Бес күн бұрын өз алаңында Черногория құрамасынан 0:4 есебімен есе жіберген футболшыларымыз бұл жолы Израильден маңызды 3 ұпайды алып қайтты. Бірінші тайм аяқталар тұста Эльхан Астанов есеп ашты. Алаң қожайындары 91-ші минутта қарымта шабуылда таразы басын теңестірген. Дегенмен Алмас Құлшынбаев шәкірттері қайсарлық танытып, 94-ші минутта жеңісті жұлып алды. Шабуылшы Оралхан Өміртаев айып алаңға кіре берер тұста алыс бұрышқа айналдыра соққы бағыттап, теңбіл допты торда тулатты. Осы жеңісінен кейін Қазақстан 10 ұпай еншілеп, топта екінші орынға көтерілді.
Іріктеу сатысын қазақстандық футболшылар сәтті бастаған еді. Алдымен сырт алаңда Фарер аралдарын 3:1, Черногорияны 2:1 есебімен сүріндірді. Одан кейін өз алаңында Испаниядан 0:1, Израильден 1:2 есебімен жеңіліп қалған болатын. Ал бесінші кездесуінде Солтүстік Македониямен 1:1 есебімен тең түсті. Алтыншы ойында өз алаңында Черногорияға 0:4 есебімен жеңіліп, топтағы жағдайымыз қиындай түскен. Жетінші ойында жеңіс біз жақта болды.
Енді Қазақстан жастар құрамасы үш ойын өткізеді. Алдымен 8 қазанда өз алаңында Солтүстік Македониямен кездессе, 13 қазанда сырт алаңда Испаниямен жасыл алаңға шығады. Соңғы ойынында, 17 қарашада Фарер аралдарын қабылдайды.
Естеріңізге сала кетелік, 21 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасындағы Еуропа чемпионаты 2021 жылдың 9-26 маусым аралығында Венгрия және Словенияда өтеді. Онда барлығы 16 құрама бақ сынайды.