен хабарласуы керек екенін айтты.
Тіркеу кезіндегі туындайтын тағы бір проблема – ұялы телефон нөмірі расталғанымен, SMS-кодтың келмей қалуы.
«Ондай кезде мобильді байланысыңның операторымен хабарласқан абзал. SIM-картаны сатып алғанда онда автоматты түрде SMS-таратудан бас тарту қызметі тұрса, смс код келмей қалуы да мүмкін», – дейді Қайрат Нұртаев.
Сондай-ақ партияда «Праймериз» жүйесіне тіркелу мен дауыс беру әр азаматтың өз еркі екені атап өтілді. Кандидат немесе бастауыш партия ұйымы басшылығы тарапынан қандай да бір қысым жасалса, праймериз барысына қатысты өтініштер мен шағымдарды қарастырып, шешім қабылдайтын «Nur Otan» партиялық бақылау комитетіне арыздану керек.
Кез келген азаматтың 8 800 080 44 41 жедел желі телефонына немесе 8 700 800 44 41 WhatsApp нөміріне, komek@nurotan.kz электрондық поштасына, сондай-ақ Facebook (Халыққа Көмек) және Instargam (halykkakomek)-ға хабарласу мүмкіндігі қарастырылған.
Партияішілік сайлауға қатысу үшін 11 мыңдай кандидаттың тіркелгені мәлім. Олардың 37% жуығы – әйелдер, 29,6%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар.