Президент Қостанайда алдымен балмұздақ және ашытылған сүт өнімдерін өндіретін «Милх» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісімен танысты.
Президентке пастерленген сүт өндірісі мен қайта өңдейтін заманауи жабдықтар көрсетілді. Кәсіпорын тәулігіне 130-150 тонна сүт өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорын сүт өнімдерінің 120-дан астам түрін шығарады, олардың 30%-ы Ресейдің шекаралас аймақтарына экспортталады. Өндірісте 710 адам тұрақты жұмыс тапқан. Шикізатты облыстағы 12 мыңнан астам жеке шаруа қожалықтарынан сатып алады. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның өндіріс қарқынын арттырудың жоспарын біліп, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды енгізудің маңызын атап өтті.
Президент Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты бірқатар міндет қойған-тын. Енді кәсіпкерлерді Жолдауды жүзеге асыруда белсенділік танытуға шақырды.
– Жолдаудың әр сөзін ой елегінен өткіздім. Бұл құжат менің өз қаламымнан шықты. Артық айтылған ештеңе жоқ, бәрін іске асыруға болады. Барлық басшыны, кәсіпкерді Жолдауды толық жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырамын! – деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ ол «Жұмыспен қамту жол картасын» іске асыру мәселесіне мән берді.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекет пен Үкіметке қойылған міндеттерді жүзеге асыру тұрғысынан өте маңызды. Белгілі себептерге байланысты шешімін таппаған көптеген міндет қазіргі уақытта осы Жол картасы арқылы орындалуда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы да, әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері де шешімін тауып келеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қостанай облысында «Заречное ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» ЖШС-ның астық жинау барысымен де танысты. Президентке егін орағы науқанының соңғы кезеңі туралы ақпарат берілді. Бүгінге дейін өңірде дәнді дақылдардың 3,1 млн гектары немесе 76%-ы жиналған, өнімділігі әр гектардан 10 центнерден айналып отыр. Астық жинауға 9 100 комбайн жұмылдырылған, жуық арада дәнді дақылдарды жинау науқаны аяқталады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесуде аграрлық саланың табысты дамуы жалпы ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі фактор екенін баса айтты.
– Қостанай облысының экономикасы жақсы дамып келеді деуге болады. Болашақта бұдан да жақсы боларына сенемін. Алдымызда маңызды міндеттер тұр. Экономикамыз пандемия салдарынан болған сынаққа төтеп бере алды. Биыл өнім жақсы екені көрініп тұр, – деді ол.
Диқандар Мемлекет басшысына ауылдарда жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары мен игі бастамаларды әңгімеледі, әлеуметтік мәселелердің біртіндеп шешімін тауып жатқанын жеткізді.
– Биыл ауыл шаруашылығында да, индустрияда да едәуір жетістікке жетуге тиіспіз. Әсіресе, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу аса маңызды. Тұрғындардың әрқайсысы бізден нақты мәселелердің шешімін күтуде. Менің тапсырмама сәйкес, Үкімет қазіргі уақытта осы мәселелермен айналысуда. Үкімет Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар қабылдады. Табысты болады деп есептеймін. Бірақ бірлесіп жұмыс атқару керек, – деді Қазақстан Президенті.
Кездесуде шаруалар өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және экспорттау мәселелерін көтерді.
– Өнімді өндіру үлкен мәселенің бірі әрі негізгісі. Енді оны нарыққа шығару да маңызды. Үкімет осы мәселемен айналысуы тиіс. Қазір біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында нақты мәселелерді шешумен айналысып жатырмыз. Қарашада президенттердің басшылығымен шекаралас өңірлер басшыларының аймақтық кездесуі өтеді. Пандемияға байланысты қандай форматта өтетіні белгісіз, бірақ өтуі тиіс. Жалпы, ЕАЭО аясындағы интеграцияны дамытуды мақсат тұтатын біздің бағытымыз өз күшінде, – деді Қ.Тоқаев.
Коронавирус індеті салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, диқандар өндірісті сақтап қана қоймай, оның көлемін арттыра алды. Президент еліміздің азық-түлік қорын қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар үшін ауыл еңбеккерлеріне ризашылығын білдіріп, жиын-терім науқанын уақытылы аяқтап, мол өнім алуларына тілектестік білдірді.
Қостанай облысы әкімдігінің дерегінше, 2020 жылы өңірде 4 млн 848 мың гектарға дән егілген. Нәтижесінде, егістік өткен жылғыдан 169 мың гектарға артты: былтыр 4 млн 679 мың гектар болыпты.
Егістік құрылымын әртараптандыру бағдарламасына және биыл жарияланған ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға сәйкес, дәнді дақылдар егіні 2019 жылғыдан 60 мың гектарға ұлғайып, 4 млн 28 мың гектарға жетті. Майлы дақылдар 129 мың гектарға көп себіліп, 639 мың гектарды алып жатыр. 621,4 мың гектар жемазық дақылдарының еншісіне тиді.
Осы күні Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына келді. Ол өңірдегі Қызылжар ауданында егістік алқабын аралап, «Аби жер» ЖШС-нің астық жинау науқанының барысына қанықты.
Президент диқандармен әңгіме барысында СҚО еліміздің маңызды астықты өлкесі екеніне, мұнда әлемдік нарықта сұранысқа ие экологиялық таза, табиғи өнім өндірілетініне екпін түсірді.
– Солтүстік Қазақстан облысы маңызды астықты өлкеміздің бірі. Қазіргі басты мақсат – егіс алқаптарындағы астықты төкпей-шашпай түгелдей жинап алу. Дақылдарды әртараптандыру өте маңызды, әсіресе бұл өнімді экспортқа шығару үшін қажет. Біздің әлеуетті нарығымыз өте үлкен. Солтүстік Қазақстан облысының өнімі әлемде, соның ішінде, Қытайда жоғары бағаланады. Яғни, үлкен мүмкіндіктер бар. Өңірдің әлеуеті зор деп ойлаймын. Жолдауға келетін болсақ, оны жүзеге асырудың барлық тетіктері Үкіметпен, тиісті мамандармен келісілген. Сондықтан оны тек қана орындау керек. Кезінде үлкен, ауқымды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды, алайда бүгінде шағын әрі елге түсінікті ұлттық жобалар керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері және агроөнеркәсіп кешенінің келешегі туралы мәлімет берілді. Облыс әкімінің айтуынша, өңірде аграрлық секторды әртараптандыру жұмысы қызу жүріп жатыр. Майлы дақылдардың алқабы 1 миллион гектарға жуықтаған. Жыл басынан бері агросекторға 61 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов СҚО минералды тыңайтқыштарды пайдалану жөнінен елімізде алдыңғы орында екенін баяндады. Биыл 2,3 млн гектар аумаққа 130 мың тонна тыңайтқыш пайдалану жоспарланған. Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде өнім өндіру көрсеткіші артқан. Алдағы уақытта CLAAS неміс концерні Петропавлда ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруға кіріспек.
Кездесу соңында ел Президенті Қ.Тоқаев диқандардың мол астықты дер кезінде жинап алуына тілектестік білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Үкіметтің қолдауымен еліміздің өзге өңірлерінен СҚО-ның Қызылжар ауданына қоныс аударған отбасылармен кездесті. Оларға арнап Чапаево ауылында баспана салу жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылған екен. Президент жаңа тұрғын үйлерді аралап көрді. Ол келесі жылдан бастап ауыл әкімдері тұңғыш рет жаппай сайланатынын, бұл бастама демократияның айқын көрінісі екенін жеткізді.
– Әкімдер ауылдағы проблемаларды бәрінен жақсы біледі. Демек, ауыл тұрғындары өз мәселелерін ең алдымен сіздерге айтады. Көптеген арыз-шағымды жергілікті жерде шешуге болады. Әсіресе, ауылда ауызсу мәселесін шешу өте өзекті. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асырған жөн. Соның арқасында жергілікті жерлердегі инфрақұрылым дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады. Облыста бұл мәселе тиісті деңгейде іске асырылып жатыр, – деп бағалады Мемлекет басшысы.
Ол мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі мен мембасқару мәселесін тілге тиек етті.
– Өз Жолдауымда мемлекеттік қызмет жүйесі жабық болмауы керек екенін айттым. Бізге ойы ұшқыр, ақылды жастар қажет. Бізде Тұңғыш Президентіміздің саясатының арқасында өте жақсы білім алған жастар көп. Біз мемлекеттік қызметке жастарды шақырамыз, – деді Қ.Тоқаев.
Облыс әкімі Қ.Ақсақалов Президентке өзге өңірлерден көшіп келген дәрігер, мұғалім, механизатор және басқа да мамандық иелеріне гранттар берілетінін, сондай-ақ олар жаңа жалдамалы баспанамен және жұмыспен қамтылатынын хабарлады.
Ауылдарда баспана салуға бағытталған облыстағы осы пилоттық жобаның жүзеге асырылып жатқанына 2 жыл толды. Былтыр жоба аясында елді мекендерде 428 үй салынса, биыл 788 баспана тұрғызылады. 2019 жылы облысқа 736 отбасы, барлығы 2,2 мың адам көшіп келген. Биыл 700 отбасы немесе 2,4 мың адам қоныстанбақ.
Кездесу соңында ауыл әкімдері де, өңірге жаңадан көшіп келген тұрғындар да мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.