Сіз кімсіз, Юрий Ильин мырза?
Сіз кімсіз, Юрий Ильин мырза?
©Жұмабек Айқынұлы
386
оқылды
Ильин Юрий Викторович 1968 жылғы 9 сәуірде Ресейдің Куйбышев қаласында туған. Білімі жоғары, 1989 жылы И.С. Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесі – шынжыр табан және дөңгелекті машинаны пайдалану жөніндегі инженер, 2006 жылы Қырғыз мемлекеттік заң академиясы – заңгер. 1992 жылдың шілде айынан бастап Украинаның Сумск облысы Азаматтық қорғау 390-курстарының оқытушысы,1993 жылдың шілде айынан бастап Украинаның Сумск облысы Азаматтық қорғау 390-курстары бастығының орынбасары болған. Юрий Ильин Қазақстанда да лауазымды қызметтерді атқарғанын білеміз. 2013 жылдың наурыз айынан бастап Алматы қаласы әкімінің орынбасары, 2015 жылдың қазан айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2016 жылдың сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары қызметтерін атқарып келді. Сол кезде Ю. Ильин Владимир Божконың орнына келген болатын. Шені − генерал-майор. Осыдан 7 жыл бұрын «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сағынтаевтың сөгісі...

Былтыр Бақытжан Сағынтаев Премьер-министр болып тұрған кезде Ильинге сөгіс жариялаған еді. Ақпан айының басында болған Астанадағы Көктал-1 тұрғын алабындағы өрттен 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылы туылған бес бала қайтыс болғаны есімізде. Бес баланың қазасынан кейін өрт қауіпсіздігінің алдын алу және қамтамасыз ету жөніндегі дұрыс жұмыс істемегені және бақылауды әлсіреткені үшін Президент Әкімшілігіне істер министрінің орынбасары Ильин Юрий Викторовичке сөгіс жариялау туралы ұсыныс айтқан еді. Ильин Мемлекет басшысының өкімімен тағайындалғандықтан ұсыныстың қабылдануын я болмаса қабылданбауы туралы шешімді Президент Әкімшілігі шешеді. Сол жолы Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккерге және Астана қалалық төтенше жағдайлар департаментінің міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевқа қатаң сөгіс жариялады. Ал Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Барат Дұзақбаевты қызметінен босатылғаны есімізде.

Мемлекеттік қызметшінің сын айтуға құқы жоқ

Сағынтаевтың сынынан кейін Юрий Ильин мәлімедеме жасап былай деді: «Мемлекеттік қызметшінің немесе погон тағып жүрген адамның басшылық шешіміне сын айтуға құқы жоқ. Алған ескертуіміз бен қатаң сөгісіміз объективті деп санаймын. Соған сай шаралар қабылданатын болады. Әрине, бағыныштыларды жазалау емес, қайта алдағы уақытта мұндай оқиғаларға жол бермеу, оны одан ары төмендету тетіктерін әзірлеуге мән беріледі. Бағаны бізге тек қызметкерлер ғана емес, халық та береді деп ойлаймын. Жұмыстардың басым бөлігін қатардағы қызметкерлер атқаратындығын барлық жауапкершілікпен айта аламын. Біз тіркеп отыратын құтқарылған өмір саны - бұл көмек көрсеткен адамдардың ең жоғары бағасы», - деді Ю.Ильин.

Ауласы суға батса, неге біреу келіп тазартып беру керек?

Төтенше жағдайлар министрінің бұған дейінгі берген сұхбатында бұл саладағы кем-кетік мәселелер жайында ойын ашық айтқан екен. Мысалы, көктем келісімен суға батқан үйлер мен ауылдар жайында былай дейді: «Айыппұл салудың қажеті жоқ. Біз жылда болатын жағдайды ескеріп, соның негізінде су басып қалу қаупі жоғары елді мекендерге алдын ала тосқауылдар орнатуымыз қажет. Ең алдымен, адамдар өздері жауапты болуы керек. Қандай да бір төтенше жағдай туындап, ауласын су алса, адамдар біреу сырттан келіп тазартып береді деп күтіп отырады. Егер сіз тұрғын үйдің иесі болсаңыз, онда бұл ең алдымен сіздің міндетіңіз. Сіз қарды уақытылы тазартуыңыз керек, билік тек жолды тазартады», - деді Ю.Ильин.

Мәселе жеке министрлікке қарап қалған жоқ...

Осыдан 4 жыл бұрын «Время» газетінің журналисті Қазақстанда Төтенше жағдайлар министрлігі құрыла ма? деген сұрақ қойыпты. Юрий Ильиннің берген жауабы мынадай: «Бұл сұрақтың жауабын мен шешпеймін. Мәселе жеке министрліктің құрылуында емес. Мәселе нәтижелі жұмыс істей білуде. Мысалы, ІІМ жүйесінде Ұлттық ұланның бөлімшелері бар. Олар күнделікті қызметпен қатар, ТЖ кезінде халыққа көмек көрсетеді. Әскери қызметші болғандықтан қандай да бір жағдай болған кезде үнемі қалай әрекет ету керегін біле бермейді. Біз оларды дайындау және оқыту жүйесін жолға қойып, барлық қажеттіліктермен жабдықтағымыз келеді» , - деді Ю.Ильин.

Бәрі мені Илья Ильиннің туысы дейді...

«Бірге қызметтес болған Ахметжан Есімовке де, Бауыржан Байбекке де ризамын. Иә, 2015 жылдың қазанына дейін мен Алматы әкімінің орынбасары болдым. Содан кейін мені Президент Әкімшілігіне шақырды, онда мен жарты жыл жұмыс істедім, содан кейін Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Мен үшін күтпеген жағдай болды. Маған қатысты кейбір ақпараттар шындыққа жанаспайды. Мысалы, мені чемпион Илья Ильиннің туысы дейтіндер бар. Бірақ менің оған ешқандай қатысым жоқ. Бірақ тегіміз ұқсас болғанын мақтан етемін», - деді Ю.Ильин. Төтенше жағдайлар министрі Ю.Ильиннің отбасылық жағдайы: үйленген, екі ұлы, бір қызы бар. Орыс тілінде сөйлейді. Қазақша түсінеді.

Төтенше жағдайлар министрлігі не үшін керек?

Елімізде 1990 жылдардан бастап Төтенше жағдайлар министрлігінің мәртебесі мен басшылығы бірнеше рет өзгерді. 2014 жылы ТЖ министрлігі жойылды, ал оның өкілеттіктері мен функциялары ҚР ІІМ-ге ауысты. Реформаланған ТЖМ басшысы-комитет төрағасы болды. Бірақ бөлімше қызметіне байланысты басты бұйрықтарды ҚР ІІМ министрі беріп келді. Жаңа министрліктің құзыретіне техногендік және табиғи төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, отты бұру және сөндіру, азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі мәселелерін салааралық үйлестіру, материалдық мемлекеттік резерв құру, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды міндеттер кіреді. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігінің құрамына ТЖК және ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, ҰЭМ Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті кіреді. Министрлікке осыған дейін ІІМ-ге берілген бірқатар функциялар беріледі. Жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар министрлігі республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. «Әрине, еңбекақыны көтеру, лауазымдардың жаңа санаттарын енгізуге қатысты мәселе бар. Бірқатар лауазымды тұлғаның жалақысы өседі. Сонымен қатар, мемлекеттік органды қайта тіркеу, бланк өнімдерін шығаруға қатысты ұйымдастыру жұмысын жүргізу керек. Еңбекақы қорын шамамен 233 миллион теңгеге арттыру көзделіп отыр», – деген еді таяуда журналистермен кездесу барысында Юрий Ильин.