Оның айтуынша, біздің климаттық белдеуде күз-қыс айларының келуіне байланысты өткір жұқпалы аурулар өршиді. Салдарынан жыл сайын Қазақстанда 500 мыңнан 1 миллионға дейін жіті респираторлық-вирустық инфекция тіркеледі. «Осы аурулардың 64 пайызынан жоғарысын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды, бұл әрбір ауырған үш адамның екеуі бала дегенді білдіреді. Жіті респираторлық-вирустық инфекция мен тұмаудың эпидемиологиялық маусымы негізі қазан айында басталып, мамыр айына дейін жалғасады. Биылғы эпидемиологиялық маусымға алаңдауымыздың себебі коронавирусқа байланысты», – деді Ж.Бекенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ол Қазақстанда тұмаудың үш штамы (Н1N1, Н3N2 және В) таралғанын, мұның өткен қыста белгілі болғанын жеткізді. Олар зертханаларда тексеріліп, нақтыланыпты. Сондықтан тұмауға қарсы вакцинаны уақытында алуға кеңес берді. Себебі бұл ауруларға қарсы антидене пайда болуына кемінде екі-үш апта уақыт керек екен.
Әдетте тұмауға қарсы вакцина егу 1 қазанда басталатын. Алайда коронавирус індетіне байланысты биыл науқан екі апта бұрын – 15 қыркүйектен басталмақ. Алматы, Нұр-Сұлтан мен Павлодар қалаларында вакцина егу 10 қыркүйекте басталып кетті. Ол үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында 5 мыңнан астам пункт ұйымдастырылды. Коронавирус инфекциясы мен ЖРВИ маусымына дайындық аясында «СҚ-Фармация» «Гриппол плюс» вакцинасының 2 миллионнан астам дозасын сатып алыпты. Бұл вакцинада Н1N1, Н3N2 және В тұмау штамдарының антигендері бар. Бұл вакцина халықтың 10 проценттен астамын қамтуға мүмкіндік береді.