Мәселенің өзектілігін ескере отырып, депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге адамдарды Қазақстанның шегінен тыс жерге шығарып жіберу кезінде ұстау мерзімдерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын әзірледі. Оны өздері бірінші оқылымда мақұлдады.
ІІМ статистикасына жүгінсек, Қазақстанға жыл сайын 6 миллионнан аса шетелдік келеді. Әрине, бұлардың қатарында жұмыс іздеген жатжұрттық еңбек мигранттары мен экспаттар, қызық қуған туристер бар. Олар 2 жыл 8 ай ішінде жалпы саны 220 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық және шамамен 4 мың қылмыс жасапты. Қазіргі уақытта қазақстандық түрмелерде және пробациялық бақылауда 1 мың 300-ден аса шетелдік жазасын өтеуде. Бұлар да кейін елімізден сыртқа шығарып жіберіледі.
Депутаттар бастамашы болған заң жобасы елден қуылудан жалтарып жүргендер табылса, оларды ұстау мерзімін және құқықтық тетігін жетілдіруді көздейді. Бұл оларға қылмыстық, әкімшілік істер және «ерекше өндірістегі істер» бойынша сот актілерін мәжбүрлі түрде орындату үшін қажет. Атап айтқанда, тәртіп бұзған немесе қылмысқа барған шетелдіктерді Қазақстанда қамап ұстаудың 30 тәулікке дейінгі шекті мерзімі енгізіледі. Қолданыстағы заңнамада нақты мерзімі бекітілмеген.
– Бұл жағдай белгілі бір проблемалар туғызды. Енді барлығы қолмен қойғандай жазылады: ең көп дегенде 30 тәулік бойы ұстайды да, содан соң Қазақстанның шегінен тыс жерге шығарып жібереді. Яғни, шетелдіктерді бұрынғыдай айлар бойы ұстап тұруға қаражат шығындалмайды. Менің ойымша, 30 тәулік – барлық ұйымдастырушылық мәселені шешуге жеткілікті. Ал форс-мажорлық жағдайларға келсек, ол сондай кезеңдерде қабылданатын құжаттармен жеке реттеледі. Бірақ мына заңда осы шекті мерзімді белгілейтін норманы қолдауымыз керек, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Тұтастай алғанда, құжат ұлттық заңнамаға адам құқығын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды енгізуге септеседі. Сондай-ақ ол Конституциялық кеңестің шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды елден аластау кезінде ішкі істер органдарының арнайы мекемелерінде қамау мерзімін заң жүзінде қосымша реттеу керегі туралы ұсынысын орындауға бағытталған.
Жиында депутаттар экс-сенатор Михаил Бортникті Есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындап, оны Н.Годунованың командасына қосты.
Отырыста Мәжілістің жаңа басталған 6-шы сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспары бекітілді. Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің байламынша, қорытынды сессия қауырт болғалы тұр. Оның барысында комитеттердің кеңейтілген тақырыптық отырыстары, қоғамды алаңдататын өзекті мәселелер бойынша дөңгелек үстелдер жоспарланған. Оларда экология, агроөнеркәсіп кешені, ғылым, мемлекеттік қызметті жетілдіру және басқа да мәселелер қаузалады.